Сұрақ: Құран «шапағатшы» бола ала ма?
Құран Кәрімнің көптеген ерекшеліктері бар. Мысалы, Ибн Масғұд (р.а.): «Егер білімді қаласаңдар, онда Құранды оқыңдар. Күмәнсіз, оның ішінде бұрынғылар мен кейінгілердің білімі бар», – деп айтқан.
Сол сияқты пайғамбардың (с.ғ.с.) Құранның қиямет күнінде шапағатшы болатыны жайында айтқан көптеген хадистері бар. Мысалы, Ән-Науас ибн Сумған (р.а.): «Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Қиямет күнінде Құран оқушылар мен дүниеде оқыған Құранына амал қылған адамдар келтіріледі. Сонда Бақара мен Әли Имран сүрелері оларға араша түседі», – деп айтқанын есіттім» деген риуаятты жеткізеді (Мүслим).
Құранның тіпті, қабір ішінде де шапағатшы болатынына мынадай риуаят бар: Ұрыстардың бірінде Алла елшісінің (с.ғ.с.) сахабасы бір орынға шатырын тігеді. Шатырда жатып, жер астынан адамның:
«Бүкіл билік қолында болған Алла, аса ұлы әрі Ол, әр нәрсеге күші толық жетуші», – деген Құран оқушының дауысын естиді. Ол дереу Алланың елшісіне (с.ғ.с.) келіп:
– Мен жер астынан «Бүкіл билік қолында болған Алла, аса ұлы әрі Ол, әр нәрсеге күші толық жетуші», – деп Құран оқыған адамның дауысын есіттім, – дейді.
Пайғамбар (с.ғ.с.) оған:
–Ол, сол қабір иесінің дауысы. Оның «Мүлік» сүресін оқуының себебі, бұл сүре адамды Алланың азабынан сақтайды, – деп жауап береді.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,
дінтанушы