Бірде Усайд ибн Хузайр (р.а.) түн мезгілінде Құран оқып отырады. Бір уақытта атының кісінегенін байқайды. Құранын оқи береді, аты тағы кісінейді. Құран оқуын одан әрі жалғастырады, аты тағы кісінейді. Сөйтіп, аты бір жыланды немесе жыртықшты көріп, үркіп тұрған шығар деген оймен шатырдан шығып, атына барады. Сол сәтте өзінің үстінде бір парша бұлттың тұрғанын байқайды. Одан шырақ сияқты жарықтарды көреді. Ол оны көкке көтеріліп көзден ғайып болғанша қарап тұрып қалады.
Усайд ибн Хузайр (р.а.) таң атқаннан кейін Алланың елшісіне (с.ғ.с.) барып:
–Уа, Алланың елшісі (с.ғ.с.)! Кеше қас қарая мен Құран оқып отырған едім. Бір кезде атым кісінеді. Не үшін? – деп сұрадым. Алланың елшісі (с.ғ.с.):
–Құран оқуыңды жалғастыр – деді. Мен тағы:
–Құранымды жылғастырдым, атым тағы кісінеді – дедім. Пайғамбар (с.ғ.с.):
–Құраныңды тоқтатпа – деді. Мен әрі қарай:
–Сыртта байлаулы тұрған аттың жанында жылан бар шығар оны шағып алуы мүмкін деген оймен аттың қасына бардым. Қарасам, өзімнің үстімде бір парша бұлттың тұрғанын байқадым. Онда шырақ сияқты жарқ-жұрқ еткен жарықтарды көрдім. Әлгі жарығы бар бұлт жоғары көтеріліп, ауамен бірге ғайып болып кеткенше қарап тұрып қалдым – деп айттым. Алланың елшісі (с.ғ.с.):
–Олар сені тыңдауға келген періштелер. Егер Құран оқуыңды тоқтатпағаныңда, онда оларды көретін едің – деп жауап берді» деген хабарды жеткізеді.
Бұл әңгімеден байқағанмыздай Құран оқылған жерге періштелер түседі екен.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