Жай ұстаз хабарлайды,
Жақсы ұстаз түсіндіреді,
Керемет ұстаз көрсетеді.
Ұлы ұстаз шабыттандырады.
Арман қуып, ұстаздық жолды таңдап, ауылдан қалаға келген сәт үнемі көз алдымда. Бауыржан атамыз айтқандай, ұстаздық – ұлық емес, ұлы қызмет деп бағалайтын ауылдағы ең қадірлі ұстаздарымнан алған білімімді ЖОО-да жалғастырамын деп келгенде Орал шаһарында да ең таңдаулы, ең мықты ұстаздарыммен табысып, таныстым.
Студенттік өмір өзінің ерекшелігімен, бостандығымен, қызығымен баурап алады емес пе. Үнемі жаңа бір ізденістер, өзіңді іздеу, қызыққа тоймау, жастықтың бір буырқанған сәттері ғой.
М. Өтемісұлы атындағы БҚМУ-де студентпін. Әр нәрсені білсем деген сұрақтар күндіз-түні мазалайды. Әсіресе көп сауалым дін туралы болатын еді. Сол сауалдармен сабақтан шыға, мешітке қарай барамын.
2005 жылы қаламызда жаңа мешіт ашылып, жақсыны көрмекке дегендей, әрі бір дінді зерделеуге берілген айрықша мүмкіндік ретінде, мешітке баруды жиілеттім. Сол мешіттің ашылуымен, Алланың қалауымен дүниелік мамандығымды игертіп жатқан ұстаздарымнан бөлек, тағы бір ерекше өмірлік ұстазым пайда болды.
2005-2011 жылдар аралығында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Батыс Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы, Орал облыстық орталық мешітінің бас имамы қызметін атқарған, 2008-2011 жылдар аралығында «Орал медресесінің» директоры қызметін қоса атқарған ұстазымыз Смайыл Сүйерқұлұлы Сейтбековті өңір халқы жақсы таниды.
Барлығы күні кеше болғандай үнемі жанымда. Мешітке келген уақытымда бас имамның бөлмесі көбіне ашық, ашық есіктен көретініміз – сымбаты келіскен жігіт, әркез компьютер алдында жұмыс істеп отыратын. Есік қағып кірген жанға, жылы жүзбен қарсы алып, іш бауырына тартатын еді. Өзімнің толғандырған сауалдарымды қойып, бәріне жауап алып, ойымыз бір жерден шығатын, үнемі тиянақты жауаптарымен қайтаратын.
Қай уақытта келсең де жұмыс бөлмесінде отыратыны есте қалды. Кейде намазды өзі бастап, құптан намазын жамағатпен бірге оқитын. Жұма күндерінде уағыз айтып жатқан дауысын алыстан танушы едім. Мешіттің ішкі-сыртқы шаруасына аса мән беретін. Толғандырған сауалдарымды қоюға келіп жүріп, таныстығымыз арта түсті, жақын тани түскен сайын ұстазға деген құрметім мен ықыласым да жоғарылай берді.
Абай атамыз айтқандай, адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан, әрине. Қандай жағдайда да бір түйір болса да жақсы қасиет бойымыздан табылып жатса, ол әлбетте ұстаздарымыздың үлесі деп санаймыз. Студенттік жылдар тәмамдалған соң да, «Орал өңірі» газетінде тілші қызметін жасап жүрген кезімде бас имам Смайыл Сүйерқұлұлы діни мерекелер қарсаңында мақалаларын әкеліп, газетке шығаратын еді. Сыйластығымыз артып, кездесіп тұратын едік. Кейін әскери билет қажет болып, әскерге аттандым. Ұстазымнан жырақтадым. Әскерден оралып, отбасылы болдым, әрі мақсатым өз салам бойынша еңбек ету болған соң, көптеген мекемелерге өтініш қалдырып, жұмыс іздеп жүрдім.
