Сұрақ: Құран неге 23 жылда түсті?
Жауап: Құран ақиқатын жоққа шығаруды ойлаған кейбіреулер, «Құран неге бұрынғы иләһи Тәурат, Інжіл кітаптары секілді бір жолда түспейді. Оның бөлек-бөлек 23 жылда түсуінің өзі адам тарапынан жазылғандығын көрсетеді» деп түрлі күмәнді сұрақтар қойылып жатады.
Әрине, мұндай сұрақтардың қисынсыз екендігін Құранның 23 жылда бөлек-бөлек түсу мәніне үңілген адамның ғана аңғарары сөзсіз. Қасиетті Құранның 23 жылда бөлек-бөлек түсу мәнін ашу том-том кітап боларлық мәселе. Бұл жерде сұраққа қысқаша ғана жауап беріп өтуді жөн көрдік.
Атақты тәпсір ғалымы Ибн Кәсир, Құрандағы: «Біз оны (Құранды) Қадір түні түсірдік» («Қадір» сүресі, 1-аят) деген аяттың тәпсірінде: «Алла Тағала Құранның қадір түні түскені жайлы хабар берді.
Қадір түні, ол – «Біз оны құт-берекеге толы қасиетті түнде түсірдік» («Духан» сүресі, 3-аят) делінген, берекелі түн. Басқа бір аятта: «Рамазан айы – Құран түскен ай» («Бақара» сүресі, 185-аят) делініп, Құранның Ләухул-Махфуздан аспан әлеміндегі Бәйтул-Ғиззәға бір бүтін (толық кітап) болып түскені айтылды. Содан кейін Алла елшісіне (с.ғ.с.) 23 жылда түрлі жағдай, қажеттілікке сай бөлек-бөлек түсті» (Мұхтасару Тәфсири Ибн Кәсир, 2-том, 750 б.), – дейді.
Құдіреті күші Алла Тағала үшін Құранды бір жолда түсіру қиын іс емес. Алайда, өмірлік жүйелері әділетсіз құрылымдар мен көп құдайлық түсінік негізінде қалыптасқан халықтың әрбір аяты мен сөзі хикметке толы Құран бір жолда түскенде, оны түсініп кетулері, өмірлеріне сіңдіре алулары қиынға соғары анық.
Сондай-ақ, күрмеулі бір мәселе туындай қалған сәтте оған Құраннан тұшымды жауап беріліп, аяттың түсіп отыруы құтты қатты шөлдеген адамның мұздай суды мейірлене ішкені тәрізді түсінікті әрі жұғымды болмақ. Яғни, Құран өмірлеріндегі сан түрлі шешімін таппаған мәселелерге реті келгенде жауап беріп отыру арқылы адамдардың көңілдеріне ислам нұрын сіңіріп, рухани кемелдендірді.
Алғашқы буын, яғни, сахабалар 23 жылдық Құран түсу кезеңінде діни түсініктері тереңдеп, сенімдері шыңдалды. Сол рухани күшпен ислам діні төрткүл дүниеге таралды.
Қорыта айтар болсақ, Құран 23 жылда бөлек-бөлек түсу арқылы әрбір істі ретіне қарай істеп, уақыты келгенде білім беріп отырудың адам өмірін өзгертудегі алатын орны ерекше екендігін ұқтырды.
Сонымен қатар, Құранның 23 жылда қажеттілікке сай бөлек-бөлек түсуі иләһи Хақ кітап екендігінің бірден-бір дәлелі.