Ресейдің құрамында отырған Татарстан Республикасының президенті келешекте “райыс” деп аталмақ. Яғни “Татарстан Республикасының райысы” деп айтылады.
Өткен жылы Владимир Путин Ресей ішіндегі ұлттық республикалардың “президент” атауын қолдануына тыйым салатын заң қабылдаған еді. Бұл заң тікелей Татарстанға қарсы бағытталды. Өйткені өзге республикалардың бәрі “президент” сөзінен баяғыда-ақ бас тартқан. Тек татарлар ғана оны сақтап отырған-ды.
Аталған заңды орындау міндетті болғандықтан енді татарлар арбаны да сындырмайтын, өгізді де өлтірмейтін амалын апты. Елдің қазіргі басшысы Рустам Минниханов өкілеттегі біткенше “президент” болып қалады. Өйткені халық оны осы лауазыммен сайлаған болатын. Ал одан кейін келетін республика басшысы “райыс” деп аталатын болды.
Маржани атындағы тарих институтының директоры Радик Салиховтың айтуынша, Татар республикасының негізін қалаушылар кезінде “райыс” деп аталған. “Кеңестік Татарстанды құрушылардың бірі әрі республика ұлттық комиссарлар кеңесінің бірінші төрағасы Сахиб-Гирей Саид-Галиев Татарстан Республикасының райысы болды. Кейін оның орнына келген Кашшаф Мұхтаров да ресми түрде райыс лауазымын иеленді”, – дейді тарихшы “Татар-информ” ақпарат агенттігіне берген сұхбатында.
“Райыс” сөзі татар тіліне арабшадан енген. Татарша ол президент, мемлекет басшысы, төраға деген мағыналарды береді. ХІХ ғасырда белгілі тарихшы, дін ғалымы және ойшыл Шигабутдин Маржани бұл сөзді өз-өзін басқаратын татар қауымдастықтарының жетекшісі мағынасында қолданған.
“Маржани өзінің “Қазан және Бұлғар тарихы бойынша дереккөздер” атты еңбегінде татар халқының Ресей империясы құрамында өз-өзін басқару жүйесінің қалыптасуы туралы айта келе сол кездегі белгілі райыстардың бәрін тізбелеп келтірген”, – дейді Радик Салихов. Кейін бұл сөз қоғамға кеңінен тарады. Сол кездері жазушы әрі қоғам қайраткері Фатих Әмірхан өз мақалаларында монархиялық және республикалық құрылымдар туралы ой өрбіте келе республика басшысын “райыс” деп атаған.
“Сондықтан “райыс” сөзі тарихи тұрғыда өте орынды. Оның үстіне Рустам Минниханов “Ресей – Ислам әлемі” стратегиялық тобын басқаратынын ескерсек, халықаралық тұрғыда да бұл сөз республиканың шетелдік серіктестеріне түсінікті”, – дейді Салихов.
Осылайша татарлар Рамзан Қадыров сияқты Кремльге бас шұлғып отыра беретін жуас түйе емес, өз ойы мен ұстанымы бар Егемен Ел екендігін тағы бір дәлелдеді.
Қазақ халқында “райыс” сөзі көп айтылмағанымен бұл ұғым біздің тілімізде де бар. Мәселен, “Бабалар сөзі” көптомдығында ол “бастық”, “билеуші”, “төраға” мағынасында қолданылған.
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