Бүгін «Анаға тағзым» орталығында «Рухани келісім – бейбітшілік пен бірліктің негізі» тақырыбында Рухани келісім күніне арналған облыстық конференция өтті.
Мерекелік басқосу ғимараттың бірінші қабатына орналасқан суреттер көрмесі мен тарихи экспонаттарды тамашалаудан басталды. Одан соң сәбидің алғашқы қадам басуына арналған тұсаукесер рәсімі жасалып, жиналғандар әртүрлі ұлт өкілдерінің тағамдарынан дәм татысты.
Қызылорда облысы дін істері басқармасы, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ және «Lawyers$Co» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұйымдастыруымен өткізілген іс-шараға облыстық дін істері басқармасының басшысы Д.Ермеков, Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы университеттің аға оқытушысы, тарихшы, PhD докторы Е.Бекбосынов, Түркістан облысының дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің бөлім басшысы Қ.Салықбаев және аймақ бойынша 14 діни бірлестіктердің жетекшілері мен орталық мамандары қатысты.
Конференция мақсаты – қазақстандық қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтып, толеранттылық, рухани келісім идеяларын ілгерілету, азаматтарды ортақ рухани және адамгершілік құндылықтар төңірегінде топтастыру.
Айта кетейік, өңірде 7 конфессия өкілдері қызмет жасап келеді. Оның ішінде 189 мешіт, 15 шіркеу және 2 миссионер діни қызмет атқаруда.
Басқосу барысында М.Әуезов атындағы университеттің аға оқытушысы, тарихшы, PhD докторы Е.Бекбосынов «Рухани келісімді қолдаудағы мемлекет пен діни институттардың рөлі» туралы баяндама жасады. Одан бөлек Түркістан облысының дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің бөлім басшысы Қ.Салықбаев «Көп ұлтты қоғамдағы рухани келісімнің рөлі: Қазақстандағы әртүрлі этникалық және діни топтар арасындағы бірлік пен түсіністіктің маңыздылығы» туралы ойын ортаға салды.
Іс-шара соңында конференцияға қатысушылар рухани келісім мен бейбітшілікті одан әрі нығайтуға уағдаласты.