Расында, көптеген адамдардың жүрегінде дүние қамы мен махаббаты басым. Мұндай пенденің аят мағынасын түсінуі қиын. Олар үшін Құранның сыры жабық. Дін ғалымдарының айтуынша, Құранды түсінуге бөгет жасап, адам ақылын тұмшалап тастайтын бірнеше себебі бар:
Біріншісі, Құранды түсіну үшін араб тілін жақсы білуі шарт.
Екіншісі, көп жағдайда адам Құранның мағынасына емес, дыбыстың ережеге сәйкес дұрыс немесе қате шығуын ойлаумен әлек болады. Дыбыс және әріппен әлек болған адам, Құранның мағынасын оңайлықпен тісіне алмайды.
Үшіншісі, Құран аятын құлақпен есту арқылы жаттап, сол адамның аят оқу мақамына еліктеп, басқаны тыңдамау және Құранға қарап оқымау.
Төртіншісі, күнәға белшесінен батқан және тәкаппар, әрі нәпсісінің соңынан ерген адам. Бұл жағдай жалт-жұлт еткен айнадағы дақ сияқты. Жүректі кірлететін ең қауіпті нәрсе – осы. Адамдардың басым көпшілігі осы жүрек дертіне шалдыққан. Адам күнә жамылғысына оранған сайын аяттың мағынасы да одан жасырына түседі.
Бесіншісі, тәпсіршілердің арасындағы талас мәселесі. Бір топ ғалымдар аяттың тек сыртқы көрініс мағынасына қатысты тәпсірлерді мақұл көреді және сонымен шектеледі. Екінші топтағылар Құрандағы сөздердің сыртқы мағынасы мен бірге ішкі мағынасына назар салады.
Жалғас Садуахасұлы,
дінтанушы