Жақында Түркияда оқып жатқан қазақстандық дінтанушылардың құрылтайы өткен болатын. Құрылтайда Түркияның 12 қаласындағы ЖОО-ның профессорлары, имам-хатиб лицейлерінде, дінтану факультеттерінің бакалавр, магистратура, доктарантура, білім жетілдіру курстарында білім алып жатқан 200-ге жуық дінтанушы мамандар бас қосқан.
Аталмыш шараның маңыздылығы мен онда көтерілген мәселелер жайында білмек болып құрылтайды ұйымдастырушылардың бірі, Түркияның Кайсери қаласындағы Хасеки академиясының түлегі Роман Бұрқашпен сұхбаттасқан едік.
– Роман Бауыржанұлы, Түркиядағы қазақстандық дінтанушылардың құрылтайын өткізудегі мақсатына тоқтала өтсеңіз?
– Еліміз тәуелсіздік алған уақытта елімізде медреселер мен діни білім беретін оқу орындары болмаған соң, дінімізді үйрену үшін жастарымыздың көрші Тәшкенге, алыстағы Түркия, Сауд Арабиясы мен Мысыр секілді елдерге оқуға кетті.
Аталған елдердің ішіндегі қазақ қоғамына мәдени, әлеуметтік тұрғыдан жақын болып келетін Түркия Республикасына да жастарымыздың дені өз мүмкіндіктерімен, кейбіреулері мемлекеттік бағдарламамен дін ілімдерін үйренуге кетіп жатты. Тәуелсіздік алған күннен бүгінге дейін Түркиядағы имам-хатиб лицейлерінде, Құран курстарында, медреселерде, дінтану факультеттерінің бакалавриатында, магистратура мен доктарантурасында білім алған жастарымыздың саны мыңнан асады.
Ал, қазірдің өзінде бұл салада Түркияның әртүрлі қаласында 300-ден астам студенттеріміз білім алып жатыр. Бұл дегеніміз үлкен көрсеткіш. Сондықтан олардың басын бір қоғамдық ұйым төңірегінде біріге отырып, түрлі жобаларды іске асыру өзіміз үшін де, еліміз үшін де пайдалы деп білдік.
Аталмыш студенттердің дені университеттерде оқиды. Яғни, олар дінді академиялық тұрғыдан зерттеп жатқан болашақ ғалымдар. Сондықтан Түркияда оқып жатқан дінтанушылардың басын қосып, алдағы уақытта бірге жұмыс жасау, олардың жат ағымдардың жетегінде кетіп қалмауларын қадағалау және кез-келген жағдайда көмек қолын созу күттірмейтін мәселе.
Құрылтайдың мақсаты жоғарыда айтылып кеткен мәселелерді шешуге бағытталған алғашқы қадам.
Сонымен қатар, құрылтай дінтанушы жастарды Қазақстанның Түркиядағы елшілігі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен байланыстыратын көпір іспеттес.
Жалпы құрылтай жайлы бастаманы көтерген Ержиес университеті дін социалиалогиясы мамандығы бойынша магистрант Жанұзақ Әлімгерей болатын. Мен соның көмекшісімін десем де болады.
– Құрылтайға студенттерден бөлек басқа кімдер қатысты, қандай мәселелер көтерілді?
– Құрылтайға Түркияның 12 қалаларында оқитын барлық дінтанушылар шақырылды. Сонымен қатар, Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы, ҚМДБ бірінші найб муфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы, Нұр-Мүбәрак университетінің проректоры Қайрат Құрманбаев қатысты. Сонымен қатар құрылтайға Қазақстанның түрлі университеттерінде дәріс берген түрік профессорлары да келді.
Құрылтайда түркиялық ғалымдар өмірлік тәжірбиелерімен бөлісе отырып, дінтану ғылымының артықшылықтарына тоқталса, ал Қазақстаннан келген қонақтар Түркиядағы дінтану факультеттерімен бірлесе отырып жұмыс жасайтындықтарын, бірнеше университетпен өзара шәкірт алмасу жөнінде ынтымақтастық туралы мемарандумға отыратындығын жеткізді.
Жиын барысында ҚМДБ өкілі елдегі дінтанушы студенттерге арналған «Талаба» қауымдастығының бағдарламасымен таныстырды.
Шара соңында магистрант және докторант студенттер өздерінің диссертациялық жұмыстары жайында кеңінен тоқталды.
– Құрылтайда нақты қандай шешімдер қабылданды?
