Рамазан – мукәллиф (балиғатқа жеткен) мұсылман былай тұрсын, жеті жастағы балауса мен жетпістегі қарияны қатар қуантатын шұғылалы ай. Жас өскін үлкендерден мейірім көріп, ауызашарға әзірленген аста-төк жеңсік астан дәм татып бір қуанса, жетпістегі қария оразаға аман-есен жеткеніне шүкіршілік қылып, ынтымағы жарасқан көпшілік қауымға ақ батасын беріп, көңілі шат-шадыман болып, бір қуанады. Ал, мукаллиф мұсылман кіндігінен өрбіген балдырғандарға қуаныш сыйлап, жасы үлкен қариялардың ақ батасын алып, көңілі мәз-мәйрам күйге көтеріледі.
Рамазан айында аш құрсақ жетім-жесір мен жоқ-жітіктің де ішегі майланып, бүйірі шығып, бай-бағланның мейірім-шапағатына бөленеді. Ыңыршағы айналған аш күндер мен қабағы қату кісілерден көрген қағажуды ұмытып, киім бүтін, көңілі тоқ, барахатты күй кешеді. Себебі, бұл айда мукәллиф мұсылмандар мол сауапқа кенелу үшін пейілді кеңге салып, қолындағы барын міскін-ғаріпке садақа қылады. Алла Елшісінің (с.а.у) хадис-шарифтерінде Рамазанда жасаған қайыр-садақаның оннан жеті жүз есеге дейін сауабы жоғары болатындығы айтылған. Осыған орай, мұсылмандардың көңіл әлемін мейрім-рахым мен сақи-жомарт пейіл билейді. Нәмәрттік пиғылды тәрк етіп, нән қайырлы істерді атқарып, мол сауапқа кенелуге ұмтылады. Бейне момын-мұсылмандар жақсылық жасаудың аламан жарысына түскендей тақым қысады.
Рамазан айында жаһанда жамандық атаулы сап тиылып, жақсылық көл-көсір болып тасиды. Статистикалық деректерге қарағанда, осы мезгілде қылмыс саны күрт азайып, қоғам мамыражай күйге енеді екен. Қылмыс түгілі, қайнаған қоғамда орын алып жататын жай келіспеушіліктер де там-тұм азая түседі. Әдеттегі күннен бұлайша бейбітшіліктің бәсі жоғары болуының сыры – Рамазан айында бұқара халық Хақтың разылығы үшін бұра-саяқ теріс пиғылды тізгіндеп, сүркей ойды тежеп ұстайды. Жұртшылық бір-бірімен мейлінше тату болуға тырысады. Әлдеқандай дау туа қалса, «Ғафу өтінемін, мен оразамын» деп ұрыс-керістен бас тартады. Ең бастысы – адамдардың ойы түзеледі. Ой түзелгенде, қоғам да түзеледі. Бұл сөз жоқ Рамазан айының шарапаты!
Иә, ауыз бекітіп, ораза тұтқанның қалың бұқараға үлкен әсері бар екені даусыз. Жеке тұлғаға тигізер игі әсерін айтар болсақ, ораза тұтқан адам жалпы бұл айда рухани тезден өтеді. Бұл фаниде адам болып қалудың сырын ұғып, адамшылдықтың хикметін игереді. Хаққа деген наным-сенімін нықтай түсіп, ізгі сезімдерді оятып, теріс қылықтардан арылып, өз-өзін пендеуи құлдыраудан құтқарады. Себебі, бұл айда адамның аузымен бірге тілі, көзі, құлағы, аяқ қолы да ораза тұтады. Тілі қақ-соқты әңгімелеуден, жалған сөйлеуден, жала жабудан, арандатудан, ғайбат айтудан тиылып, қолы дін тұрғысынан харам саналған жәйттерден ұзақ тұрып, аяғы абыройсыз жерге барудан тиылып, құлағы өсек тыңдаудан арылып, жүрек пейілі лаң мен іріткі салудан барынша ұзақ тұрады. Осылайша Рамазанда мұсылманның мінез-құлқы илаһи көркемдікке бет-бұрыс жасайды.
Рамазан айы адамның сайтанның уасуасына қарсы тұрып, өзін-өзі билеуіне мүмкіндік береді. Бұл рухани күй турасында Алла Тағала Құран-Кәрімде: «…сөгіс беруші ант етемін» (Қияма, 2) деп бұйырады. Хақ Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадис-шарифінде: «Рамазанда шайтандар шынжырға байланып, матап ұсталынады» дейді. Осыған орай, Рамазанда бойыңдағы жамандыққа түрткі болып тұратын нәпсі де шідерленіп, сені азғыруға қауқарсыздық танытады. Ең басты жаудың басы қайтқан соң бойды ізгіліктің рухы билейді. Айталық, адам құлқын сәресіден кешқұрым ымырт түскенге дейін аш құрсақ болып, өзін ішіп-жеуден тиып, өзін-өзі басқаруды қолға алады. Пенденің өзін-өзі басқара білуі, оның жамандық атаулыға қарсы тұра алатынын білдіреді. Демек, бұл үлкен рухани прогрес!
Рамазан айында әлеумет те рухани бір сүзгіден өтеді. Бұл айда адамдардың көңілдері райланып, бақытты сезімдері алаулай түседі. Таң сәрісінде отбасындағы қарым-қатынастың белгілі-бір рухани тәртіпке енуі, кеш түсіп, ауыз ашар сәтіндегі ағайын туыс пен дос жаранның, бай-манап пен кедей-кепшіктің, жас пен жасамыс кәрінің бір дастарханда бас қосуы әлеуметтік бірігуді күшейтеді. Әсіресе, кәсіпте немесе қоғамның түрлі салаларында бәсекелес болып жүрген азаматтардың ауыз ашарда бір дастарханда бас қосып, табақтас болуы, олардың өзара түсіністікке келуін арттыруға зор мүмкіндік тудырады.
Ауыз ашардан кейінгі тарауих намазының рухани селбесуді одан арықарай арттыра түсетіні өзінше бөлек әңгіме. Бір аулада, бір көшеде тұратын ағайын-туыс пен дос-жарандар тарауих намазын оқу үшін кешқұрым мешітте бас қосады. Бір қатарда тұрып намаз оқып, бірге дұға-тілек жасайды. Сосын тарауих намазынан кейін бір-бірін шайға шақырып, сұхбаттар құрып, көңілді арайландырып, арада құлақ құрышын қандырар небір рухани уағыз-насихат айтылады. Сол рухани әңгімелер көңіл тұтастығын құрып, көпшілік қауымның береке бірлігі арта түседі.
Түйін: Иә, мұсылман баласы үшін ауыз бекітіп, ораза тұтқанның өнегесі ұшаң-теңіз. Оны моншақтап жіпке тізетін болсақ, таңды таңға, айды айға ұрып айтуға болады. Әсілі, Рамазан айындағы момын-мұсылманның әрбір шариғи амалының өзіндік тағылымы мен хикметі бар. Ол хикметті көріп, түйсініп, тарқатып айту – молда мен уағызшының уәзипасы, ал, Рамазан өнегесін ойға түйіп, көңілге тоқу жамағаттың міндеті. Келе жатқан Рамазан айы құтты һәм берекелі болсын ағайын!
Мұхан Исахан