Бұл оқиғаны Абдулла бин Аббас (р.а.) риуаят етеді. Бірде Рим императоры халифа Мұғауияға хат жолдайды. Көрші патшалардың ара-кідік бір-бірін түрлі әдіс-айлалармен сынайтын салттары бар еді. Хатта император: «Саған амандық тілеймін. Менің мына сауалдарыма жауап беруіңді өтінемін: Аллаға ең ұнамды сөз не? Әрі екінші, үшінші, төртінші және бесінші сөздер не? Алланың ең қадірлі құлы кім? Ең қадірлі күңі кім? Ана құрсағынан шықпаған, бірақ жаны бар төрт нәрсе не? Иесімен бірге жүретін қабір не? Жер бетіндегі тек бір рет күн сәулесі тиген қай жер?» – деген сұрақтарға жауап күтетінін айтқан екен. Мұны оқыған халифа:
– Қарғыс атсын. Мұның жауабын мен қайдан білейін,-деп маған жіберді.
Бұл хатты алған соң мен жауабын жаздым:
Ең ұнамды сөз – «Алладан басқа құдай жоқ» сөзі. Алла Тағала тек осы сөзді айтқан адамның ғана амалын қабыл етеді. Бұл – адамды ақыретте құтқаратын сөз. Ал екінші сөз – Субхана Алла. Алла барлық кемшіліктен пәк. Бұл сөз – барша жаратылыстың дұғасы. Үшінші сөз – әлхамду лиллә, барша мақтау Аллаға тән. Бұл – шүкіршілік сөзі. Төртінші сөз – Аллаһу Акбар, Алла барлық нәрседен ұлық. Бұл – намаз, намаз ішіндегі рукух пен сәжде сөздері. Бесінші сөз – лә хәулә уә лә қууәтә иллә билләһ, жамандықтан құтылу және жақсылық жасауға мүмкіндік жалғыз Алланың қолдауымен болады. Ең қадірлі құлы – Адам ата. Оны Алла жаратып, барлық атаулар мен есімдерді үйретті. Ал ең қадірлі күңі – Мариям, ол өзінің ар-намысын пәк ұстаған. Ал, ана құрсағынан шықпаса да бойында жаны бар төрт жаратылыс: Адам ата, Хауа ана, айдаһарға айналған Мұсаның аса таяғы және жәннаттан Ибраһимге түсірілген қошқар. Күн сәулесі бір-ақ рет қана тиген жер – Мұса өз қауымын алып өтпек болғанда қақ жарылған теңіз түбі. Ал, иесімен бірге қозғалып жүрген қабір – Жүніс пайғамбарды жұтқан балық»,-деп жазып жібердім.
Қасиетті Құранды пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) үйретіп, «Құранның қыр-сырын үйрете гөр» деген батасын алған сахаба бұл жауаптың барлығын да Құраннан алған. Құран – ішінде түрлі бағалы байлықтар жатқан терең теңіз сияқты. Ол қазынаны тек түбіне терең бойлай білген адам ғана көре алады.
Руслан ҚАМБАР