Өткен жұмада Ақордада ауызашар берген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мәдениетімізді дамытудың маңыздылығына тоқталған.
«Ұлттық мәдениет дегеніміз бұл – мағынасы терең, көпқырлы ұғым. Халқымыздың төл мәдениеті салт-дәстүрден, әдет-ғұрыптан бастау алады. Ұлттық киімнің өзі – ұлт мәдениетінің жарқын көрінісі. Сондықтан ұл-қыздарымыз ұлттық киімді Наурыз мейрамында я болмаса басқа мерекелерде жиі киіп жүрсе, керемет болар еді. Тек мерекеде емес, ұдайы киіп жүрсе де, жарасымды болатыны сөзсіз. Жалпы, ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты», – деді мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы қоғамдағы бейбітшілік пен келісімнің де маңыздылығын атап өткен. «Елден ынтымақ кетсе, мемлекетте даму болмайды, жұрттың болашаққа деген сенімі де азаяды. Сондықтан елдің бірлігі мен ынтымағын сақтау – негізгі міндетіміздің бірі. Бұл баршамыз жұмылып атқаратын жұмыс болуы керек», – дейді президент.
Адамзат баласына шаңырағының түтіні түзу ұшуы үшін береке, бірлік ауадай қажет. Ғасырдан-ғасырға жалғасып, ұрпақтан-ұрпаққа ұласып келе жатқан бірлікті сақтау – ең маңызды міндет. Қоғамдағы бүгінгі ауызбіршілік, тұрақтылық пен туысқандық қарым-қатынастар «бірліктің» берген жемісі деп айта аламыз.
Терең тарихтан тамыр тартқан исламдық дәстүр бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның да іргесін бүтіндеп, тұғырын нықтай түсетін құндылыққа айналды. Бағзы заманнан бері бойына сіңірген ата дінінен Алаш баласы қылышынан қан тамып тұрған кеңестік кезеңде де бүтіндей айнып кетпеді. «Алла бір, Пайғамбар хақ, Құран шын» деп жаттап, аузынан кәлимасын тастамады. Өмірін мұсылманшылықпен байланыстырған халқымыз «кімсің?» деген сұраққа «Аллаға шүкір, мұсылманбыз» деп, шынайы жауабын айтты.
«Дін – дəстүрім, салтым – санам» деп санаған, дəстүрін шариғатпен көркемдеген ата-баба дінін жоғалтып алмай, керісінше, өткеннің озығын бүгінгі игілігімізге жаратуда.
Бүгінде егеменді елімізде тұрғындарды имандылық пен ізгілікке үндейтін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметі кең қанат жаюда. Мемлекетте дәстүрлі діннің тұрақты дамуына жан-жақты қамқорлық жасалыпта отыр. Нәтижеде ислам дінінің қоғамдағы рөлі артып, мұсылман жамағаты еліміздегі рухани құндылықтардың жаңғыруына, тұрақтылықтың орнығуына сүбелі үлес қосуда.
Бір өкініштісі, бүгінде исламға күйе жағып, халқымыздың арасына іріткі салатындардың саны азаймай тұр. Бір ғана тәңіршілдердің өзі әлеуметтік желілерде негізсіз, дәлел дәйексіз әңгімелерін таратып, халық арасында түсініспеушіліктердің орын алуына себеп болуда. Оған кейбір дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегінде жүргендерді тағы да қосыңыз. Мұндайларды салтынан, санасынан ажырап қалғандар дейді дін мамандары.
Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген аталы сөзін тегін айтпаса керек. Әрбір азамат осы қағиданы жадынан шығармаса жақсы болар еді.
Дәстүрлі емес діни ағымдар кез келген радикалды фанатизмге негізделген. Олар өз діни түсініктерін біздің тарихи дәстүрлеріміз бен мәдениетімізден жоғары қояды. Олардың көзқарастары тек шариғатқа, бағзы діни талаптарға негізделген. Керек десеңіз мемлекеттің құрылысын «дұрыс жүйе» деп есептемейді. Мұндай шетін көзқарастар сан ғасырлық тарихымызға, мәдениетімізге қайшы келетіні сөзсіз.
«Қазақтың әдет-ғұрпы әрдайым ізгілікке шақырады. Әрбір салттың терең тәрбиелік мәні бар. Мысалы, ақсақалдарымыз жастарға батасын береді. Жастарымыз үлкеннің алдын кесіп өтпейді, құрметін көрсетеді, ешкімнің ала жібін аттамайды. Халқымыз қашанда қыз баланы сыйлап, қадірлеген. Мұның бәрі дәстүрлі ислам құндылықтарымен тығыз үндеседі», – деп сөздің тоқетерін айтты Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда деструктивті діни идеологияның алдын алуда баршамыз өз үлесімізді қосуымыз қажет екендігі анық. Себебі елдегі тұрақтылық іргетасының қалануына, имандылық аясының кеңеюіне мейлінше үлес қосу – күллі мұсылманның міндеті. Олай болса, жағаны кеңге сала бермей, теріс діни ағымды ұстанушылардың жамағат арасын бұзатын, ауызбіршілікке нұқсан келтіретін, жамағат арасында араздық тудыратын істерінің алдын алу керек.
Халқымыздың ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан ханафи мәзһабы тек бірлікке үндеген. Ислам ғұламалары төрт мәзһабтың арасындағы айырмашылықтарды да қолданып араздық туындату дұрыс еместігін айтады.
Жергілікті халық арнайы бір мәзһабты ұстанып келген болса, онда ол жерге басқа мәзһаб көзқарасын тарату арқылы халықты дүдәмалдыққа салуға болмайтынын еркертеді.
Ал, егер ғасырлар бойы бірнеше мәзһаб қатар ұсталып келе жатса, барлығын бір мәзһабқа мәжбүрлеуге болмайды. Бұл жердегі маңызды мәселе мұсылмандардың, сол елдің бірлігі болуы тиіс. Қазіргі жат ағымдардың соңында кеткен азаматтарымыздың дені бүгінгісін ғана ойлап, діннің шынайы болмысынан шеттегендер.
Дін ұстану дүниеден баз кешу емес. Отанға, елге, жерге, бауырға, ата-анаға деген құрмет мен сүйіспеншіліктің қайнар бұлағы діннен бастау алатынын ұмытпайық.
Дәстүрлі ислам дінінде саф тазалық, керемет көркемдік тұнып тұр. Сол тазалықты, рухани тереңдіктегі тұнықтықты лас ойлармен кірлетпей, адамгершілігімізді жоғалтпайық. Бірлігіміз бекем болсын, ағайын!
Тұрар ӘБУОВ,
дінтанушы-сарапшы