Тарихаттар сенім-наным, фикһтық және әдістемелік негіздеріне байланысты былайша сыныпталады: 1. Ақида, фикһтық һәм әдіснамалық негіздерінде дәстүрлі исламға қайшылығы жоқ – хақ тарихаттар. 2. Алғашқыда хақ тарихат ретінде құрылып, кейін ақида, фикһтық және әдіснамалық негіздері бойынша шариғатқа қайшы ұстанымда болған – сопылық ордендер. 3. Сенім-наным, фикһтық және әдіснамалық негіздері шариғатқа мүлде теріс – батыл тарихаттар. Қазақ жерінде хақ тариқаттар да, соңынан адасқан сопылық бауырласықтар да, батыл тарихаттар да болған. Мысалы, Ясауи, Нахшбанди және Қадарилер хақ тарихат болса, Кубрави тарихаты әу баста хақ тарихат болып құрылып, соңынан бұл тарихаттың кейбір тармақтары шиттік бағытқа ойысып, ортадоксальді бағыттан ауытқыған. Сондай-ақ, Каландар секілді батыл тарихаттар да төбе көрсетіп отырған. Десек те, бұл сопылық бауырластықтар барлығы бір уақытта емес, тарихтың әр кезеңінде өмір сүрген. Орталық Азия мен Дешті-Қыпшақтағы алғашқы құрылған сопылық ұжым ретінде Ясауи тарихатын ауызға аламыз. Тарихаттың негізін салушы Қожа Ахмет Ясауи (1167 ж.қ.б) Д.Кенжетайдың пікірінше Хорасандағы Маламатия тарихатын Түркістан топырағында арықарай жалғастырушысы болса, ал Ф.Көпірұлының дерегінше Қожа Ахмет Ясауи атақты шейх Жүсіп Хамаданидің Ахмет Берки мен Хасан Андакиден кейінгі үшінші халифасы (төртіншісі Абдухалуқ Гуждуани) болған. Қожа Ахмет Ясауи Сайрам қаласында туылып, Түркістан өңірінде Ислам дінін насихаттаған. Хазинидің айтуына қарағанда Қ.А. Ясауйдің 99000 шәкріті болған. Басқа бір аңыз бойынша Қ.А Ясауидің қасында 12000 сопының болғандығы айтылады. Қ.А Ясауидің алғашқы халифасы атақты Арыстан бабтың ұлы Мансұр ата (1197 ж.қ.б), екінші халифасы Сайд ата Хорезми (1218 ж.қ.б), үшінші халифасы атақты Хакім ата Сулейман Бақырғани, төртінші халифасы Мұхаммед Даншмент Зарнұқи. Жалпы Ясауи тарихатын Садыр ата, Бадыр ата, Қажы Бекташ әулие, Сары Салтұқ, Шайық Лұқпан Перенде, Баба Машын, Әмір Әли Хакім, Хасан Бұлғани, Имам Мерғазы, Шайых Осман Мағрифи секілді тұлғалар дамытқан. Ясауия тарихатын өз дәуірінде ғұламалар хақ тарихат санатына жатқызған. Қожа Ахмет Ясауидің өмірін індете зерттеген Ф.Көпірұлы оны Имам Ағзам мәзһәбын ұстанғанын айтады. Қожа Ахмет Ясауи де өз хикметтерінде («Диуани Хикметтің» Қазан нұсқасы) Ханафи мәзһабының артықшылықтарын сөз етеді. Яшар Ожак Ясауи тарихатының таралу кеңістігін үш негізгі жағрафиялық аймаққа таралғанын айтады. 1. Қазіргі Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікістан, Түркменістан, Еділ жағалауының кейбір өңірлері. 2. Үндістан аймағы. 3. Анадолы аймағы. З.Жандарбектің айтуынша Алтын Орда ханы Өзбек (1312-1342) билік құрған тұста Ясауи тарихатына мемлекеттік тұрғыда қолдау көрсетілген. Қазақ хандығын құрушы Керей мен Жәнібек хандардың көшпелі Өзбек мемлекетінің ханы Әбілхайырдан бөлініп, дербес хандық құруына Ясауи тарихаты ықпал еткен. Ф.Көпірұлының пікірінше XVI-XVII ғасырларда Ясауи тарихатының силсиласы үзіліп, өмір сүруін тоқтатқан. Ал, А.