Сұрақ: «Рай» және «хадис» мектептерінің айырмасы неде?
Жауап: Сахабалар мен табиғиндер кезеңінде Иракта басталған Құран және сүннетке негізделген діни білім «рай» (пікір, көзқарас) және ижтиһадпен толықтырылды. Негізінде бұл әрекет VІІІ ғасырдың орталарында Әбу Ханифа және оның шәкірттерінің еңбектерінің арқасында бір жүйеге түсіп, мектеп халіне келтірілді.
«Әһли-Рай» немесе Ирак фыкһы өзінің осы ерекшелігімен Хижаз фыкһына қарсы бір мектеп ретінде саналды. Мәдинадағы Хижаз мектебі «Хадис мектебі» (Әһли-Хадис) деп те айтылады. Бұл мектептің ерекшелігі белгілі бір діни мәселенің шешімін табуда барынша Құран және хадистерге сүйеніп, жеке көзқарас (рай) пен ижтиһадтан ұзақ тұрады. Олар тек белгілі бір мәселеге байланысты ешбір дәлел табылмаған жағдайда ақылға жүгінуге мәжбүр болды.
Ал «рай мектебінің» ерекшелігі, олар көп жағдайда хадистерден дәлел іздеуге құқықты емес. Жеке көзқарастарын көп пайдаланады. Егер олардың белгілі мәселедегі көзқарастарына қатысты бір сахих (рас) хадис табылып жатса, онда олар айтқан пікірлерінен қайтып, әлгі сахих хадисті дәлел ретінде алып отырды.
Методологиялық ерекшеліктеріне байланысты «рай» мектебі әлсіз хадистерді қабылдамайды. Өйткені олар мұндай хадистердің жалған болу ықтималдылығы жоғары деп есептейді.
Ал енді жоғарыда айтылған «хадис мектебі» жеке көзқарақа қарағанда осы әлсіз хадистерді жоғары қойып отырды.
Хадис мектебінің имамы (ұстазы) болып саналатын Имам Малик (Малики мәзһабының құрушысы) осы секілді хадистерді және Мәдина халқының амалдарын дінде дәлел ретінде қолданып отырғаны белгілі (Назра Тарихия фи худус әл-Мазахиб әл-арбаға).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