Құранның мазмұнын әркім өз бетінше талқылауға ешқандай ақысы жоқтығын ұмытқан секілдіміз. Қазір білімсіздің білімдімен таласқа түсетін заманы секілді. «Қиямет заман жақындағанда төрдегі тұрып, төмендегі сөйлейді» демекші, дін тақырыбы әркімнің ермегіне айналып бара жатқан іспетті.
Қиямет заман
жақындағанда, төрдегі тұрып, төмендегі
сөйлейді
Өйткені, қазір дінге қызығушылығы артқан жастардың көптігін ескерсек, кез келген діни тақырып қарахалықтың арасына тез тарап, қоғамның ағысын бұрып жіберуге шақ қалады.
Айталық, Тоқтар Абыз есімді кісі мыңжылдық тарихы бар, қазақ дүниетанымымен біте қайнасқан Құрбан айтқа тіл тигізіп, оның қазақ халқына ешқандай қатысы жоқ деп Құраннан дәлел іздеп бақты. Сол секілді Түркістан өңірінен шыққан Нүрәлі деген азамат өзін пайғамбармын, деп Құранның қазақша аудармасымен жүруді насихаттап, арақ ішіп, доңыз етін жеуді адал еткен.
Бұған қоса әлеуметтік желіде Бақытбай Сейтов мырза да өзін қазақтан шыққан пайғамбар санап, халыққа үндеу тастап жатыр. Енді міне, жуырда ғана Жанар Байсемізова есімді азаматша 30 күн ораза ұстау Құранда жоқ, деп қисынсыз тұжырымның арқасында ғаламторда көпті шулатты.
Жалпы, осы секілді ислам дініне жағар қара күйелер бұнымен толастамайтыны анық. Мұндай жағдайлар ілгеріде Мұхаммед с.а.у. пайғамбардың көзі тірісінде де орын алған.
Сондықтан осындай жағдайда мұсылман ретінде жүректегі иманға селкеу түспес үшін, дінді жақсылап оқып, оны жүрекке мықтап бекітіп алу керек болады. Себебі, жүрекке жақсылап орнықпаған иман жоғарыдағыдай алып-қашпа көзқарастар туындағанда мейлінше шайқалып отырады. Бұл мұсылманның бойына күмән салады. Нәтижесінде, ислам білімінен ажырап қалған баз мұсылман ақ қараны ажырата алмай, дал болады.
Енді Рамазан айында ораза ұстау мәселесіне келейік. Құранда оразаны бір ай бойы тұту жоқ, деп Аллаһтың атынан сөйлеп, бір тұжырымға келу үшін алдымен Құран ілімдерін бойлап білген болу керек. Кем дегенде тәпсір саласындағы ғалымдардың ой-пікірлеріне жүгіну тиіс болады. Егер олай болмаған жағдайда Құран туралы ой айтудың өзі – құрғақ сөз болып қалады.
Рамазан (шаһр) айында адам баласы үшін тура жол және ақ пен қараны дәлел ретінде Құран түсірілді. Енді қайсы бірің рамазан айына аман-есен жетсе, оны ұстасын
“Бақара сүресі”, 185-аят
«Адам білмегеннің дұшпаны», демекші қазіргі қоғамда дін тақырыбында сауаттысы да сауатсызы да сөйлеп жатыр. Адам өз бойындағы білім деңгейін ажырата алмай қалған іспетті. Рамазан айында толық ай бойы ораза тұтып шығуға байланысты көптеген нақты дәлелдер бар. Олар туралы жуырда ғана бірнеше дінтанушы мамандар өз пікірлерін білдіріп, дәлелдеп кеткен болатын. Мен өз кезегімде Рамазан айын толық тұтып шығу керектігі жөнінде Құранның бір ғана аятын тілдік мағынасы жағынан қысқаша айқындап шықсам деймін.
Оразаға байланысты Аллаһ Тағала «Бақара» сүресінің 185 аятында «Рамазан (шаһр) айында адам баласы үшін тура жол және ақ пен қараны дәлел ретінде Құран түсірілді. Енді қайсы бірің рамазан айында болса, оны ұстасын», деген. Аяттағы «шаһр» сөзі ертеде арабтарда екі мағына берген.
Біріншісі, шабуылдан қорғану үшін сауыттан қылышын суырып алу әрекетін «шаһара» деген. Екіншісі, жаңа ай туғандағы айдың басын меңзеген мағынаны білдірген.
Біз берілген аяттың «فمن شهد منكم الشهر فليصمه» – «Енді қайсы бірің рамазан айында болса оны ұстасын» деген сөзіне біршама тоқталайық.
Ибн Аббас бұған байланысты былай деген: «Кімде кім Рамазан айына кіретін болса ораза ұстасын. Егер сапарда болса қаласа ұстайды қаламаса кейін қарызын өтейді» [Тафсир Ибн Табари, 3 т. 448 б.], деген. Баршамызға белгілі ибн Аббастан келген кез-келген риуаят дәлел ретінде жеткілікті болады. Себебі, ол сахабалардың ішінде ең білікті тәпсірші атанған. Кейін келе Мекке қаласында арнайы Ибн Аббас атымен тәпсір мектебі де қалыптасқаны белгілі.
Сонымен қатар аяттағы «فليصمه» – «фалиясумһу» сөзі бұйрық райында келіп тұр. Бұл дегеніміз кімде кім Рамазан айына кірген болса ораза ұстасын дегенді білдіреді. Бұған қоса бұйрық райдағы етістіктің соңына «һу» есімдігі жалғанып тұр. Бұл «оны» деген мағына береді. Демек, «оны» дегеніміз Рамазан айы екені мәлім.
Бұдан шығатын мағына «Кімде кім Рамазан айына кірсе «оны – яғни, Рамазанды» ұстасын!. Осылайша, Аллаһ Тағала «оны» деп бөліп-жармай, толық Рамазан айын айтып тұрғанын аңғаруға болады.
Ал, Құранның мазмұнында ешбір аятта Рамазанды бөліп тұту керектігі турасында ешбір аятта кездеспейді. Сондықтан күллі мұсылмандар үшін Рамазан айы келгенде оны толық ұстау міндет болады.
“30 күн бойы тұту міндет емес” деп Құранмен сөйлейтіндер алдымен оның мазмұнын толық, жан-жақты оқып алуы керек болады. Себебі, ондағы қандай да бір мәселені анықтау үшін аудармаға ғана сүйеніп, ой тұжырымдау үлкен қателік. Өйткені, бұл Иләһи кітап болғасын ол барынша ізденісті, ыждақатты талап етеді. Сол үшін әркім өз саласында ғана сөйлесе жеткілікті әрі алып-қашпа әңгімені дінмен байланыстыру қоғам арасында дүрбелең тудыру әбден мүмкін.
Бұл өз кезегінде «бүлік шығару адам өлімінен де ауыр» деген аяттың ұғымына саяды. Сондықтан әлде кімге Құран туралы сөйлемес бұрын бүліктің алдын алу міндет болады, ағайын!