Ресейдің Әділет министрлігі “Сахих әл-Бұхари” хадистер жинағын экстремистік материалдар тізіміне қосты. Бұл еңбекті 2021 жылы желтоқсанда Татарстанның Лаишев соты экстремистік деп шешім шығарыпты, ал осы жылдың 5 шілдесінде Татарстанның Жоғарғы соты бұл шешімді мақұлдаған.
Қазанның аймақаралық сараптама орталығы берген түсініктемеге қарағанда, бұл кітапта мемлекеттің зайырлылық сипатына қарама-қайшы сөздер, яхудилер мен христиандарға қарсы белгілер кездеседі екен-міс.
Сонымен қатар, олардың пікірінше, “Сахих әл-Бұхари” “исламның үстемдігін насихаттайды” екен.
Айта кетейік, бұл хадистер жинағы Исламда маңызы жөнінен Құраннан кейінгі екінші кітап саналады. “Китаб ас-ситта” деп аталатын негізгі 6 хадистер жинағы бар, соның ең біріншісі – Имам Бұхаридың жинағы. Шариғатта кез келген мәселеге қатысты үкім шығарғанда дәлелді алдымен Құраннан, одан кейін хадистерден іздейді.
Жаңа тарихта “Сахих әл-Бұхари” жинағына ешбір мемлекет ресми түрде тыйым салмаған еді, Ресей алғашқы ел атанып отыр.