Қай қазақты алсаңыз да, арабша жазуы бар қағаз көрсе, оны аяқасты етпей, жоғары көтеріп қояды. Біреу айтып еді, бір қазақ жерде жатқан арабша жазуы бар қағазды тауып алып, оны қастерлеп сақтап қойыпты деп. Кейін арабша білетін біреуді тауып алып оқытса, анау айтқандай мән-маңызы жоқ бір жазу боп шығыпты.
Бұл бізге қазақтың дінге, Құранға деген құрметінің, сүйіспеншілігінің қаншалықты жоғары екенін көрсетеді. Әрі бұл құрмет пен сүйіспеншілік қазақтың тегі мен қанына дейін сіңіп кеткен. Қандай да бір арабша жазу көрсе болды, Құран әрпі деп, оны аяқасты етпеуге тырысады. Тіпті, діннен хабары жоқ, Құран оқу білмейтін, бірақ шаңырағында Құраны бар үйлерге барсаңыз, Құранға құрмет көрсетіп, оны орамалға орап, аппақ қалтаға салып, үйдің ең жоғарғы жағына іліп қояды.
Міне, қазақтың жүрегінен дінге, Құранға деген құрмет өшпейінше, қазақтың да мәртебесі өсе бермек. Себебі, Алла Тағала өзінің кәләмына құрмет көрсеткен жанның абыройын асқақтатып, дәрежесін көтере бермек. Бұған тарихта көптеген мысалдар бар.
Алланың есіміне деген құрмет маскүнемді әулие қылған
Бишр әл-Хафи есімді әулие болған. Әулие болмастан бұрын шарапхананы жағалаған араққұмар біреу бопты. Сол Бишр әл-Хафи бір күні тағы да мас күйінде үйіне қайтып келе жатып, жерден «Бисмилләһ» деген жазуы бар қағазды көреді. Қанша жерден мас болса да, Алланың есіміне құрмет көрсетіп, әлгі қағазды жерден көтеріп, сүйіп, балшықтан тазалап, хош иіс жағып, үйіне апарып, биіктеу жерге қабырғаға іліп қояды.
Сол түні ауылдағы бір әулие ғалым түс көреді. Түсінде: «Бар, Бишрға сәлем айт! Ол біздің есімімізді қалайша тазалаған болса, біз де оның жүрегін тазарттық. Есімімізге құрмет көрсетіп, қалайша жоғары ілген болса, біз оның есімін құрметтеп, жоғары мәртебелі құлдарымыздың қатарына қосамыз. Біздің есімімізге хош иіс жаққаны секілді оны көркем етеміз, әрі есімін де бұл дүние мен ақыретте хош әрі әсем етеміз», – деген үн естиді. Бұл түсті ғалым үш рет көреді.
Таңертең тұра салып, Бишрді іздеуге кіріседі, не керек, ақырында шарапханадан табады. Бишрге барып, маңызды шаруасы барын айтады. Бишр де:
– Сіздің не шаруаңыз болуы мүмкін мендей жанда? – дейді.
– Саған маңызды хабарым бар, – дейді ғалым да.
– Кімнен? – дейді Бишр әл-Хафи.
– Алла Тағаладан! – дейді ғалым. Бұны естіген Бишр көзі жасына ерік беріп, жылай бастайды.
– Халім – мәлім. Ашулы болар маған, ауыр азаптайтынын айтты ма?
Ғалым да көрген түсін айтады. Түсті ести сала, есін жиып, сол жерде тәубе етеді. Шөлмектес достарына қарап:
– Уа, жарандар! Мені шақырып жатыр. Бұдан былай мені бұл жерден көрмейсіңдер! – деп, сол жерде ескі өмірімен біржолата қош айтысады.
«Сопы сұмнан шығады» деген осы болар. Осылайша, Бишр әл-Хафи Алланың есіміне деген құрметтен мәртебесі асқақтап, танымал әулиеге айналады.
Құранға құрметі үшін әлемді билеген
Алла Тағала Османлы мемлекетінің негізін қалаушы Осман Ғазидің де Құранға көрсеткен құрметі үшін ұрпағының салтанатын әлемге жайып, күллі жиһанға билігін жүргізу мәртебесін берген. Бір күні Осман Ғази Шейх Әдәбәлиге зиярат ете барып, түскен үйінің керегесінде Құран Кәрім ілулі тұрғанын көреді. Түн болып, ұйықтайтын уақыт келгенде, Құранға деген құрметсіздік болар деп, аяқ созып жатуға ыңғайсызданып, түнін отырумен өткізеді. Таңға жуық отырған күйі талықсып ұйықтап кетеді. Дәл сол кезде аян көреді. Түсінде Шейх Әдәбәлидің қойнынан бір ай туып, өзінің қойнына кіреді де, артынша кіндігінің тұсынан бір ағаш өсіп шығады екен. Әлгі ағаштың бұтағы мен жапырақтары күллі әлемді қапсаған. Саясында да қаншама таулар мен аққан өзендерді, сондай-ақ бір-бірімен сапырылысқан халықты көреді. Түсін Шейх Әдәбәлиге баяндап береді. Ол да:
«Ей, Осман, сүйінші! Алла Тағала саған және сенің ұрпағыңа билік пен салтанат береді. Күллі әлем ұрпағыңның қамқорлығында болады. Қызым да саған қалыңдық болады», – деп, түсін жорып, қызын некелейді.
Міне, бұл да – Құранға құрмет көрсетушінің Алланың құзырында да құрметке ие болатындығына айқын дәлел. Сахабалардан Хазіреті Омар, Осман, Икрима, Абдуллаһ бин Омарлар да Құранды қолдарына алған сайын, оны сүйіп, жүзіне басып, көзіне сүртіп, «Раббымның кәләмы, Раббымның кітабы» деп ерекше сүйіспеншіліктері мен құрметтерін көрсеткен.
Ендеше, Құранға деген құрметімізді арттырып, Алланың құзырында құрметке бөленейік. Алайда, Құранға ең үлкен құрмет оның үкімдерімен өмір сүру екенін ұмытпайық.
Салтан САЙРАНҰЛЫ