«Құран» сөзі көп оқылатын кітап мағынасын білдіреді. Құран мәніне зер салып, көп оқумен қатар, оның нұсқауына лайық өмір сүрген сайын адам Құран қасиетіне көз жеткізе бастайды.
Құран – Алланың кәламы, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) қияметке дейін жалғасын табатын мұғжизасы. Ислам діні келген күннен бүгінге дейін жазылған барлық діни еңбектер, яғни, хадис, тәпсір, ақида, фықһ және тасаууф ілімдері Құранның мәнін, қасиетін түсіндіреді. Мысалы: ақида ілімі Құрандағы сенім мәселелерін, фықһ ілімі құқықтық мәселелерді түсіндірсе, тасаууф ілімі адам тәрбиесі төңірегінде сөз етеді.
Бүгінгі таңдағы кейбір ғылыми зерттеулердің де жетістігі Құран ақиқатын ашуымен өз мәресіне жетіп жатқаны белгілі. Бұл да «Уақыт өткен сайын Құран жасара түседі» деген сөзді растаса керек.
Қияметке дейін жазылатын діни еңбектердің барлығы да Құран ақиқатын, қасиетін аша түспек. Сол себепті Құранның қасиеттілігін бірер мақала немесе бірер еңбекпен жеткізу мүмкін емес. Әйтседе, Құран – адамзат өмірінде туындай барлық сұрақтарға жауап беруге қауқарлы әрі қияметке дейін ешқандай өзгеріске ұшырамайтын Алланың заңы екендігі жайлы қысқаша тоқтала кетелік.
Құран – өмірдегі сұрақтарға толықтай жауап береді
Адамды өмірде «не ішсем, не кисем» деген сұрақтармен қатар, «Жаратушы бар ма, жоқ па?», «Не үшін жаратылдым?» және «Өлгеннен соң өмір бар ма?» деген сынды әртүрлі сұрақтардың да мазалайтыны ақиқат.
Әркімнің көңілін күпті етіп жүрген бұл сұрақтарға толыққанды жауап алмайынша өмірден бақыт та таппайды.
Құран «Жаратушы бар ма, жоқ па?», «Адам баласының жаратылу мақсаты не?» және «Өлгеннен соң өмір бар ма?» деген секілді сұрақтарға жауап беру барысында әуелі жаратылысқа көбірек көңіл аудартады.
Кез келген бір заттың ұстасы болғаны тәрізді мына алып ғаламның да бір Ұстасы бар. Жаратылыстағы жүйелі қозғалыс айналымын, өзара бір-бірімен болған байланысын, тіпті, адам баласының өз жаратылысын да сөз ете отырып, Жаратушы жалғыз Хақтың барына дәлелді жауаптар ұсынады. Осыдан кейін Жаратушы мен жаратылыс арасындағы байланысты, яғни, ақыл иесі болған адам баласының міндеттерін көрсетеді.
Екі дүние бақытына қауышудың басты шарты ретінде Иләһи заңдылықтарды өз деңгейінде орындау, оны бұзбау керектігін міндеттейді. Бұл сұрақтарға тұшымды жауап алған адам баласының жан-дүниесі тынышталып, өмірдегі мұрат-мақсаты айқындалып, өмірге деген сүйіспеншілігі, құлшынысы арта түседі. Әрі мұндай түсініктегі адам өмірден түңіліп өзіне де, өзгеге де зиянын тигізбейді. Керісінше, өзіне де, адамзат қоғамына да пайда әкеледі. Демек, Құран – адам көңілін күпті еткен сұрақтарға толыққанды, тұшымды жауап берген бірден-бір кітап.
Құранның өзгеріске ұшырамауы
Құран – ғасырлар өтседе ешқандай өзгеріске ұшырамаған бірден-бір кітап. Оның өзгеріссіз сақталуын Алла Тағала өз кепілдігіне алған.
