Бүгін Нұр-Мүбарак университетінде Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының ұйытқы болуымен «Әл-Фараби ұсынған ізгі қоғам» атты республикалық конференция өтті. Ел тізгініндегі азаматтар, ғалымдар, зиялы қауым, ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар, жақсылар мен жайсаңдар, студенттердің басын қосқан алқалы жиын қасиетті Құран оқылып, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының батасымен басталды.
Бұл басқосу сонау 9-10 ғасырда өмір сүрген энциклопедист ғалым еңбектеріндегі ізгі қоғам құндылықтарын өмірімізге енгізу өзектілігін жан-жақты талқылады. Осы мақсатта баяндама жасаған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Әл-Фараби, Абай, Ж. Аймауытовтар адамды, мемлекетті, ұрпақты, ұлтты сақтайтын басты құндылық – толыққанды білім деп түсінген. Ұлт зиялылары заманыңда білім мен ғылым бола тұрып оны дұрыс иелене алмасаң, мемлекетіңе білімің мен ғылымың арқылы көмектесе алмасаң ілгерілеу болмайды деп тұжырым жасаған» деп атап өтті.
Ал Нұр-Мүбарак университетінің ректоры, профессор Мұхаммад аш-Шаххат құттықтау сөз сөйлеп, қонақжайлық лебізін білдірді. Сондай-ақ сөз сөйлеген Алматы қаласы Маслихатының Төрағасы Мейіржан Отыншиев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Дін істері комитетінің төраға орынбасары Бауыржан Бакиров алқалы жиынға сәттілік тіледі.
Баяндамашылар легін ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев «Отбасы құндылығы – ізгілік бастауы» деген тақырыпта бастады. М.О.Әуезов ат. ӘӨИ-ның Бас директоры, ҚР ҰҒА-ның корреспондент мүшесі, ф.ғ.д. Кенжехан Матыжанов ұрпақ тәрбиесіне, мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы аналар тақырыбына тоқталды.
НМУ проректоры, доктор Қайрат Құрманбаев «Ізгі қоғам құндылықтары», фарабитанушы профессор Жақыпбек Алтаев «Әл-Фарабидың кемел қоғам туралы ойлары», филос.ғ.к., доцент Жалғас Сандыбаев «Әл-Фарабидің дүниетанымындағы “кемел адам” концепциясы», ҚМДБ Сарапшылар кеңесінің мүшесі Балғабек Мырзаев «Ізгі қоғамды қалыптастырудағы мүфтияттың рөлі» жайлы айтты.
Осылайшы зиялы қауым өкілдері ізгі қоғам құруға қатысты құнды ойларымен бөлісті.