Қазақстан – біздің отанымыз, үлкен шаңырағымыз. Шаңырақтың керегесі кең болуына уықтың мықты, бекем болуы әсер етеді. Елімізді еңселі шаңырақ деп есептесек, түрлі ұлттар мен ұлыстардың ауызбіршілікпен бір шаңыраққа ұйысуы зор күшті талап етеді. Демек шаңырақ шайқалмау үшін уық мықты түзілуі тиіс…
18-қазан – Рухани келісім күні. Бұл күн – адамдарды ұлты мен діни сеніміне қарамастан бір қоғамға біріктіретін тұрақтылық пен келісім күні болып аталып келеді. Мерекенің аталып өтуі мемлекетімізде бірлік пен татулық, ауызбіршілік пен сыйластық орнату үшін маңызды.
Қазақ халқы «Отаны бірдің – тілегі бір, тілегі бірдің – жүрегі бір» деп текке айтпаған. Бүгінде асыл Отан аясында жүзі басқа болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір ұлттар мен ұлыстар арасында бейбітшілік пен конфессияаралық келісімді сақталуда. Татулық пен сенімділікті серік етудің нәтижесінде мемлекетіміз өркениетке көш түзеді.
Ислам діні мемлекет пен қоғамда тыныштық орнап, әділдік болуын мақсат етеді. Барша адам баласын осы негізде тәрбиелейтіндігі Қасиетті Құрандағы «Маида» сүресінің 2-аятында расталады: «Бір-бірлеріңе ізгі істерде, тақуалықта көмектесіңдер. Күнә жасауға, дұшпандыққа жәрдемші болмаңдар…». Осы Құрандағы ақиқат бірлік пен татулықты мақсат еткен қоғамда тыныштықтың мерейі үстем болатынын көрсетті.
Рухани келісім, ұлттар мен діндер арасындағы бірлік – баға жетпес байлық. Елімізде Рухани келісім күні – қазақ топырағына бейбітшілік орнатып, тұрақты қоғам құру бастамасына жол ашты дейді түрлі конфессия өкілдері.
Дәстүрлі діндер адамзатты татулық мен мейірімділікке үндейді. Көрші мен көрші, ел мен ел тату болса, әлемде бейбітшілік орнайды дейді дін ғалымдары.
Өмірзақ қажы БЕКҚОЖА, Қарағанды облысының бас имамы:
Бүгінгі Қазақстан қоғамы – әлемнің бір бөлігі. Әлем қандай алуан түрлі адамдардан тұратын болса, мемлекеміміздің тұрғындары Қазақстан атты үлкен отбасының мүшелері. Ендеше бір-біріміздің сат-дәстүрімізге, мәдени құндылықтарымызға құрметпен қарап, сыйластық аясында ғұмыр кешу арқылы әлемді жаратқан, Жаратушының қалауына сай өмір сүрген боламыз.
Қарағанды облысында діни ынтымақтастық пен келісім жоғары деңгейде қалыптасқан десек артық айтқан болмаймыз. Себебі, көптеген шаралар бірігіп өткізіледі. Әр діннің мерекелерінде бір-бірімізге барып, құттықтауымызды жеткізу дәстүрлі түрде жалғасып келеді. Мұқтаж жандарға қайырымдылық акцияларында да ұйымдасамыз. Сол сияқты спорт жарыстарында да ұйымдасатын сәттер орын алады.
Қоғамда әр түрлі ұлт пен ұлыс, түрлі дін өкілдері аралас өмір сүретіндіктен солардың барлығына жақсы қарау, тату тұру – бұл Жаратушының бізден талап ететін қағидаттарының бірі.
Еліміздің дамуы саласында еңбек етіп жүрген баршаларыңызды әлем халықтары құрметпен мойындап отырған қазақстандық толеранттылық моделінің бір көрсеткіші болған Рухани келісім күні қарсаңында құттықтауға рұқсат етіңіздер! Барша халықты мейірімділікке, игілік, бірлікке үндейтін Рухани келісім күні құтты болсын! Әрбір отбасында тыныштық, береке болсын. Жаратушы Иемізден елімізге береке, бірлік, еңселі ел болуымызды тілеймін! Тәуелсіздігіміз мәңгі болғай!
Рухани келісім күні – достық, ауызбіршілік, қонақжайлылық, татулық тәрізді ізгі құндылықтардың басын біріктірді.
Майқы бидің «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді», – деген нақыл сөзі осы ауызбіршіліктің тамаша үлгісін көрсетеді.
Ел ішінде ауызбіршілк пен тұрақтылық болса, татулық орнайды. Татулық бар жерге Алла Тағала әрдайым береке нәсіп етеді. Ынтымағы жоқ елдің ырысы жоғалады.
Дін – бірлік пен татулық орнаған елде ғана көркем насихатталады. Сондықтан Жаратушы Алла «Ағраф» сүресінде: «Жер бетінде тыныштық орнағаннан кейін бүлік жасамаңдар», – деп қатаң ескертеді.
Ел ішінде тыныштықты, ауызбірлікті сақтап ұйымшылдыққа үлес қосу – әрбір қазақстандықтың міндеті. Тәуелсіз елдің ішкі тұтастығы мен тыныштығын сақтау – азаматтық парызымыз әрі мұсылмандық міндетіміз. Татулық пен келісім, бейбітшілдік пен тұрақтылық бар елді бақыт өзі іздеп келеді. Қабан (Қабылиса) жырау да:
Бақыт қайда барасың?
Көршімен болған бірлігі,
Тағат, ғибадат тірлігі
Ұйымшыл елге барамын,- деп жырлаған екен.
Бала Төле би жасы жүзге келіп отырған Әнет бабамен кездесіп ынтымақ, ел бірлігі жөнінде әңгіме өрбітеді. Төле: «Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ?» дегенді сұрайды. Сонда Әнет баба әуелі жауап айтпас бұрын бір бума солқылдақ шыбық алдырады.
– Балам, мынаны сындырып көрші?
Төле буылған шыбықты олай-бұлай иіп сындыра алмайды.
– Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы?
Төле ортасынан буылған шыбықты шешіп, біртіндеп оп-оңай сындырып береді. Әнет баба:
– Бұдан не түсіндің, балам? – дейді. Сонда Төле бала:
– Түсіндім, баба! Бұл мысалыңыздың мәнісі: ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды. «Саяқ жүрген таяқ жейді» демекші, бірлігі, ынтымағы жоқты жау да, дау да оп-оңай алады дегеніңіз ғой.
– Бәрекелді, балам, дұрыс таптың. Ел билеу үшін алдымен елді ауызбірлікке, ынтымаққа шақыра біл. «Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын» дегеннің мәнісі осы, – депті Әнет баба.
«Бірлігі бар елдің белін ешкім сындырмас» деген сөзде терең мән жатыр. Халықтың ынтымағы мен ауызбірлігін сақтау әрдайым өз маңыздылығын жоғалтпасы анық. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз тұрақты болғай! Рухани келісім аясында ұлттар мен ұлыстардың бірлігі арта берсін.
Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