Бір күні оның Асад ад-Дин есімді ағасы оған:
– Ей, бауырым, неге отбасын құрудың қамын жасамайсың? Жасың болса ұлғайып барады. Мен саған көрші ауылдағы патшаның қызын ұсынамын. Керек десең сол қызға құда түсіп барайық.
Басын шайқаған Нажм ад-Дин Аюби ағасына:
– Ол патшаның қызы менің ойлаған қыз емес және ол мен үшін қайырлы бола алмайды. Сондықтан, мен әзірге өзіме қайырлы қыз тапқанша отбасын құруға асықпаймын.
Мұндай жауапқа таңдана қараған Асад ад-Дин інісіне:
– Сенің ойыңдағы қайырлы қыз қандай сонда? – деп таңдана сұрайды.
– Мен қолымнан ұстап жәннәтқа жетелейтін жар алғым келеді. Бұған қоса мен жарымнан тәрбиелі, көркем мінезді ұрпақ сүйіп сол ұрпақтан ертең мұсылмандарға Құдыс мешітін алып беретін әскер басы шыққанын қалаймын, – дейді.
Бұл жауапты ұнатпаған Асад ад-Дин інісіне:
– Саған мұндай жар қайдан табылады екен, – деп келемеждейді. Ниетінен таймаған Нажм ад-Дин:
– Кімде-кім Алладан шынайы риясыз ықыласымен тілесе Алла оған береді, -деп орнынан тұрып кетіп қалады.
Содан Нажм ад-Дин базарға өзінің ұстазына барады. Ұстазымен кездесіп біршама әңгіме құрады. Сол сәтте бір қыз келіп араға түсіп ұстазбен сөйлесе кетеді:
– Ұстаз, сіз айтқандай ол жігіттің көркі мен байлығы бар екен. Бірақ, мен ол жігітке тұрмысқа шыға алмаймын, – деді. Ұстаз:
– Неге шыға алмайсың? Ол жігіттің несі ұнамады саған? – деді сұрана.
– Ол мен үшін қайырлы бола алмайды.
Ұстаз:
– Сенің ойыңдағы қайырлы жігіт қандай сонда? – дейді таңырқай.
– Мен қолымнан ұстап жәннәтқа жетелейтін адамға шыққым келеді. Бұған қоса мен жолдасымнан тәрбиелі, көркем мінезді ұрпақ сүйіп, сол ұрпақтан ертең мұсылмандарға Құдыс мешітін алып беретін әскер басы шыққанын қалаймын, – деді бойжеткен.
Мұны естіген Нажм ад-Дин дереу үйіне жүгіріп барып ағасына:
– Мен өзіме қайырлы болатын қыз таптым. Енді соған үйленуіме көмек бере гөр! – дейді. Ағасы жиған-тергенін алып інісі екеуі әлгі қыздың үйіне құда түсіп барады. Сөйтсе қыздың отбасы өте кедей, таршылық көп көрген адамдар болып шығады. Мұны ескерген ағасы Нажм ад-Динге:
– Әлі де болса жақсылап ойлан. Бұл кісілер тым кедей екен. Олардың отбасылық жағдайы біздің жағдайымызға сәйкес келмейді, – дейді. Нажм ад-Дин табандылық танытып:
– Мен ойымнан қайтпаймын және осы қыз мен үшін қайырлы болады, – деді. Содан екеуі шаңырақ көтеріп Тикритте ұлан асыр той болады. Нажм ад-Дин қондырған құсына дән риза болып, бірнеше жылдан кейін шаңырақта Салах ад-Дин Аюби есімді ұл дүниеге келеді. Салах ад-Дин Аюби ер жетіп расымен де салиқалы ұрпаққа айналып, нәтижесінде мұсылмандарға Құдыс мешітін азат етіп алып берген әскер басшы болады.
Осылайша Нажм ад-Дин мен оның жары көрікті әрі мансап иесі болған тұлғалармен отбасын құрудан бас тартып шынайы риясыз ықыластың арқасында көптен күткен ұрпақтарына қол жеткізді.
Жалғас АСХАТҰЛЫ