Сұрақ: Нәзір ретінде шалынған құрбандық малдың етін той-томалаққа қолдануға болады ма?
Жауап: Нәзір дегеніміз Алла тағаланың ризашылығы үшін адамның өзінің орындауға атаған амалы. Яғни, аталған амал дегеніміз – орындауға міндетті еместігіне қарамастан Алла тағалаға құлшылық мақсатында бір амалды жасауды құлдың мойнына алуы деген сөз. Тек қана Жаратқанның разылығын көздей отырып, намаз, ораза, құрбандық секілді амалдарды атау – мол сауапқа кенелтетін құптарлық іс.
«Егер мына ісім сәтті болса, ертең Алла разылығы үшін ораза ұстаймын немесе кембағал, мұқтаж жандарға осыншама мөлшерде садақа таратамын» деген секілді. Өзіне осылай уәде берген кісінің атаған нәрсесін орындауы уәжіп.
Бұған қатысты Құранда: «Айтқан нәзірлерін орындап, Қағбаны тауап етсін» («Хажж» сүресі, 29-аят) делінген. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Кімде-кім Аллаға мойынсұнуды атаса, мойынұсынсын, ал Аллаға қарсы шығуды атаса, Аллаға қарсы келмесін» (Нәсаи), – деп ескерткен.
Нәзір ретінде адам орындауға шамасы жететін құлшылық амалдарды атауына болады. Солардың бірі – құрбандық шалу. Нәзір құрбан шалуды ниет еткен адамның кедей болса да оны шалуы уәжіп болады. Бірақ бұл шалынған құрбандық етінен өзі, әйелі, әке-шешесі және бала-шағасы мен немере-шөпшектерінің жеуіне болмайды. Егер етінен белгілі бір мөлшерде жеген жағдайда, сол мөлшерде садақа береді.
Сондай-ақ нәзір құрбандығының етінен бай кісілерге де жеуге болмайды. Хадисте:
«Аң аулау жазасы, нәзір және кәффарат себебінен сойылған құрбаннан жеуге болмайды, қалған құрбандардан жеуге болады» – делінген.
Сондықтан егер нәзір құрбандығының етін той-томалақта пайдаланатын болса, онда жоғарыда аталған кісілер ол еттен жемеуін қадағалау керек. Ал тойға бай кісілер де келетін болғандықтан мұны қадағалау қиындық тудыратыны белгілі.
Ал нәзір құрбандығының етін құрбандық шалушы бір кедей жанұяға берсе, сол жанұя оны той-томалаққа қолдануына болады.
Алау Әділбаев
теология ғылымының докторы