Сұрақ: «Рия» деп нені айтады және оның қандай түрлері бар?
Жауап: Адамдардың мінезі әртүрлі болғаны сияқты олардың Құдай үшін деп жасаған амалдары да әртүрлі. Біреу амалды ықыласпен Алла үшін деп жасаса, екіншісі амалды Алла емес, адамдар көрсе екен деп жасауы мүмкін. Көзбояушылықпен жасаған адамның амал – рия болып саналады.
Демек, қандай да бір амалды немесе құлшылықты Құдай үшін емес, адамдар көрсін деген оймен жасаған адам – рия қылушы.
Рияның үш түрі бар: ашық рия, яғни басқаларға көрсету үшін жасаған амал, мақтанып, басқалар естісін деген оймен жасалған әрекет және жасырын рия.
Ашық рия өзге адамдарға мақтанып, жұртқа жақсы көріну үшін жасалады. Мысалы, оқыған намазы, берген садақасын мақтан тұтып, баршаға жар салып жүреді.
Екіншісі, өтіп кеткен амалын немесе оқиғаны басқалға естіртіп, мақтануды айтуға болады. Мысалы, қажылық сапарын және ондағы жасаған құлшылықтарын айтып мақтану немесе әке-шешесіне істеген жақсылығын, қайырымдылық амалдарын мақтан тұтып айту және сол сияқты т.б.
Ал жасырын рия деген әуеліде жүректе жоқ, бірақ, кейінірек келуі мүмкін, яғни рия ниеті жүрекке бір келіп, бір кетіп отырады. Мысалы, нәпіл намаз оқып отырып, адам осы оқыған намазымды біреу көрсе екен деп ойламайды. Бірақ, көріп қойса көңілде оқыған намазымды көрді ғой деген сезім пайда болады, өкініш сезімі емес, мақтаныш сезімі. Міне, осы ой рия болып саналады.
Негізінде көңілге келген кішкене ғана мақтаныштың рияға жетелеу қаупі бар. Рия күнә қатарына жатады. Діндегі осындай жіті бақылаудан соң исламның адам тәрбиесіне, оның ішінде рухани жағдайына қаншылықты көңіл бөлетінін байқауға болады.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