Сұрақ: Жұмыста бір әріптесіммен арада келіспеушілік болып, ренжісіп қалған едік. Менен жасы үлкен кісі. Келесі күні алдынан өтіп, кешірім сұрадым. Бірақ сол күннен бері ол менің сәлемімді алмайды.
Жауап: Амандасу (сәлемдесу) – барлық халықта адамгершілік, инабаттылық, әдептілік қатынас нормасы. Адам бір-біріне көңілі қалып араздасуы, бір-бірімен көріспей, сөйлеспей қоюы, ара-қатынасын үзуі – шариғатта құптарлық іс емес. Исламда араздасқан адаммен үш күн өткізбестен татуласуы қайырлы.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадистерінде: «Бір мұсылманның дін бауырымен үш күннен көп араздасуы жаиз емес. Үш күн өткеннен кейін ол адаммен кездесіп қалса, оған сәлем беріп, хал-жағдайын сұрауы керек. Ол адам сәлемін алса, екеуі де сауапқа ортақ болады. Сәлемін алмаса, күнәға кіреді. Сәлем берген адам араз болудың жауапкершілігінен құтылған болады,», десе, екінші бір хадисінде: «Бір-бірімен араздасқан екі адамнан қайсысы бірінші болып сәлем берсе, күнәлары кешіріледі. Сәлем бергенде екінші адам сәлемін алмаса, бұл адамның сәлемін періштелер алады. Ал сәлемін алмаған адамға шайтан ілтипат көрсетеді,» деген.
Икрам АЙТАЕВ