Хәкім Абай айтпақшы: «Адамның жүректен аяулы жері жоқ». Өйткені: қасиетті Құранда жазылғанындай, адамшылықтың негізі – ар мен иманда, ал иманның орны – жүрек. Сондықтан кейде «көкірек» деген атпен аталатын, адамның жан-дүниесін, ішкі әлемін білдіретін (рухани) Жүрек – асыл дініміздің басты ұғымы, адамшылықтың негізі.
Тура Жолдың қайнары да Жүрек хәліне тәуелді екендігі Құран аятында былай айтылады: «…Алла сендерге иманды жақсы көрсетіп, оны жүректеріңде зейнеттеді. Сондай-ақ, сендерге қарсылықты, бұзақылықты және бас тартуды жек көрсетті. Міне, солар – тура жолдағылар» («Хужурат» сүресі, 7-аят).
Тұрмыс-тіршілігі мен дүниетанымы хақ дін Исламмен біте қайнасып кеткен қазақ үшін «жүрек» деген сөз, оның рухани мағынасы – таңсық емес. Кез келген қазақ «жүрек» дегенде – қан айдайтын кесек етті емес, ар мен иманның мекені болған, ішкі жан-дүниенің баламасы болған рухани жүректі түсінеді. Халқымыздың сөз қолданысындағы «таза жүрек», «ақжүрек», «қаражүрек», «тасжүрек» секілді тіркестер мен ұғымдар – сөзімізге дәлел.
Ақыретке дейін өзгермейтін Алланың Сөзі қасиетті Құранда жүрек «қалб» деген сөзбен беріледі. «Қалб» сөзінің бір мағынасы – «айналып тұрушы, құбылып тұрушы» дегенді білдіреді екен. Яғни, жүрек – әсерленгіш, сезімтал, сол себепті ауытқып тұрушы рухани мүше. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) хадистерінде былай делінеді: «Жүрек әркез құбылып тұратындығы үшін «қалб» деп аталынды. Шын мәнінде, жүректің мысалы талдың түбінде тұрақтаған құстың қауырсыны сияқты. Жел оны ішін сыртына қаратып аударып тұрады»; «Шынында адам баласы жүрегінің құбылуы қатты қайнаған қазандағы нәрсенің аударылып-төңкерілуінен де тезірек» (Ахмад жеткізген).
Ғалымдар: «Жүректі бір ыдыс ретінде елестетуге болады. Ол ыдысқа қандай зат құйсаң, сол затты сақтайды және тек сол затты ғана қайта бере алады», – дейді. Мәселен: иманмен, біліммен, мейіріммен, тағы басқа да жақсы қасиеттермен безендірілген жүректен ізгілік пен жақсылық тарайды. Керісінше, күмәнмен, надандықпен, дүниеқұмарлық пен қатыгездік секілді жамандықтармен толтырылған ауру жүректен жиіркенішті нәрселер ғана тарамақ. Яғни адамның жақсы немесе жаман болуы – жүректің жағдайына тәуелді.
Сол себепті, сүйікті Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) айтқанындай, Жаратқан Иеміздің назары түсетін жүректің саулығы мен тазалығын уайымдау – мұсылман үшін ең басты мәселе: «Алла Тағала сіздердің сыртқы бейнелеріңізге және дүние-мүліктеріңізге қарамайды. Алайда, жүректеріңізге және амалдарыңызға қарайды» (Муслим жеткізген).
Жүректің адам болмысындағы орны туралы атақты сахаба Әбу Хурайра (Ол кісіге Алла разы болсын!) былай дейді: «Жүрек – патша, дене ағзалары – оның әскері. Патша жақсы болса, әскері де қуатты келеді. Егер патша жаман болса, әскері де кесапат болады». Жүрек – сана мен сезімнің патшасы болғандықтан, яғни адамның бүкіл әрекет-амалын бағыттаушы орталық болғандықтан, оны таза сақтау – екі дүние бақытының кілті.
Пенденің мақсаты – Жаратушы дүниеге келтірген кездегі пәк жүрегін сынақ әлемінде кездесер дүние мен пендешілік кірінен аман сақтап, таза күйінде алып шығу; Алла Тағаланың алдына таза жүрекпен бару: «…Ол күні мал да, балалар да пайда бермейді. Кім Аллаға таза жүрекпен келсе ғана – пайда береді (жеңіске жетеді).» («Шұғара» сүресі, 87-89-аяттар.)
Дененің ауырғаны секілді адамның рухани жүрегі де ауруға шалдығады. Хадисте: «Шындығында, пенде күнә жасағанда, оның жүрегіне бір қара дақ түседі. Егер ол тәубе қылса, күнәні тастаса және өзін сөксе, онда оның жүрегі тазарады. Ал егер ол тәубеге келмей тағы күнә жасаса, жүрегі тұтасымен қарайып кеткенше дақ үлкейе береді. «Жоқ! Керісінше, олардың жүректерін істеген қылықтарының таты басты» деген аяттағы айтылған «тат» – дәл осы дақ», – делінеді (Тирмизи мен Насаи жеткізген).
