Өмір мен өлім арасы
Алғашқы «Жусан» операциясының аясында Сириядан 47 адам, ал кейінгі операциядан 231 адам елге оралды. Қарап отырсам, шағын бір ауылдың халқы. Демек «Жусан» операциясы бір ауыл халқын елге аман есен қауыштырды. Қазақстан азаматтарының қай жерде болса да, олардың тағдырына деген алаңдатушылығын көрсетті. Әлі де елден жырақта жүрген қандастарымыз қаншама? Сирияда тағдыры сергелдеңге түскен отандастарымызды елге қайтару ісі қолға алынғанда қаншама жанның көзінде үміт оты жанды. Күрмеуі қиын істің жібі тарқатылды. Сириядағы соғыс аймағынан қазақстандықтарды елге қайтару операциясы сәтті орындалды. Әрине өмір мен өлімнің арасында жүргендерді құтқару оңайға соқпағаны да анық.
Шетін көзқараспен шектен шығып, шетел асып, аңдаусызда адасып қалғандар елге оралғаны айып емес. Өйткені олар өмірдің түзу даңғылынан бұралаң жолына ойда жоқта түсті. Қанды қырғын арасынан береке таппаған олар бейбіт өмір мен тыныштық деген бақытқа зар болды. Байыппен қарасақ, Сирияға барып өмірі сергелдеңге түскен қазақтардың қарасы аз емес. Олардың көбісі желідегі жалған ақпараттарға иланып, ақиқаттан адасқандар. Бұл ретте ойға келетіні, ақпараттық қауіпсіздік мәселесі. Жастардың ғаламтор бетінде қандай ақпаратпен сусындап отырғанын ата-ана бақылауына ұстауы керек. Ал бақылаусыз жалғаса берсе, ертеңгі ұрпақтың толыққанды діни сауаты ашылмай жатып, рухани арнасын араны ашық адастырушылар өз толқынына алып ұру ықтималдығы зор. Сондай-ақ, шетін көзқарастағылар азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, діни сеніміне нұқсан келтіретін, отбасының бұзылуына, т.б. бүлдіргіш әрекеттерге себеп болған нақты жағдайлар айқындалғанда бұған өз құзыреттері шегінде құқықтық органдар да араласып, тиісті шаралар қолданатыны белгілі.
Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ
«Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ, Оларға жөн арамның сөзін ұқпақ». Бұл – Абайдың сонау 1886 жылы жазған өлеңі. Ақын өлеңінің осы екі қатар үзіндісі қазіргі қоғамдағы шетін көзқарастың жетегіне кеткен, адасқан азаматтардың жөн сөзді ұқпайтынын, олар тек өздерінің жалған шейхтерінің сөзінен аса алмайтынын дөп басып айтқандай. Ал бүгінде ресми органдардың өкілдері Сирия мен басқа да қақтығыс аймақтарына кеткендердің көпшілігі интернет арқылы шетелдік жалған «шейхтердің» арбауына түсіп қалғандығын айтады.
Сириядан оралған азаматтардың өмірі – өзгелерге өмірлік сабақ. Мүмкін ел ішінде әлі де Сирияны армандап жүргендер болуы мүмкін. Сирияны аңсамаса да елдің тыныштығын бағалай алмай жүргендері қаншама. Адасқандарына қарамай менікі жөн деп, қоғамға зардабын тигізіп жүргендер үшін «Жусан» операциясы арқылы елге оралғандардың өмірі үлкен сабақ болуы тиіс.