Беннигсонның айтуынша Ясауи тарихаты ХІХ-ХХ ғасырдың басына дейін Ферғана жазығында «Лачилар» (Аллашшылар, Алаш) деген атпен өмір сүріп келген. Орталық Азия мен Дешті-Қыпшақтағы хақ тарихаттардың бірі – Нахшбанди тарихатын 1318 жылы Бұқараға жақын Касри Хиндуван ауылында дүниеге келген Бахауаддин Мухаммед Нақшбанди негізін қалады. Бахауаддин нақыштаушы ұста болғандықтан оның құрған тариқатына осы атау берілген. Бахауаддиннің алғашқы ұстазы Хожаған шейхі Мухаммед баба Саммаси (1339 ж.қ.б.) еді. Екінші ұстазы Ясауи тарихатының шейхі Қасымның мүриді болған Мір Әмір Құлал болатын. Сондай-ақ. Бахауаддиннің шейх Мәулана Арифиннің де мүриді болғандығы айтылады. Нахшбанди тарихаты Бахауаддиннің шәкірттері Алладдин Аттар (1400 ж.қ.б.) мен Хожа Мухаммед Фарсы хожа (1420 ж.қ.б.) арқылы дамыды. Негізінен Абу Халиқ Ғиждуанидың сопылық қағидасын ұстанған Бахауаддин Нахшбанди фикһ мәселесінде Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабын ұстанған. Бахауаддин Нахшбанди тарихат мүшелеріне саясатқа араласпауды бұйырғанмен, кейін Хожа Ахрар Убайдулла тарихат басына келгенде “Өзінің әлемдік рухани парызыңды атқару үшін саяси билікті пайдалана білу қажет” деген қағиданы ұстанды. Хожа Ахрардың бұл реформасынан кейін Нахшбанди тарихаты Орта Азияның діни-саяси құқықтық тарихында өзіндік із қалдырды. Ахрар қожаның ісін 1515 ж. бауырластық басшысы болған Ахмет Қасани қожа (1543 жылы қайтыс болған.). Содан кейін джуйбар шейхылары (ХҮІ ғ-дың ор-тасы ХҮІІ ғ-дың аяғы) одан әрі жалғастырды. Ахмет Қасани ұрпақтары саналатын Ақтау және Қаратау қожалары Нахшбандилікті Шығыс Түркістан, Үндістан, Иран, Ирак, Анадолы, Кавказ өңірлеріне таратты. Нақшбанди тариқаты қазақтың кемеңгер ханы Қасым ханның тұсынан бастап Солтүстіктегі көшпелі қазақ жұршылығына әсер ете бастады. Бұл жөнінде Мұхамед Талифтың “Матлаф-ат-Талибин” атты шығармасында баяндалған. Қасым хан Нахшбанди шайхы Әбу Бәкір Садтың муриді болған. Қасымның ұлдары Мамаш, Бұйдаш, Тахир хандардың да Нахшбанди тарихатының шайхыларына қол берген. Шығыстанушы М. Әбусейтова Тәуекел хан өзінің 120 баласымен Нахшбанди шайхы Қожа Ысқаққа мурид болғандығын жазады. Есім хан билік құрған шақта Нахшбанди тариқатына Сыр бойынан арнайы уакфтық жерлер бөліп береді. Ал, Тәуке хан тұсында Ясауи мен Нақшбанди тариқатының құндылықтарын қатар ұстанған Азизан қожалары қазақтың біраз ру-тайпаларына пір болған еді. ХІХ ғасырдағы Бұқарада оқып келіп Қазақ даласында діни қызмет жасаған ахундар мен ишандар да осы Нахшбанди-Мужжадади тарихатының өкілдері болатын. Кеңес үкіметі кезінде Нахшбанди шейхтары қуғындалып, тарихат уақытша өз жұмысын тоқтатқанмен, тәуелсіздік алған жылдары Қоқандағы Ибрахим Хазірет шейх тарапынан Нахшбанди сопыларының қызметі қайтадан жанданды. Бірақ, бұрын Орталық Азияда бір орталықтан басқарылып келген тарихат Ибрахим Хазіреттің 2009 жылы қайтыс болуымен бірнеше тармақтарға бөлініп кетті. А.