Ел ішіндегі дарынды да білімді шәкірттерді қолдау мақсатында «Нұр-Мүбарак» университеті алғаш рет биыл 11-12 сынып оқушыларына арналған Республикалық олимпиада ұйымдастырды.
Университет проректоры, доцент Қайрат Құрманбаевтың бастамасымен қолға алынған іс-шарада еліміздің барлық облыстары мен ірі қалаларындағы Білім беру департаменттеріне арнайы ресми хат жолданды. Еліміздің барлық аймағындағы мектептің биылғы түлектеріне арналған онлайн білім сайысына 150 үміткер қатысты. Сынақ сұрақтары Ұлттық бірыңғай тест деңгейінде әзірленіп, талапкерлердің білімін саралауға арнайы комиссия құрылды.
«Негізгі мақсат – дарынды балаларды қолдаумен қатар, университетке білімді талапкерлердің келуіне жол ашу. Жеңімпаздарға «Нұр-Мүбарак» гранты табысталып, 4 жыл тегін білім алуға жағдай жасалады», – деді комиссия жетекшісі НМУ Академиялық мәселелер департаментінің директоры, филос.ғ.к., доцент Жалғас Сәдуахасұлы.
Іріктеу турында 50 балдан жоғары алған оқушылар ақтық сынға жолдама алып, «Дін және теология» және «Шетел тілдері» бағыттары бойынша білімдерін сарапқа салды. Нәтижесінде олимпиаданың екі бағыты бойынша 9 жеңімпаз анықталды.
«Дін және теология» бағыты:
1 орын: Айбар Оспанов
2-орын: Тоқтақан Аруна, Исанова Дилназ
3-орын: Кәрімбай Асылай, Әбдібек Гүлнара, Піржан Сандыбай
«Шетел тілдері» бағыты:
1-орын: Дүйсенбек Дінмұхаммед
2-орын: Эркинова Зиеда
3-орын: Қожабекқызы Ақнұр
Бүгін білім грантына сертификат берілген 9 жеңімпаз «Нұр-Мүбарак» университетінде 4 жыл тегін білім алу құқығына ие болды. Ұйымдастырушылар бұл бастама жыл сайын өткізіліп, әсіресе, шалғай ауылдардағы дарынды оқушыларды қамтуға негізделетінін сүйіншіледі.
«Нұр-Мүбарак» университетінің баспасөз қызметі