Құран – Алланың cөзі, Алланың кітабы. Сондықтан да оны «Кәләм Алла» (Алланың кәләмі, Алланың сөзі) деп те атайды. Құран – адамдарға тура жол көрсетуі үшін Мұхаммедке (с.ғ.с.) түскен қасиетті кітап. Құран жиырма үш жылда түсіп бітті. Алланың елшісі (с.ғ.с.) бақилық болған уақытта Құран толықтай түсіп, сахабалардың жүрегінде және үзінділер түрінде жануар терісі, сол сияқты т.б. нәрселерге сақтаулы болатын. «Құран Алланың кітабы» деген уақытта мұсылман баласының бұған күмән келтіруіне болмайды. Алла Тағала Құранда анық және ашық түрде баян еткен:
«Осы Құран Алладан өзгенікі деп жала жабуға болмайды. Ол, алдындағыны растап, Кітапты ашық баян етеді. Әлемдердің Раббысынан екеніне шек жоқ» (Жүніс: 37).
Әрине, «адам баласынан айла асқан ба?» демекші, діннің дұшпандары Құранның қасиеттілігін қаралау мақсатында алғашқы аяттар түскен сәттен бастап, «Құран Мұхаммедтің сөзі», «Мұхаммед Құранды бір яһудиге жаздырған», «Құранды ақын адам жазған» деген сияқты т.б. түрлі пікірлер айтып, жала жапқан. Құранда бұл туралы былай делінген:
«Я болмаса олар: «Құранды өзі жасап алды» дей ме? Жоқ, олар иман келтірмейді. Ендеше, егер шыншыл болса (сөздерінде тұрса) Құран сияқты бір сөз келтірсін» (Тур: 33-34).
Мұнан соң «мен» деген араб шайырлары мен ақындары Құран тәріздес туынды жазуға кірісіп те кетеді. Бірақ, олардың өлеңдері халықтың күлкісіне ұшырап, бүтін абыройларынан айырылды.
Алла Тағала мұны да Құранда былай деген еді:
«Егер құлымызға түсіргенімізден күдіктенсеңдер, онда сендер де соған ұқсас бір сүре келтіріңдер, Алладан өзге көмекшілеріңді де шақырыңдар, егер сөздерің рас болса. Егер оны істемесеңдер, (әзір келтірмесеңдер, келешекте) сірә, істей алмайсыңдар (Һуд: 13).
Жалғас Садуахасұлы