Беннигсонның зерттеуіне қарағанда ІІ Дүниежүзілік соғысы жылдары Кавказ халықтарының Орталық Азия мен Қазақстанға депортациялануының нәтижесінде чешен-ингуш халықтары ұстанған Қадари тарихаты елімізге келген. Бірақ, А.Муминов пен Б.Бабаджановтың зерттеулеріне қарағанда Орталық Азияның Ферғана жазығында бұрыннан Қадари тарихатының тармақтары діни қызмет жүргізіп келген. Бұл тарихатты Иранның солтүстігіндегі Каспий теңізіне жақын орналасқан Гейлан қаласында дүниеге келген Абдулкадир Гейлани (1165 ж.ө) негізін салған. Абдулкадир 18 жасында Бағдатқа келіп, Абул Галиб б.Бакиллани, Жафар ас Серраж, Абу Бәкір Сусен, Абу Тәліп б. Жүсіп секілді ғалымдардан хадис ілімін, Абу Саид әл-Муһаррими, Абу Хаттаб, Кади Абу Хусеин секілді заңгер ғалымдардан фыкһ ілімін, Шайхы Хаммад Реббас, Абул Дефа, Абу Салих секілді сопылардан сопылық ілімді үйренеді. Ол кейін ұстазы Абу Саидтың орнына Бабулерждегі Медреседе хадис, тафсир, кирағат, фикһ ілімдерінен дәріс береді. Медреседе ұстаз болып жүріп сопылықты да қатар ұстанады. Абдулқадир Гейланидің өзі ханбали мектебінің факиһі (заңгер) бола жүріп шариат пен сопылықтың басын бір арнаға тоғыстырып, жұртшылыққа уағыз-насихат жүргізді. Абдулкадирдың ислам әлемінде ерекше құрметке ие болғаны соншалық, оған тірі кезінде-ақ “ғаус Ағзам” (әулиелердің әулиесі) деген атақ беріледі. Абдулкадирдің шариғат пен сопылықты үйлестіру тәсілін, атақты сопылыққа қарсы тұрушы ибн Таймиенің өзі мақұлдағандығы туралы деректер бар. А.Беннигсон: Орта Азия мен Кавказ аймағында Кадари тарихатының өте күшті, орталықтандырылған құпия және билікке қарсы анағұрлым жақсы дайындығы бар тармақтарының болғандығын айтады. Қазір Қадари тарихатын елімізде негізінен чешен-ингуш ұлтының өкілдері ұстанады. Қазақ даласында із қалдырған тарихаттардың бірі – Нажмуддин Кубра (1145-1221) негізін салған Кубрави бауырластығы десек қателеспейміз. Ол жас кезінде Мысырдағы Рузвихан Әл Беззах әл Мысриддин мүриді болады. Кейін Тебриздегі Әбу Насыр Хабзадан діни білім алады. Сондай-ақ, Аммар Бин Ясир әл Битлиси (1187 ж. қ.б), Исмайл әл Кисридің (1193 ж. қ.б.) де шәкірті болады. Нажмуддин 1185 жылы алғашқы ұстазы Рузвеханиден изажат алып оның ұсынуымен туған жері Хорезмге келіп Кубравие тарихатын құрады. А.Беннигсон Кубравие тарихатының Шағатай ұлысы мен Алтын Орда мемлекетінде Ислам дінін таратуды ықпалы болғандығын айтады. З.Жандарбек Алтын Орда ханы Беркенің Кубравия шейхі Шамсаддин әл Бухаридің мүриді болғанын жеткізеді. Тарихшылар Кубрабиенің Дешті Қыпшақта кең етек алмауының себебін Кубравиенің парсылық мәдениетке тән тарихат екендігін, көшпелілердің дүниетанымы мен ымыраласа алмағандығымен түсіндіреді. 2000-ші жылдары Түркістан қаласындағы «Қожа Ахмет Ясауи» кесенесінің мұрағаттарындағы діни деректерді қарастыру барысында ХІХ ғасырда шаһарда Каландар сопылық қауымдастығының өмір сүргендігіне көз жеткіздік. Қаладағы 69 көшенің бірі Каландар деп аталады. Сондай-ақ, осы атпен махалла мешіті де жұмыс істеген. Кейін Сайрам қаласындағы Шах-Каландар мазарын зерттеп барғанымызда, мұнда да ХІХ ғасырда Каландар сопылық орденінің болғанын білдік. Кеңес үкіметінің 1920 жылдары аталмыш қалаларға билік орнатуымен, Каландарлар қозғалысына тиым салынған. Тарихқа зер салсақ, Каландар тарихатын бұрын Маламати мектебінің өкілі болған Жамаладдин Мухаммеди Жүніс ас-Саваджи (1232ж.