Сұрақ: Құран оқып, дем салған адамға хадия (сыйлық) алуға рұқсат па?
Жауап: Бір күні сахабалар сапарға шығады. Күн бата демалулары үшін олар яһудилердің қоныстанған ауылына тоқтайды. Сахабалар бұл ауылға құдайы қонақ болып барады. Бірақ ауыл тұрғындары оларды қабылдамай елді-мекеннің сыртына шығарып жібереді.
Сол арада яһудилердің көсемін шаян шағып алады. Олар оның уын қайтару үшін ем жасап әбден әлекке түседі. Бірақ, мұның барлығы оңды нәтиже бермейді. Олардың арасынlf:
–Қап, әлгі жолаушыларды ауылда алып қалғанда, бәлкім олардың бірінен мына дертке қарсы дәрі-дәрмек шығар ма еді! – деп сан соққандары да болды.
Сөйтіп яһудилер ауылдың шетіне уақытша тұрақтаған әлгі сахабаларға келіп:
–Ей, жамағат! Біздің көсемімізді шаян шағып алды. Қолымыздан келгенін жасадық. Шарамыз таусылды. Сендердің біріңде бұған ем қылатын нәрсе бар ма? – деп өтініш білдіреді.
Сахабалардың арасынан біреуі тұрып:
–Ия, бар. Аллаға қасам, мен дем саламын! Бірақ, біз сендерге құдайы қонақ болып барғанымызда сендер бізге жылы шырай танытпадыңдар. Сол үшін сендер бізге ақысына бір нәрсе бермейінше мен дем салмаймын – деп шарт қояды.
Яһудилер мұның ақысына біршама қой беруге сөз береді. Әлгі сахаба барып, шаян шаққан яһудиге «Фатиха» сүресін оқып үрлейді. Ол дертінен айығып, жүріп кетеді. Яһудилер келіскен қойларын береді. Сахабалардың бірі:
–Бұл қойларды бөліп алайық – деген ұсыныс айтады. Әлгі Құран оқыған сахаба:
–Жоқ, Алланың елшісіне (с.ғ.с.) барып, хабар бермейінші бұлай жасамаймыз – дейді. Олар пайғамбарға (с.ғ.с.) болған жағдайды баяндайды. Алланың елшісі (с.ғ.с.):
–Оған дем салу керектігін қайдан білдің? – деп, кейін:
–Олжа сендердікі, оны бөліп алыңдар – дейді (Бұхари, Мүслим).
Риуаяттан көргендей Құран оқып дем салған адам өзінің оқыған Құраны үшін ақы алуына рұқсат, бірақ, алатын ақысын белгілемейді. Яғни, «Менің салған демім үшін бір қой немесе сиыр, жылқы бересін, яки, болмаса пәленше теңге төлейсің деп талап етпейді. Олай жасау дұрыс емес. Егер емделген адам Алланың қалауымен дертіне шипа тауып, өз ризашылығымен дем салушыға атағаны болса, ол адам соны қанағат тұтады.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,
дінтанушы