Мұндай жағдайды иманның исламмен бірігуі және исламның да ихсан деңгейіне жетуі – деп айтады. Бұл мәртебеге кәміл мұсылман ғана жетпек. Ол адам – Алланың сүйікті құлы. Себебі, мұсылманның иман мен исламда ең биік шыңға жетуі – ихсанды білдіреді.
Ихсан дегеніміз – «Аллаға өзін көріп тұрғандай құлшылық ету. Сен оны көрмесең де, Ол сені көреді» (Бұхари, Мүслим). Расында да біз Алланы көрмесек те, Ол бізді көреді, естиді және біздің барлық ойымыз бен ниетіміз Оған аян. Алла – Білуші, Көруші. Пенденің шын ықыласпен құлшылық қылмауы оған ешқандай пайда бермейді, еңбегі зая кетеді. Шынайылыққа жетуі үшін адам әрбір істе ықыласымен, ынтамен құлшылық етіп, үнемі Жаратушыны еске алып отыруы тиіс.
Сонымен, дін ғалымдарының айтуынша Құран аятын Алланың Өзінен естіп тұрғандай сезінудің үш мәртебесі бар. Ең төменгі мәртебесі: мен Құранды Алланың құзырында оқып тұрмын деп елестету; екінші мәртебесі, Алла мені көріп және құдіретімен сөйлеп тұр деп жүрегімен сезіну. Сонда адамның бойында ықылас, ұят және аятты көңілімен түсіну сияқты сезімдер пайда болады. Үшінші мәртебе, жоғарыда айтылған екеуінен жоғары саналады. Мұндай мәртебеге Алланың сүйікті пенделері мен тақуалар ғана жетеді. Бұл жағдай – аятты айтушы Раббыны және Оның сипаттарын көріп тұрғандай сезімді кешу.
Жалғас Садуахасұлы