Құран – үкімдері адам тәбиғатына лайықты етіліп түскен әрі пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) іс-әрекетімен үлгісі көрсетілген кітап.
Адам баласы Құрандағы міндеттерді орындап, тыйымдарынан тыйылуға бұйырылған. Бұл өркениетті ортаны қалыптастырудың басты шарты болса, Құранда басқа шарттары да ұсынылады. Түсінікті болу үшін бір-екеуін мысалға келтіре кетелік.
Әуелгісі, ғылым іздеу, даналыққа ұмтылу. Қасиетті Құранда: «Әр елден (әр қоғамнан) бір топ адам діни ілімдерді бүге-шігесіне дейін терең меңгеріп, қайтып оралғанда қауымына жат қылықтардан аулақ жүруін ескертуі (яғни, оларға жөн сілтеп, шариғат талаптарын үйретуі) керек емес пе?!» («Тәубе» сүресі, 122-аят) делінеді. Бұл аятта бір елді-мекенде өмір сүрген халық арасынан бір тобын дін білімін үйреніп, қайта келіп үйретуі үшін, тіпті, жат қылықтың қатарына жаратылыс ғылымынан артта қалуды да кіргізетін болсақ, дүние білімін үйретін бір топ адамды да ғылым-білім жолына жіберулері міндеттеліп тұр.
Аллаға шүкір елімізде дін білімін терең оқытатын да, пән білімін оқытатын да ЖОО бар, мемлекеттік грант та жылдан-жылға артып келе жатыр. Әйткенмен, бүгінде сол ЖОО бітірген дін мамандары мемлекеттен айлық алмайды, пән білімі мұғалімдерінің айлығы мәз емес. Айлығы төмен болғандықтан, мықты мамандар ауылды елді-мекендерге жұмысқа бармайды, тіпті, мектепті жақсы оқыған балалар бұл мамандықтарға көп қызыға бермейді. Бұл еліміз үшін де, ертеңіміз үшін де алаңдатарлық мәселе болып табылады.
Осы жерде мынандай бір ойыммен бөлісе кеткенді жөн санадым. Ол – жастарды, әсіресе, ер балаларды көбірек мұғалімдік мамандыққа тарту. Ол үшін иманды азаматтар тарапынан «Қоғамдық қолдау қоры» секілді үкіметтік емес ұйым ашылып, сол қор арқылы мұғалімдік мамандық жетілдірілсе, мұғалімдік мамандықты таңдаған балаларға университетте алаңсыз оқуы үшін, яғни, ыңғайлы жатахана, білімін дамытуға көмектесу, қосымша шәкірт ақы тағайындау (шәкірт ақысы жетпей, қосымша жұмыс істеп кетпеуі үшін) және имани тәрбие де берілуі қажет. Оларға қолдау тек университет кезеңімен шектелмей, ертең алыс ауылды жерлерге мұғалім болып барғандарға да айлығына қосымша қолдау көрсетіліп отыру керек секілді. Сонда имандылық пен мұғалімдік мамандығын қатар дамытқан жастар, еліміздің түкпір-түкпіріне барып еңбек ете алады. Бұл еліміздің көп ұзамай мықты елдердің қатарына айналуына өз септігін тигізері де сөзсіз. Өйткені, ұрпағымызды иманды, ер мінезді, еліне шынайы жаны ашитын, жауапты ісінің мықты маманы етіп тәрбиелейтін, ол – мұғалімдер. Сондықтан, мұғалімдер қауымының мәселесін шешуде мемлекет болып, халық болып жұмыла жұмыс жасалуы тиіс деп білемін.
Екіншісі, жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тыю. Қасиетті Құранда: «(Уа, мүміндер!) Араларыңдағы (ел-жұртты) ізгілікке шақырып, жақсылықты бұйыратын һәм жамандықтан тыятындар, міне, солар – (екі дүниеде де) азаптан құтылып, мақсат-мұратына жеткендер» («Әл-Ғимран» сүресі, 104-аят) делінеді. Бұл аятта әрбір адам өзінің хәл-қадәрінше ізгіліктің жаршысы болуымен ғана екі дүние бақытына қол жеткізе алатындығы айтылып тұр.
