«Нұр-Мүбарак» Египет ислам университетінің аға оқы тушысы, Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Ризабек Батталұлы жуырда іссапармен Ұлытау облысында болған еді. Сол кезде жүздесіп, көкейіміздегі кейбір сұрақтарға жауап алдық.
– Жақында ғана Жаңа жыл мерекесін атап өттік. Сол мереке қар саңында əртүрлі пікірлер айтылды. Кейбір азаматтарымыз «Мұсылмандар үшін екі ғана мереке – Ораза айт пен Құрбан айт ғана бар» дегенді айтады. Сонда мемлекеттік мерекелерді қайда қоямыз?
– Дін адамы үшін діни екі мереке бар екені рас. Бірақ, бұл басқа мерекелерді жоққа шығару деген сөз емес. Дінге қайшылығы болмаса, ешбір мерекені атап өтудің, тойлаудың ешқандай əбестігі жоқ. Өкінішке қарай, бізде діни мерекеден басқа мерекелерді мойындағысы келмейтін топтар да пайда болды. Олар ашығын айтқанда, жат ағымдардың жетегінде кеткен жандар, солардың өкілдері. Зайырлы қоғамда өмір сүріп жатқанымызды ескергісі келмейді.
– Кейінгі кезде əлеужеліде мəһр жөнінде де көп əңгіме айтыла бастады. Мешіттерде неке қидыру кезінде бұрын мəһр туралы айтыла қоймайтын. Қазір неке қиюшы молда міндетті түрде қалыңдықтан «мəһрға не қалайсың?» деп сұрап жатады. Мəһр ретінде қымбат көлік, үй-жай сұрау етек алып барады. Бұл белгілі бір деңгейде қолайсыздық тудыруы да мүмкін ғой. Сондықтан бұған тыйым салса болмас па?
– Мəһр деген – жігіттің қалыңдығына беретін сыйлығы. Бұл жайында Құранда айтылған. Сондықтан мəһрге тыйым салуға болмайды. Бірақ, оның мөлшеріне шек қою керек дейтін пікірмен келісуге болады. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Некенің абзалы – мəһрдің аз болуы» деген мағынадағы хадисі бар. Демек, мəһр сұрағанда ауызды кең ашудың қажеті жоқ, керісінше, қарапайым заттар қаласа, сол жақсы болмақ.
– Еліміздің тұңғыш муфтиі Рəтбек қажы бір сөзінде хиджабтың да, ниқаптың да шариғатта жоқ екенін айтып қалды… Бұған не айтасыз?
– Ол кісінің неге бұлай дегенін білмедім. Мүмкін сіз көрген бейнетаспада ол кісінің сөзі қиылып, қысқартылып алынды ма екен? Хиджаб, яғни, əйел адамның əуретті жерлерін (жүзі, екі қолы білезікке дейін, аяғы тобықтан төмен жерінен басқа) жабуы Құранда жазылған. Ал, ниқап, пəрəнжə дегендерді де шариғатта жоқ деп айтуға болмайды. Орамал тағу – парыз, ал оны кім қалай, қандай үлгіде тағады, ол дін ұстанушының өзіне байланысты. Сондықтан жеке адамның өз ұстанымы болған соң, оған олай-бұлай істе деудің қисыны келмейді. Ал балиғатқа толмаған қыз балаға орамал тағу міндет емес. Алайда жастайынан тəрбие беру мақсатында тағып жатқан болса, ол ата-ананың өз еркінде.
– Дінді ұстанады, бірақ, батаға қол жаймайды. Сонда бұл қалай?
– Иә, ондайлар да бар. Көп емес, бірақ кездесетіні рас. Мұндайлар, яғни қол жаймайтындар, жоғарыда айтып өткен жат ағым өкілдері.
– Енді бір сұрақ, тойларға қатысты. Өткенде бір уағызшы «Той дегенді тоқтату керек. Тойға барамыз да біріміз біріміздің əйелімізбен билейміз, бұл шариғатқа қайшы. Жаңағыдай биден соң қызғаныш туындап, соңы ажырасуға əкеліп соғуы мүмкін» деп жатыр. Қазақ «той – Құдайдың қазынасы» деген ғой…
– Бір нəрсе анық, шариғат бойынша біреудің əйелімен билеуге тыйым салынған. Дінімізде əйелін қызғанбау дəйус (əйелін бөтен ерден қызғанбаушы) жəннатқа кірмейді деп те айтылады. Дегенмен, «тойға тыйым салу керек» деген уағызды өзім ести қойғаным жоқ. Бірақ, тойларға барғанда жөн-жосықсыз билеп, ашылып-шашылып жату дінге салмай-ақ қазақы тəрбие тұрғысынан айтсақ та дұрыс па? Əрине, дұрыс емес. Əлгіндей жəйттер орын алып жатқанда, сол тойға барған үлкендердің бірі болмаса біреуі «Оу, айналайындар, не болып кеттіңдер, мыналарың не, тоқтатыңдар» демейді ғой. Олар да қызығып, тамашалап қарап отыра береді. Бəлкім, сондайға күйінгендіктен айтылған уағыз болар. Той деген қазақы ұлттық қалыппен өтетін болса, мұндай тойға кім қарсы?