Құранда: «Шүбәсіз, осынау зікірді (Құранды) Біз түсірдік және оның сақтаушысы да Өзіміз» («Хижр» сүресі, 9-аят) делінеді. Яғни, адамдар қай ғасырда, қандай ортада өмір сүрседе қоғамда теңсіздік билік құрып, азғындық кең етек алып кетпеуі үшін өлшем боларлық, өзгеріске ұшырамайтын бір заңдылыққа мұқтаж. Неге десеңіз, әр ғасырда билікке келген басышылар, халықты басқарудың жүйесін, заңдылықтарын өздері дұрыс деп білген ұстанымдарға лайықты етіп өзгертіп отырған. Кешегі мақталған коммунистік жүйе бүгінде айыпталып, орнына капиталистік жүйе ұсынылды. Материалистік көзқарасты басымдыққа алатын бұл жүйеде монополиялық жолмен болса да баю керек деген сынды көзқарасы адам құқытарының тапталуына, қоғамдағы тепе-теңдіктің сақталмауына әкеліп отыр.
Бұл туралы Кейт Пикетт пен Ричард Уилкинсон ойларымен былай бөліседі: «Модерн капитализм адам бойындағы қарапайымдылық, қанағатшылдық сынды ізгі қасиеттерді емес, астамшылдық, ашкөздік сынды жағымсыз сезімдерді оятып, байлықтың буына масайған даурықпа сабаздардың қатарын көбейтті. Бизнесте шанашырлықтың жоқтығы, компания қызметкерлерінің жұмыстан қуылып, көшеде қалуы, экономикалық күшін жарқырата көрсетуге дайын бай-бағланның артуы – соның дәлелі».
Демек, өмірдің руханият пен материалдық қырын тең алып жүруге шақыратын Иләһи заңдылық керек.
Өмірде ең бақытты адам кім? деген сұрақтың жауабы қоғамға, заманға қарай өзгере береді. Мәдениеті жоғары елдерде көше сыпыратын көк жағалы мен шынылы офиста отыратын ақ жағалының арасында пәлендей айырмашылық болмайды. Екеуі де бақытты. Таң азаннан қара кешке дейін көңілді, мерейлі жүреді. Аспанға жақын тұрғаны мықтымын деп тасымайды, жерге жақын жүргені төменшікпін деп жасымайды. Теңдік дағуада байсал да қалыпты ғұмыр кешеді. Табыстары сәйкес келмесе де, тұрмыс-сабыты үйлеспесе де, екеуара тең сөйлесіп, кең араласады. Экономикасы дамыған елдерде емес, мәдениеті жоғары елдерде осылай (Жаһан, 07(25)2019, 14 б.).
Сондай-ақ, Құран заңдылықтарының негізі болып табылатын теңдік, әділдік және өзара мейірімділік сынды ұғымдар мәдениетті қоғам қалыптастырудың алғышарттары екендігінде күмән жоқ.
Қорыта айтар болсақ, Құран – адам өмірінде ерекше орынға ие теңдессіз кітап. Құранда адамның жеке басын қалай алып жүруі, отбасы жарасымы және өркениетті қоғам қалыптастырудың сан-қырлы тәсілдері ұсынылып, мұсылмандық парызы ретінде міндеттеледі.
Исламдағы парыз құлшылықтарды орындау барысындағы бір ізділіктің өзін адамдардың жұмыла күш біріктіріп өмір сүрулерін ұқтырса керек. Мысалы: мұсылмандар күнделікті оқитын бес уақыт намазын бір тәуліктің кез-келген уақытында өтей алмайды, жылдың 12 айының ішінде ұстайтын бір ай оразасын да әркім өзіне ыңғайлы болған бір айда ұстай алмайды. Парыз қажылыққа да адам қалаған уақытында барып, келе алмайды. Тек Құранда бекітілген нақты бір уақыттар да ғана орындай алады.
Демек, екі дүние бақытына қауышқысы келген әрбір адам қасиетті Құранды басшылыққа алуы тиіс!
Самет Оқанұлы,
исламтанушы