Бүгін Мәжіліс отырысында депутат Ринат Зайытов Премьер-министр Олжас Бектеновтың атына ЛГБТ мен фенимита қауымдастығына қатысты депутаттық сауал жолдады. Ол бұл сауалын “шегіне жеткен шыдамның, тапталудан төзімі таусылған намыстың, ащы дауысы” деп атады.
“Қазақстан мемлекеті тәуелсіздік алғалы есігінен доc та, дұшпан да еркін кіре бастады. Ол жасырын емес. Доспен табысып, бауырымыз бүтінделді деп қуанғанымызбен, арам пиғылдарын іске асыруға келген дұшпандар, жанымызды ауыртып жүрегімізді жұлуға сәл қалып тұр.
Солардың бірегейі қазақ жастарын азғындатып, болашағымыздың тамырына балта шапқысы келетін әлемдік деңгейдегі жауыз ұйым – ЛГБТ мен феминита қауымдастығы. Азғана уақытта жастарымызды азғындыққа жетектеген жексұрын ұйымдар бүгінде мемлекеттің әрекетсіздігінен әбден басқа шауып, төске өрледі. Өйткені, аталған ұйым өңірлерді аралап, кәмелетке толмаған ұл-қыздарымызға өз насихаттарын ашық жүргізгенде, Алматының көшелерінде өрімдей жастарды жинап алып митинг өткізгенде де, ашық сұқбаттарда басқасын былай қойып тіпті 2 аптада 50 мыңнан астам қол жинаған Бағила Балғабаеваның бастамасымен жазылған петицияға да дабыл қағып әрқайсысына 11 Мәжіліс депутаты қол қойып, сауал жолдағанда да құқық қорғау органдары саусақ қозғалтқан жоқ. Осыдан кейін еш жазаға тартылмасына көзі жеткен азғындар күні кеше Алматыда Құрылтай өткізетінін ашық хабарлады” деді ол.
Ринат Зайытов әлмисақтан ел мен жердің, ұлыс пен ұлттың тағдыры талқыланатын құрылтай деген қастерлі ұғымды осынша төмендеткенде біз неге қарап қалуымыз керек деп сауал тастады. Ол Мемлекет басшысының өзі үйлестірген еліміздің Ұлттық Құрылтайының маңызы мен мағынасына нұқсан келтіретін бұл феминита азғындарына тоқтам болуы керек дейді. Олардың артында кім тұр, оларға қаржы бөлетін кімдер және олардың көздеген түп мақсаты не?
«Малғұннан асқан мыстан жоқ, азғыннан асқан дұшпан жоқ» екенін еске салған депутат Олжас Бектеновтен Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 18 ақпандағы «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» № 31 Заңының 1 бабына сәйкес феминита қауымдастығына Қазақстан Республикасының аумағында шектеу қоюды және ЛГБТ-ны насихаттауға толықтай тыйым салуды талап етті.