Бүгінде бір бөлім дін жанашыры болатын ер-азаматтардың өзі қоғамдық істерге араласқысы келмей, «Әуелі өз отбасымды түзеп алайын», «Адамдарды жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю менің ісім емес» және «Бұл дін адамдарының жұмысы» деген секілді кертартпа көзқарасты алға тарту арқылы имандылық, азаматтық жауапкершілігін мойнына алғысы келмейді.
Бұдан ел-жұртты ізгілікке шақыру белгілі бір адамдардың ғана ісі ме, жоқ әлде ұйысып істейтін көптің жұмысы ма? деген сұрақ туындайды. Әрине, бұл көптің ісі. Себебі, сіз осы қоғамда өмір сүресіз, осы қоғамның адамдарымен бірге жұмыс істеп, тіршілік етесіз. Балаңыз өзгелердің балаларымен бірге ойнап, бірге білім алады. Өмір – қауымдастықтан тұрады. Жеке дара өмір сүру мүмкін емес. Демек, сіз бен біз бақытты болуымыз өзгелердің де бақытты болуымен немесе олардың жамандықтан тыйылып, жақсылыққа бет бұруымен болмақ.
Адам білгенін, қолынан келген жақсылықты әуелі отбасы, бала-шағасынан бастауы керек. Сосын айналасындағы туыс-туған, дос-жарандары және әріптестерімен жалғаса береді. Адам көп жағдайда ұстанған дінінің (мәселен исламның) хақтығын, әдемілігін отбасы және туыс-туғаныңа мейірім танытумен, ал бірге жұмыс істейтіндерге ісіне адал болуымен көрсете алады. Сонымен қатар, оларға керек кезінде дінді жақсылап түсіндіру, сыйластық таныту сынды басқа қырлары да бар. Ал өзің күнде араласпайтын, танымайтын халқыңа, ел-жұртыңа Хақ дінді қалай түсіндіруге, оларды қалай жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыюға болады? делінсе, оның жауабы ретінде, БАҚ арқылы жақсы іске асады десек қателеспейміз. Яғни, білімді адамдардың жазған-сызғанын, айтқан уағыз-насихатын БАҚ арқылы адамдар жол-жөнекей, жұмыста және үйінде шәй ішіп отырып оқи да, тыңдай да алады.
Білім адамдары білімін дұрыс жеткізуге тырысса, өзгелер сол білім адамдарының ғылым-біліммен еркін айналысуына, ақиқатты дұрыс жеткізуіне қолдау көрсетуі керек. Сонда әрбір адам отбасы, туыс-туған, жора-жолдас және өмір сүрген қоғамындағы өзге адамдардың да ақиқатпен танысуына өз үлесін қосқан болады. Жақсылыққа үндеп, жамандықтан қайтару – мұсылмандық парызы мойнынан түседі.
Қорыта айтар болсақ, мұсылман қоғамы алғашқы қалыптасу кезеңдерінде адамдардың Алланы мойындамауы, топ-топқа бөлінген алауыздық, өсімқорлық, араққұмарлық, қыз балаларды тірідей көму және теңсіздік сияқты қиындықтарды бастан кешті.
Алайда, адамдарға дінді хикметпен түсіндіре отырып, жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тыю ісін күш біріктірдің нәтижесінде жемісті ете білді. Кешегі түрлі күнәлі іс кең таралған жәһилият қоғамын танымасдай етіп өзгертті. Сол діни-тарихи тәжірибеден өткен кешегі игілікті іс, бүгінде неге қайта жаңғырмауы керек, неге қоғамдағы жаман іс-әрекеттер, жақсы қасиеттерге өзгермеуі тиіс?!
Самет Оқанұлы,
исламтанушы