Сол жылдары Алланың үйі деп мешітке де келіп, бас имам Смайыл Сейітбековке жолығып, ол кісіден де жұмыс сұрадым. Жұмыстың ыңғайы болса, аламын деп жылы шыраймен шығарып салды. Бірақ діни білімі жоқ мен мешітте қандай қызмет атқара аламын деген ой өзімді мазалап жүрді, әрине. Әрі қарай мектептерге жолығып, ұстаздығымды жалғастырамын деген ойда жүрмін. Алланың қалауымен сол бірер аптаның ішінде Теректі аудандық «Үміт» гимназиясына да, Орал орталық мешітінің баспасөз қызметіне де орналастым.
Смайыл ұстазым менің жағдайыма түсіністікпен, қамқорлықпен қарап, «Нұрлан, сен ұстазсың, гимназияңа көңіл бөл, мешіттің жаңалықтарын дер кезінде шығарып тұрсаң болғаны. Мешітке осындай уақытқа кел деп айтпаймын, әр істі уақытылы бітіріп отырсаң болды» деп, маған үлкен жеңілдік жасап қойды. Білікті де қамқор басшы, адам жанын терең түсінетін ұстаз ретінде қызметкерлерінің жағдайын жасап отыратын еді.
2011 жылы ұстазым біздің өңірден ауысып кетті. 2011-2013 жылдар аралығында ҚМДБ-ның Діни оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған уақытта да үнемі байланыста болып, хабарласып тұрдым. Кейін 2013 жылдың аяғында Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы, Маңғыстау облыстық орталық мешітінің бас имамы болып келгеннен кейін, ұстазымның тікелей ықпалымен, моральдық та, материалдық та қолдауымен «Дінтанушы» мамандығын меңгеріп, ЖОО-да білім алып шықтым. Смайыл Сүйерқұлұлы қабылдап алған жұмыс орнымда, Аллаға шүкір, міне, әлі де қызметімді жалғастырып келемін.
Смайыл ұстазым жүрегімнен орын алған жан. Былтырғы жылдың соңы мен биылғы жылдың басында өзімді айрықша сезімге бөлеген сәттер болды. Алланың қалауымен жыл соңында ұмра сапары нәсіп болды. Жылдың соңғы аптасында, соңғы жұмасында жұма намазын Айя-София мешітінде оқу бұйырса, жылдың алғашқы аптасында, алғашқы жұмасында жұма намазын күллі мұсылман табаным тіресе деп армандайтын Мекке-Мүкарамада оқыдық.
Бәзбіреулер үшін бұл аса мән беретін жай емес шығар, бірақ мен үшін бұл аса маңызды сәттер. Қасиетті жерге барып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мешітін, Қағбаны көрсем ғой деп, 12 жылдан бері мешітке қызметке кірген сәттен арман болған ойлар. Ел-жұрт жаңа жылды қарсылаймыз деп, шапқылап бір даурыққан кездерде, менің отбасыма шыршаны айналмай, Қағбаны айналуды нәсіп қылған, имандылық жолын берген Раббыма деген сансыз шүкіршіліктер мен осы жолды Алланың қалауымен таңдап келгенде дінді көркем түрде жеткізіп, жас, студент кезімнен тура жолды көрсетуге себепші болған алғашқы діни ұстазым Смайыл ұстазыма деген көңілім мен ыстық жүректен шыққан сезімдеріме Алла куә. Ұлы мекенге сапарлап барып келгелі жүрегімде тұнып жүрген осы сезім міне бүгін бір естелік жазбақ ниетпен қолыма қалам алғызды.
Ағылшын ағартушысы Уильям Уорд айтқандай, мән-жайды түсіндіретін жай ұстаздарым да, көп нәрсені түсіндірген жақсы ұстаздарым да, өмір жолын үлгі етіп көрсеткен керемет ұстаздарым да, үлкен істер мен алға қадам баса беруге шабыттандыратын осындай ұлы ұстаздарым да бар екені маған мақтаныш. Әрдайым қарыздармын, сізге Ұстазым!
Нұрлан САМАТҰЛЫ,
Орал қаласы