Ресей және Беларусь спортшылары Азия ойындарына және осы құрлықта өтетін басқа да жарыстарға қатысуы мүмкін. Оны Азияның олимпиада кеңесі қолдап отыр. Олар спорт адамзатты біріктіруші күшке ие екенін, сондықтан ешкімді азаматтығына немесе нәсіліне қарап бөле-жармау керектігін алға тартуда.
Қазіргі күні Халықаралық олимпиада комитетінің ғана келісімін күтіп отыр, олар халықаралық федерациялармен ресейлік және беларусь спортшыларының Азия құрлығындағы сайыстарға қатысу мүмкіндіктерін талқылау үстінде.
Айта кетейік, Ресейдің Украинаға басып кіруі салдарынан ХОК осы елдің және оны қолдап отырған Беларусьтің спортшыларын барлық халықаралық жарыстардан шеттеткен болатын. Өткен жылы Ресей футболдан Азия құрлығына ауысуға өтініш тастағанымен, бұл әрекеттері жүзеге аспады. Енді олар Азия ойындарын көздеп отыр.
Азия ойындары, Олимпиада секілді 4 жылда 1 рет өтеді. Алғашқы ойындар 1951 жылы өткен болатын. Халықаралық олимпиада комитетінің бақылауымен ұйымдастырылатын кезекті ойындар биыл күзде Қытайдың Ханчжоу қаласында өтеді деп күтілуде.
Егер Ресей құрамасы Азия ойындарына қатысуға мүмкіндік алса, онда бұған дейін осы құрлықта ешкімге дес бермей, жеке-дара көш бастап жүрген қытай спортшыларына сенімді бәсекелес әрі қарсылас пайда болмақ.
Жалпы Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері 1994 жылдан бастап 7 Азия ойындарына қатысып үлгерді. Бұл жарыстарда спортшыларымыз 153 алтын медаль иеленді.
Ал 1-орында Қытай құрамасы – 1051 алтын; 2-орында Оңтүстік Корея – 486 алтын; 3-орында Жапония – 379 алтын медаль. Қазақстан 4-орында.