ө.) негізін салған. Ол Жебе мен Сүбітай қолбасшылардың Иранға шапқыншылығы кезінде Дамаскіге қашып келіп, осында Каландар тарихатын құрған. Каландар тарихаты аз уақыттың ішінде Марокко, Сирия, Үндістанға дейінгі аралықта өз ілімдерін таратып үлгерді. Каландарлардың ішкі жүйесінде көне үнді және будда дәстүрлерінің әсер етуіне байланысты, мұсылмандық мәдениеттен өзгешелігі болды. Шариғат үкімдері мен тыйымдарына немқұрайлы қарап, намаз оқуды, ораза тұтуды жоққа шығарды. Күн-көріс қамын қайыршылықтан айырып, кезбе тіршілікті үндеді. Тіпті кейбір мүшелеріне үйленуге тыйым салды. Ал, Түркістан мен Сайрамдағы каландарлардың ішкі құрылымы мен діни ритуалдарын зерттегенімізде, олардың шариғат нормаларын (намаз, ораза) жергілікті шарттарға қарай (Ханафи мәзһабы) орындағанын көз жеткіздік. Қауымдастық өкілдері халықтың алдына шығып театрландырылған көрініс жасап (дар ағашында жүру, кір тастарын көтеру, аяғымен шоқ басу, аузымен от үрлеу), діни дастандарды образға кіріп айтып, көпшіліктің ықыласына бөленетін болған. Елдің берген қайыр-садақасынан күнелткен. Олар көбінесе екінші кезектегі азан шақырып ат қою, мәйіт жуу, көр қазу, ішірткі жазып, дем салу секілді рәсімдерді орындаған. Сонымен Кубрави тарихаты Қазақ даласына сіңісе алмады. Кадари тарихатын еліміздегі тек чешен-ингуш диаспорасы ғана ұстанады. Нахшбанди тарихатына Қазақ ақсүйектері қол бергенімен, тарихаттың қатаң шариғаттық рәсімдері халықтық ғұрыпқа айнала қойған жоқ. Еліміздің оңтүстік өлкелеріндегі діни мектептер және кейбір культтік орындардағы діни шырақшылар осы тарихаттан саналғанымен, Нахшбандилік жаппай бұқаралық сипат алған емес. Ал, Ясауи тарихаты ХVII ғасырда силсиласы үзіліп, сопылық бауырластық ұжым ретінде өз жұмысын тоқтатты. ХІХ-ХХ ғасырдағы Ферғана жазығындағы Лачилар Ясауи тарихатының үзігі саналғанымен, бұл құрылымның Қазақ қоғамына тікелей әсері болған емес. Дегенмен, Ясауи тарихаты ұйым ретінде өмір сүрмегенімен, оның діни құндылықтары халықтың мәдениетімен біте-қайнасып кеткен. Қазіргі халықтың діни түсінігі мен ғұрпының қалыптасуына Ясауи тарихатының ықпалы зор. Сөзімізді түйіндейтін болсақ, тарихат құрылымы Орта ғасырларда өзін-өзі ақтаған жүйе саналады. Алайда, ХІХ ғасырдан бастап «адам құқығы» мәселесіне екпін берілгенде, тарихаттардың көпшілігі заманға қарай жаңа әдістемелік жол таба алған жоқ. Осы себептен де тарихат ережесіндегі «пірге байлану» дәстүрін жаңа заман ғұламалары қатаң сынға алды. Бірақ, тарихат жүйесін сынға алу деген сөз – сопылықты жоққа шығару емес. Тек оны іске асырудың тетігі болған бір әдіснаманы (тарихат жүйесін) ғана сынау деп қабылдағанымыз жөн.