– Құрылтайда көтерілген көптеген мәселелер өз шешімін тапқан секілді, мәселен құрылтай алдағы уақытта жыл сайын әртүрлі қалаларда ұйымдастырылады.
Қазақстандағы «Талаба» қауымдастығы мен Түркиядағы қазақстандық дінтанушылар бірлестігі біріге отырып түрлі жобаларды қолға алатын боламыз. Жобаларды Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен ҚМДБ қолдау көрсете отырып, аталмыш қауымдастықтар студенттердің жол жүру шығындары, медициналық сақтандыру т.б. әлеуметтік мәселелеріне де баса назар аударып, көмек беру жолдарын қарастыратын болады.
Сонымен бірге, студенттер тек құрылтай өткізумен шектелмей қазақстандық дінтанушыларға арналған түрлі тақырыптағы тренинг-семинарлар өткізу, әртүрлі қалаларға мәдени, ғылыми іс-шаралар өткізетін болады.
Дінтанушы студенттердің мақала жазу, кітаптар шығару, классикалық еңбектерді қазақ тіліне аудару, журнал шығару т.б. жұмыстарына қолғабыс білдіретін боламыз.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, ҚМДБ және елшіліктегі жауапты қызметкерлер шет елде оқитын дінтанушылармен жиі кездесулер ұйымдастырып, жас ізденушілердің диссертациялық жұмыс тақырыптарына да жәрдемдесу және барынша өзекті тақырыптарды зерттеулеріне жол ашамыз.
Сондай-ақ, құрылтай жұмысының аясында «Түркияда оқитын қазақстандық дінтанушы студенттердің диссертациялық тақырыптары» атты кітапша жарық көрді. Ол кітапшада тәуелсіздік жылдарынан бүгінге дейін жас ғалымдардың диссертациялық жұмыстарының алғы сөздері жинақталған. Осы кітаптың тиражын арттырып, жыл сайын толықтырылып қайта басылуын қамтамасыз ететін боламыз.
– Құрылтай жұмысы туралы біраз ақпарат алған секілдімін, енді жеке өзіңізге қатысты сауал: қателеспесем музыка мамандығы бойынша колледж бітіріпсіз, музыка саласынан дін саласына неге ауыстыңыз?
– 2009 жылы Оңтүстік Қазақстан саз колледжін бітіріп, Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Халық музыкасы факультетінің сыбызғы класына оқуға түстім. Колледж жылдарында да, консерваторияда да этно-фольклорлық ансамбльдер мүшесі болып, түрлі сахналарда өнер көрсеттік, ғылыми олимпиадаларға қатысып сыбызғы күй мектебі жайында аузын-аулақ теориялық зерттеу жұмыстарымен де айналыстық.
Сонымен қатар мектеп кезінен тарих, әдебиет, дін саласына да қызығушылығым бар болатын. Сол ынтаның жетегінде 2010 жылы ҚазҰУ тарих мамандығына оқуға тапсырып сынақтан өте алмай қалдым.
Келесі жылы түбегейлі дін саласына ауысу мақсатымен ақылы болса да Нұр-Мүбәрак университетінің исламтану мамандығына оқуға қабылдандым. Бұл мені музыканы тастап кетті деген сөз емес.
Қанша жерден дін ғылымына бет қойсақ та қолымыздан домбыра мен сыбызғы түспеді. Бірақ еліме музыкант болғаннан гөрі, дін саласының маманы болып қызмет көрсетсем анағұрлым пайдалы болам деп ойладым. Музыканың мен үшін орны бөлек, дегенмен, бар ғұмырымды тек музыкаға арнауға қимадым.
Арғы атам да күйші әрі етікші болған. Күймен төңірегіндегілерге рухани азық сыйласа, тіккен етігі арқылы халқының материалдық қажеттілігін өтеген.
Біздікі де сол ата жолы іспетті. Қолдан келгенше екі салада да қызмет жасау. Кейде достарым күйшілердің арасында дінтанушы, дінтанушылардың арасында күйші болып жүрсің дейді әзілдеп.
Жалпы жеке өзім музыканы харам деп есептемеймін. Оған исламтанушы ретінде өз дәлелдерім бар (сынға ашықпын).
– Алдағы жоспарыңыз қандай?
– Биыл Түркияның Кайсери қаласындағы Хасеки академиясын бітіріп жатырмыз. Алла қаласа алдағы уақытта магистратура оқымақ ниетіміз бар.
– Ниетіңізге жетіңіз, уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Тұрар Түгелұлы