– «Домбыра – харам» деген бір діндардың сөзі қоғамда зор қарсылыққа тап болды. Мүфтият та бұл тұрғыда өз сөзін айтты. Дегенмен, кейбір уағызды тыңдап отырғанда музыкалық аспаптардың кейбірін харам деп айтып жататынын құлағымыз шалып қалады.
– Дұрыс айтасыз. Музыка, өнер тұрғысында мүфтияттың пəтуасы бар, одан асырып ештеңе айтуға болмайды. Абай атамыз: «Əннің естісі бар, есері бар» дегенді неге айтқан? Соны ойланып көрсеңіз, сұрағыңыздың жауабын да табасыз. Яғни, есті жəне есер. Екеуі екі мағына береді ғой. Демек, есер əндерге, музыкаға Абай заманында да тыйым салынған. Ата-бабамыздан бізге жеткен əндердің ғажаптығы да сонда. Адамды арсыздыққа итермелейтін əндерге, хиссаларға кеше де тыйым болған, бүгін де солай.
– Жақында бір танысым немерелі болды. Əлгі кісі «Балам немеремнің есімін қоюға қарсы болды. Ол «шариғат бойынша балаға оның есімін тек əкесі қою керек» деп өзі қалаған есімді қойды» деді». «Азан шақырып ат қою» дегеннің бұрыннан бар екенін білемін. Ал нəрестеге есім қойғанда тек əкесі қояды дегенді бұрын естімеген екенмін.
– Біз кейде дұрыс түсінбейміз де, артық кетіп қаламыз. Діннің талабы – дүниеге келген нəрсетеге жақсы есім тауып қою. «Қойған есім мағыналы, мəнді болсын» дейді дін. Мысалы, ЭКСПО өтті екен деп Экспонита, Сиез өтті деп Сиезбек атанып жүргендер қаншама? Бұл жағынан келгенде біздің қазақта жақсы дəстүр қалыптасқан еді. Атасы, əжесі немесе нағашы жағы балаға жақсы есім қойып жатса, ешқандай артығы, дінге қайшылығы жоқ. Мəселе, дінімізде «балаға жақсы не нашар есім қойылуына əкесі жауапты» делінген. Соған байланысты сұрау болады деген. Дінді келте түсінетіндердің «балаға тек əкесі ғана ат қою керек» деп жүргені сол. Бұл дұрыс емес. Əкесінің қоюы міндетті емес, бірақ ол перзентіне жақсы есім қойылуына жауапты.
– Ұлттық дəстүр, əдет-ғұрып туралы айтамыз, бірақ кейбір нəрселерімізді біртіндеп жоғалтып жатырмыз. Мысалы, бұрын келін түскенде, əйтпесе, күйеу бала қалыңдық алуға барғанда алдынан отқа май құятын ғұрпымыз бар еді. Қазіргі дінге бет бұрған жастар мұндайға үрке қарайды. Бір қарағанда одан келіп-кетіп жатқан ешқандай зиян жоқ секілді. «Ошағыңның оты сөнбесін, шаңырағың майлы болсын» дейтін тілек жатыр деп ойлаймын бұл ғұрыпта. Сіз не дейсіз?
– Зороастризм деген дін болғанын білесіздер. Отқа табынған да заман болған. Егер діни ритуал ретінде отқа май құйып жатсақ, бұл исламға қайшы келеді. Өйткені, отқа табыну деген ұғым тұрады ғой аржағында. Егер сіз айтқандай, дәстүр ретінде «Ошағыңның оты сөнбесін, шаңырағың майлы болсын» деген тілекпен жасалатын болса, бұған тыйым салуға болмайды.
– Шариғат дейміз. Кейде шариғаттың да түсініксіздеу тұстары бар. Мысалы, шариғат бойынша ағайынды адамдардың балалары бір-біріне үйлене береді. Уағызшылар əлеужеліде «иә, солай, үйленсе болады» деп отырады. Қазақ жеті атадан аспай қыз алыспайды ғой…
– Шариғатта рұқсат бар екені рас. Бірақ, біздің дəстүрімізде жеті атадан аспаса қыз алысуға болмайды. Сондықтан, ата дəстүр, ата салтымызды сақтауға ұмтылайық.
– Дін халықты қарапайым болуға шақырады, үндейді. Бұл дұрыс-ақ. Бірақ, əсіресе, жаздыкүндері той-томалақта кейбір азаматтар аяғына сүйретпе киіп келе салады. Осы дұрыс па?
– Əрине, дұрыс емес. Қарапайымдылық деген жұпыны киіну емес, дұрыс киіну. Көбінесе жат ағым өкілдері солай киініп жүреді. Көп нəрседе теріс кетіп жүргеніміз дінді дұрыс түсіне білмегендіктен.
– Рахмет! Біраз сұраққа нақты жауап бердіңіз. Кім қалай қабылдайды, қалай қорытады, мұны жамағаттың өз еркіне қалдырайық.
Əңгімелескен Абдолла НҰРТАУҰЛЫ
Ризабек Балтталұының Ұлытау облысына келген сапарында алынған сұқбат