Жүрегіміз Құраннан хабарсыз болса – надандық дертіне, күмән мен күдік дертіне ұрынса, Алла Тағаланың жолдауын ести тұра, мән бермеген пенде – немқұрайдылық пен тәкаппарлық дертіне ұшырайды. Ал нәпсісінің жетегінде кеткен пенде – нәпсіқұмарлық, мақтаншақтық, көреалмаушылық сияқты қауіпті дерттермен жолдас болады. Әзәзіл шайтанның азғыруы мен нәпсінің жамандығынан күнәға батып қарайған, ақыры ауруға шалдыққан жүректі дер кезінде емдемесе, оның ақыры қасіретке апарады: ондай жүрек – жақсы мен жаманды айырудан, ақиқатты көруден ажырап, көрсоқырға айналады. Соқыр болған жүрек өзінің иесін тура жолдан, иманнан адастырып, оны күпірлікке апарады, тіпті оны айуаннан төмен дәрежеге түсіріп жібереді. Бұл жайлы Құран аятында анық айтылған: «…Негізінен, көздері – соқыр емес, бірақ көкіректеріндегі жүректері – соқыр» («Хаж» сүресі, 46-аят).
Жүректің соқыр бола бастағанының белгісі – адамның нәпсі қалауларына ілесіп, дүниеқұмарлыққа салына бастауы; қайдан келіп, не үшін өмір сүріп, қайда кетіп бара жатқанын ойламауы. Ғалымдар: «Жүрек душар болатын дерттердің ең қатерлісі – оның тасқа айналуы, яғни тасжүректік», – дейді. Негізінен, Ақиқаттан хабардар бола тұра, қасарысу мен тәкаппарлық себебінен жазаға ұшырап, ақыл-парасаттан ажыраған, Алла Тағаланың құдіретін танымаған сормаңдай пенделердің жайы Құранда былай айтылады: «…Содан кейін жүректерің қатайып, тастай немесе одан да қаттырақ болды. Шындығында, тастар жарылып, одан өзендер ағады. Кей тастар қақ бөлініп, одан су шығады. Кей тастар Алладан қорқып құлайды. Алла – істегендеріңнен ғапыл емес» («Бақара» сүресі, 74-аят).
Күнә үстіне күнә жамап, ақыры қарайып кеткен, қатайған жүректің иесі – ар-ұяттан ажырап, ақылдан алыстап, айуани кейіпке түседі. Ондай бейбақ, тіпті, одан да төмен дәрежеге құлдырап, айуан істемейтін істерді қиналмастан істейтін болады. Құдайын ұмытып, қасиетін жоғалтқан құлдың тірі жүріп өлікке айналатыны жөнінде пайғамбарымыз Мұхаммед (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) «Алла Тағаланы еске алушы мен еске алмаушының айырмашылығы – тірі мен өлі секілді» деп айтып кеткен. Қазақ мұндай, тәні тірі болғанымен, жүрегі өлген бейбақтарды «тірі өлік» деп атаған.
Жоқтан бар қылған Мейірімді де Құдіретті Иесін таныған, танығандықтан сүйе білген және өзі де Жаратушысының сүйіспеншілігіне лайық болу үшін құлшылық жасап, нәпсісін тәрбиелеп, мінез-құлқын жақсартқан құл – таза жүректің иесі болады. Ал мінез-құлықтың жақсаруы – жүрек орнығып, көңіл тыншығанда, яғни өміріңнің мәні мен мағынасын түсінгенде ғана жүзеге асады; басқаша айтсақ, иман келтіріп, Жаратушыңды танығанда ғана мүмкін болады.
Бұл жөнінде Алла Тағала былай дейді: «Олар иман келтірді және көңілдері Алланы еске алу арқылы жай табады. Естеріңде болсын: Алланы еске алумен жүректер орнығады!» («Рағыд» сүресі, 28-аят.)
Ақиқатында, адамды Адам қылып тұрған – оның рухы немесе жан-дүниесі. Сол себепті жан-дүниенің баламасы ретінде айтылатын Жүректің жағдайы – сол адамның жай-күйін, ішкі хәлін айқындап беретін негіз. Қазақ дүниетанымының шыңы іспеттес Абай хәкім де:
««Алла» деген сөз – жеңіл,
Аллаға ауыз – жол емес.
Ынталы жүрек, шын көңіл,
Өзгесі Хаққа қол емес» – деп түйіндейді.
«Раббымыз, бізді тура жолға салғаннан кейін, жүрегімізді ауытқыта көрмесін, ынталы жүректің иесі қылсын!» деп тілейміз.
Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