Сұрақ: Құранда бес уақыт жайлы айтылған ба?
Жауап: Дінімізде әрбір ақылды, балиғат жасына толған ер, әйелге күніне бес уақыт намаз оқу парыз екендігін білдіретін көптеген аят, хадистер бар. Бұл мәселеде Ислам ғұламалрының ижмәғы да бар. Ғұламалар, намаздың парыздығын мойындамаған адамның діннен шығатынын айтады. Ал, намаздың парыздығын мойындап, бірақ намазға немқұрайлық танытып оқымаған адам күнәкар мұсылман болып саналады[1].
Имам Матуриди, Құрандағы: «Күндіздің екі уақытында және түннің күндізге таяу уақытында намаз оқы» («Һуд» сүресі, 114-аят) деген аяттың тәпсірінде: «Аятта үш намаз зікір етілді. Күндіздің алғашқы бөлігіндегі таң намазы мен соңғы бөлігіндегі екінті намазы. Және түннің күндізге жақын болған уақыттағы ақшам намазы. Ал қалған намаздар, «Рум» сүресі, 17-18 аятындағы: «Кеш батырған кезде» деген сөзі екінті намазын, «таң атырғандарыңда» деген сөзі таң намазын, «ғәшиян» деген сөзі құптан намазын және «түскі уақытта» деген сөзі бесін намазын білдіріп тұр. Бұл аятта ақшам намазы айтылмағанымен, ақшам намазы «Һуд» сүресі, 114-аятындағы «түннің күндізге таяу уақытында» деген сөзінде айтылған. Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.): «Намаз – күнәлардың кешірілуіне себеп болады. Қаласаңдар: «Ақиқатында, жақсылықтар жамандықтарды жояды» аятын оқыңдар», – деді» деген хадисін риуаят етті. Бұл аяттағы «жақсылықтар» бес уақыт намазды меңзеп тұр. Бес уақыт намаз –адамды күнәлі істерден қайтарып, тазаруына себеп болатындығы жайлы риуаяттар көп»[2]деп, бес уақыт намаздың Құранда көрсетілгенін айтып, «Құранда бес уақыт намаз туралы келмеген, аяттарда тек күніне үш уақыт немесе тек таң намаз жайлы ғана айтылған» дейтін кейбір ағымдардың қате көзқарасының дұрыс еместігін айтады.
Демек, мүміннің миғражы болған намаз күніне бес уақыт қайталанып орындалу арқылы адамның тәні мен рухын әртүрлі кірлерден тазартады. Намаз оқыған адам күніне бес уақыт Жаратушысы алдында, «Аллаһу әкбар» (Алла ұлық), «Субханаллаһ» (Алла кемшіліктерден пәк) және «Әлхамдулилләһ» (Аллаға шүкір) деп, Жаратушысын ұлықтау арқылы мәртебесе асқақтай түспек.
Самет Оқанұлы,
исламтанушы