Біз «Қияма» сүресінің 3-4 аятындағы «Бәнәна» (саусақ бедері) сөзінің мәніне тоқталудан бұрын адам баласына берілген «Ақыл» нығметіне қысқаша тоқтала кетуді жөн көрдік. Себебі, Құран аяттары ишарат еткен жаратылыс хикметін түсіну үшін адам ақылы мен ой-санасының жемісі болған ғылым-технологияның көмегі ерекше десек қателеспейміз.
Жаратылысты тану – Жаратушы Хақты тануға апаратын жол дейтін болсақ, адам ақылы, ой-санасы жаратылысты танудағы негізгі өлшем болып табылады. Құран кәрімнің көп жерінде «Ойланбайсыңдар ма?» деп ойлануға бұйырса, бір хадисте: «Әркімнің діні – оның түсінігі. Ақылы жоқтың діні де жоқ» (Әл-Ғәлләма Қади-хан әл-Һинди, Канзул ғұммәл фи сүнәнил ақуал уәл афғал, 7033-хадис.) – деп, әрбір нәрсенің бір Жаратушысы, мәніне келтірген бір Ұстасы бар екенін ақыл таразысынан өткізуге шақырады.
Дана халқымыз да «Ақылды адам ақымақтан да бір нәрсе үйренеді» деген.
Әркімнің Жаратушы алдында бұра тартуға келмейтін парызы – дұрыс таным. Бүкіл жаратылысты жоқтан бар еткен Алла Тағаланы танып, білуге ақыл жеткілікті ме? Әлде настың (Құран, сүннет) болуы шарт па? Әлде әрбірінің (нас пен ақыл) өз ерекшеліктері бар ма? Бұл сұрақтарға қатысты ғалымдардың көзқарасына тоқталар болсақ, Мұғтазила ағымының белгілі ғалымы Қади Абдужаппар: «Алла тағала жайлы дұрыс таным тек ақылдың көмегімен болады» (Қади Абдулжаппар, Шарху ұсулил хамса, 88-бет.) деп, ақылды Құран, сүннеттен де жоғары бағаласа, Хашауия* ағымы: «Алла талағаны танып, білу настың жол көрсетуімен ғана болады. Алла тағаланы тануда ақылдың ешқандай орны жоқ. Өйткені, ақыл Алланың затын түсінуде шариғат шегінен шығып кетеді» деп есептейді (Әбу Мансур әл-Матуриди хаятуһу уә араүһул ақаидия, 92-бет).
Имам Матуриди: «Алла Тағаланы ақылмен тануға болады. Ақыл – жаратылыс сырын түсінy үшін берілген Алла Тағаланың сыйы. Әрі жаратылыс жайлы терең ой жүгіртуге бұйырылдық. Бірақ ақыл – шектеулі. Алла Тағаланың шексіз иләһи хикметтерін, сыр ретінде сақтаған нәрселерін ақыл толық біле алмайды» (Имам Матуриди, Китәбут таухид, 183-бет.) деп, аталған ағымдар сияқты біржақты пікірдің жөнсіздігін, настың аясында ақылға жүгіну керектігін айтады.
Саналы адам баласы әрбір жаратылысқа қарап Жаратушы Раббысын танысын, шеберлігін мойындап, иман етсін деп жаратылған. Зер салып, оқи білгенге адам, болмысы мен күллі жаратылыс бойындағы мөрленген ғажайып нақыштары Ұлы Шеберді танытатын дәлелдер екендігін ұғады.
Соған бір мысал келтірер болсақ, қасиетті Құранда: «Адам баласы Біз сүйектерін жинай алмайды деп есептей ме? Күмәнсіз, оның саусақтарының ұштарын да қалпына келтіруге күшіміз жетеді» («Қияма» сүресі, 3-4 аят) деген аяттағы саусақ мағынасын білдіретін «бәнана» сөзіне имам Самарқанди: «Ақиқатында Алла Тағаланың саусақтарды қалпына келтіруге құдіреті жетеді және саусақта жайлылық бар» деп түсіндіреді. Сондай-ақ, миллиардтаған адам баласының ең кішкентай саусақ бедерінің де әртүрлі болуы Алла Тағаланың шексіз құдіретінің дәлелі емес пе?! Әрі мың жылдан астам уақыттан бері Қытай халқы келісім-шарт сияқты заңды құжаттарға екі жақтың саусақ бедерінің ізін бастырып, мұрағатқа сақтауы да Құран ақиқатын растай түссе керек.
Соңғы ғасырда ғалымдардың зерттеу жүргізуі барысында, осыдан он төрт ғасыр бұрын «Саусақ ұштарының бедері» жайлы Құранда айтылған ақиқаттың шындығы ашылды.
Бармақ бедеріне алғаш зерттеу жүргізген ғалымдардың бірі Италиандық биология, анотомия ғылымдарының докторы Марчелло Мальпиги (Marcello Malpıghi), 1665 жылы «Неаполь» журналына жәриялаған «Сыртқы органдарға анотомиялық зерттеу» атты шығармасында бармақ бедері жайлы тың ойларды сөз етеді.
Одан кейін 1788 жылы неміс ғалымы Иоанн Майер (Johann Mayer) әлемдегі барлық адамдардың саусақ іздері бір-біріне ұқсамайтынын дәлелдейді. Тіпті, ДНК құрылымы бірдей келетін егіздердің өзінде айырмашылық кездесетіні әрі саусақтың басын кесіп алғаннан соң, жараланған жер жазылса, саусақ терісінің бедері өз қалпына келетіні де ғылыми тұрғыдан расталған. Сондай-ақ, жаратылыстың сырына терең үңіле бастаған адам баласы, ғылым мен техника дамыған сайын Алла Тағаланы Халиқ (Жаратушы), Бәдиғ (Көркем бейнеде Жаратушы), Мұсаууир (Бейнелеуші) және Құдірет сынды сипаттары негізінде танып, мойындауда. Міне, бұл Жаратушыны танып, білуде Құран ақиқатына ой жүгіртудің мәні тереңде жатқанын растап отыр.
Қорыта айтар болсақ, бүгінде «бармақ бедері» адам болмысының елеусіз бір қыры болғанына қарамастан, Жаратушы Хақтың құдіретін танытатын белгі ретінде ғылым иелері тарапынан мойындалып отыр. Әрі ғасырлар өтіп, миллиардтаған адам өмірге келіп, кетсе де қол табы (Бармақ бедері) түскен немесе Иләһи мөрі басылған әрбір ісінің (жақсылық яки жамандық болсын) несібесін көрмек. Сондықтан, өмірде әркім жақсы қол табын қалдыра білуі тиіс.
Самет Оқанұлы,
исламтанушы