Қазіргі таңда әр өңірде деструктивті діни ағымның жетегінде жүрген азаматтарды оңалту жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесіне қарап көңіліміз толмайтыны тағы бар. Қоғамға қайта бейімделген азаматтардың қарасы да тым аз көрінеді. Кейде өз-өзімізді «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» деп жұбатып жататынымыз тағы бар. Әрине, «Адасқанның айыбы жоқ… егер қателігін түсініп, тура жолға түссе». Бірақ түзу жолды көрсетіп жүрген мамандардың сөзіне құлақ түріп жүрген олар жоқ. Олар дегенім – «менікі дұрыс» деген кейіпте шолақ шалбар киіп, қалай болса солай сақалын өсіріп, басқалардан ерекшеленіп тұратындар. Тіпті, кейбіреулері қулыққа басып сақал-мұртын күзеп, шалбарының балағын да түзеп, екінші бір кейпіне түсіпті. Осылардың осыншама өзгеруіне кім əсер етті екен деп ата-аналары мен жақындары түсінбей дал болып жүр. Берісі әлеуметтік желілер арқылы жалған уағызшылардың теріс ұстанымдарын жарнамалап жауапкершілікке тартылса, арысына қылмыстық іс қозғалып, біразы бірнеше жылға сотталып та кетті. Кейбіреулері сотталғандарына да шүкір етіп жүр. Бәлкім сотталмасақ Сирияға кетіп, жоқ болар ма едік деп аман қалғанына тəубе еткендері де бар.
«Дін ұстануым өзім үшін»
Бұл – радикалды көзқарасынан қайтқан Семейлік Данияр есімді азаматтың сөзі. «Дінді ұстансам, өзім үшін ұстанамын. Алланың алдындағы бес парызымды орындап, теріс ағымдардың ықпалына енді түспеймін, енді ешкімге тіліммен де, қолыммен де өзгелерге зиян келтірмеймін» дейді ол. Ең бастысы, ол өз ортасына оралғанына қуанышты. «Бағалай білгенге бақ келеді, қадірлей білгенге құт қонады» деген сөздің астарын енді түсінгендей.
Бақ деген – бүгінге ғана емес, келешектің де үлесіне тиесілі құндылық.
Әу бастағы қазақ мұсылманшылығына күмәнмен қараған азамат бүгінде қазақтың да «әл-мисақтан» бері мұсылманмын деген сеніміне табан тіреген.
Үлгілі мұсылман мемлекет заңдарын сыйлайды
Исламның бір ойшыл ғұламасы әл-Фудайл бин Ияд бірде: «Егер маған Алла анық қабыл ететін бір дұға жасауға мұрсат берсе, онда мен біздің сұлтанымызға игілік тілеп, дұға жасар едім» деген екен. Сонда маңындағылар оның себебін сұрағанда: «Мен өзім үшін дұға етсем, дұғам өзімнен өзге ешкімге пайда әкелмес. Ал сұлтанымызға дұға етіп, оған Алланың мейірімі түссе, онда көптеген ұлттар, ұлыстар мейірімге бөленер еді», – деп жауап қайырыпты. Демек, елдің келешегі жүктелген азаматтарға дұға жасап, оларға Алладан игілік тілейді.
Демек, Ислам – қоғам ішінде бейбіт өмір мен тәртіп сақтауға шақыратын дін. Бұл әрбір адамның Алланың алдындағы, өзгелердің міндетіндегі мұсылман талаптарын толық орындауына мүмкіндік береді. Олай болса, үлгілі мұсылман өз мемлекетіндегі заңдарды сыйлайды, онда қоғамдық-саяси тұрақтылық пен тыныштық болуын қалайды, оның экономикалық жағынан өрістеуіне де қажыр-қайрат жұмсайды. Сол себептен Тәңірдің тарту еткен, ата-бабаларымыздың күш-жігерімен қорғалған елімізде бейбіт тірлік етіп, бірлігімізді мызғымастай бекітуіміз керек. Осы ынтымағымыз ұйып, ырысымыз артып, берекеміз тасып отырған елде біздің басты борышымыз – тыныштықты сақтау. Бұл сөзімізге Хазіреті Әлидің (р.ғ.) «Ризығына риза адам тыныштықта өмір сүреді» дегені дәлел.
Ислам бес нәрсені қорғауды міндеттейді
Исламда бес нәрсені: Отанды, дініңді, ұятыңды, жаныңды, дүниеңді қызғыштай қорғау міндеттеледі. Осы құндылықтарды қорғау жолында қайтыс болғандар шейіттер қатарынан саналады. Отанды қорғау жолында, ұлтымыздың жарқын болашағы үшін басын бәйгеге тіккендерді шейіттер қатарына қосып, Жаратушы Иемізден жәннаттан жай бұйыртуын тілейміз.
Осы ретте, бейкүнә жандарды бомбамен жарып, шаһид атанғысы келгендер ше? Олар жәннатқа кіре ме? Жоқ. Қасиетті Құранда: «Жазықсыз бір адамды өлтіру бүкіл адамзатты өлтірумен тең» («Маида» сүресі, 32-аят) делінген. Сондықтан мұсылмандар дәйім бейбіт өмірді, тату-тәтті тірлікті жақтайды.
Татулықтың тамыры тереңге жайылған қазақ еліндегі азаматтардың бір-бірімен жараса өмір сүруі – теңдессіз бақыт. Сондықтан жылдар бойы аспаннан «ажал бұршағы» жауған елді аңсағанша, табанының астындағы қара жері де несібесін молайтып тұрған туған елде, бейбіт мемлекетте өмір сүріп, ұрпақ жалғастырған әлдеқайда дұрыс.
Отанды сүю – өз халқын, өмір сүріп жатқан жерін, бұлармен сабақтасып жатқан барлық құндылықтарды сүю деген сөз.
Иә, мұсылманға туған жерін таңдау еркі берілмеген, алайда, ол өз туған жері үшін жауапты. Ол өз тағдырын туған жерімен, Отанымен біте қайнастыра сезініп, олардың өркендеуіне, рухани гүлденуіне жауапкер санауы тиіс.
Сіз не дейсіз?
Мұхан Исахан, дінтанушы, PhD доктор:
– Реаблитациялық жұмыспен шұғылданғанымызға біраз жыл өтті. Түзету колониясында Сирияға барып келген қаншама азаматтармен кездесіп, оңалту жұмысын жүргіздім. Әрине, олардың «жиһад» деп желігуіне көптеген факторлар әсер еткен. Соның ең бастысы – діни сауатсыздық, діни құндылықтарды теріс түсіну және рационалды ойлауды жоғалтып алуы еді.
Әлбетте, жас балалар мен әйелдерге кінә арта алмаймыз. Ақпарат көздерінде «Жусан-2» операциясының видеосы жарияланды. «Адасқанның айыбы жоқ қайта үйірін тапқан соң» демекші, Қазақстан Сириядағы өз азаматтарының тағдырына бейжай қарамай, қиын шақта оларға қол ұшын созып, елге әкеліп жатыр. Аллаға мың да бір шүкір дейміз, панасына алып, қамқорлық көрсететін осындай тәуелсіз мемлекетіміздің барына.
Кеңшілік ТЫШХАН, дінтанушы, философия ғ.к.:
– Кішкентай балалар елге келгенде ұшақтан түскен кезде шешелерінен «Мына жерге бомба түспей ме?» деп сұраған екен. Балалардың от пен оқтан үрейленгені соншалықты болмысындағы үнді осылайша жеткізген. Сирияда сүреңсіз өмір сүріп жатқан, елге әлі де қайтарылуға тиісті азаматтар саны аз емес. Демек бір емес, біздің жүздеген үмітімізге бұрқыраған оқтың астында қалу қаупі бар. Балалар әр күнін бомба түспей ме деген үреймен өткізіп жатқаны өкінішті! Қателік жасайтын ата-ана, бірақ зияны жас балаларға тиіп жатыр. Олардың бейкүнә жүректері еш уайымсыз соғып, балалықтың бал дәуренін алаңсыз өткізуге тиісті шақта «жараланды».
Тұрар ӘБУОВ,
дінтанушы