Күндердің күнінде бір кісі күнде Құран оқуды әдетке айналдырған екен. Содан бір күні әдеттегідей үйінде Құран оқып отырса, жанына баласы келіп:
– Әке, сіз осы Құранның барлығын жаттап алғансыз ба? – деп сұрайды.
– Жоқ, балам.
– Онда оны күнде оқудың пайдасы не, ақыры жаттап алмағансың? – дейді бала.
Мұндай сұрақты күтпеген әкесі Құранды жауып, баласына қарап:
– Балам, мына қамыстан жасалған қоржынды алып, теңіздің суын үйге толтырып алып кел, сосын мен саған жауабын айтамын, – дейді. Баласы қоржынды алып теңізге барып, су алып үйге келгенше, қолындағысы жолда ағып кетеді. Бала мұндай әрекетті қанша қайталағанымен ештеңе шықпайды. Үйге қоржынды сусыз алып келеді. Сосын әкесіне келіп:
– Әке, бұлай болмайды. Мен қанша су тасығанымен қоржыннан ағып кетіп жатыр. Бәрі бір екі арада жүгіргенім қалды, – дейді. Сонда әкесі:
– Сен қоржынға жақсылап қарашы, қандай өзгеріс байқап тұрсың, дейді. Баласы қоржынға қараса әр жинаған судың салдарынан қоржынның іші тап-таза болып қалған екен. Сол сәтте әкесі:
– Көрдің бе? Құран да дәл осылай оны оқыған адамның жүрегін жуып-шаяды. Өйткені, жүрек өмірдің жағымсыз әсерлерінен ластанады, сосын біз Құран жаттамасақ та, оны оқу арқылы жұмырдай жүректі тазалап отырады екенбіз, – деген екен.
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы