Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне дайындық жұмыстары соңғы кезеңге өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ұйымдастырушылар съезд қарсаңында елордада жаңа әлемдік рекорд тіркелгенін мәлімдеді. Рекордтың миссиясы – ең көп ұлтты музыкалық топты бір сахнаға жинау. Бұл миссия орындалды.
«Әлем музыкасы» деп аталатын жобаға жер бетіндегі 51 елден 75 ұлт өкілдері қатысты. Бұл рекордты Астанаға арнайы келген Гиннес рекордтар кітабының ресми төрешісі Джек Брокбанк бекітті», – деп атап өтті съездің ресми өкілі Назым Жанғазинова.
Оның мәліметінше, съезге 49 елден әлемдік, дәстүрлі және ұлттық діндер өкілдерінен 104 делегация қатысады. Тарихта алғаш рет Рим Папасы Франциск съезд жұмысына қатысады. Оның сапарының тоқтатылғаны туралы бірқатар ақпарат көздерінде жарияланған жазба шындыққа жанаспайды.
«Съезд қатысушыларының қатарында бірқатар халықаралық ұйымдардың бірінші тұлғалары бар: БҰҰ (А. Гутерриш), ИЫҰ (И. Таха), ICESCO (С. әл-Малик), Өркениеттер Альянсы (М. Моратинос) өкілдері және басқалар. 560-тан астам журналист аккредитациядан өтуге өтініш білдірсе, оның 153-і халықаралық ақпарат агенттіктерінің тілшілері. CNN, BBC, Al Jazeera, Bloomberg және басқа да халықаралық және ұлттық БАҚ сияқты медиа-империялар алдағы съездің тақырыптары мен мәселелерін белсенді түрде жариялап жатыр», – деді ресми өкіл.
Айта кетейік, кеше Мемлекет басшысы Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевты қабылдап, діндер съезіне дайындық шараларын пысықтаған болатын.