Радикалды идеологияның қауіптілігі мәселесі қазіргі әлемде маңызды және өзекті болып табылады. Радикалды идеологиялар саяси, діни, әлеуметтік немесе идеологиялық сипатына қарамастан қоғамның тыныштығына, тұрақтылығы мен келісіміне қауіп төндіреді. Радикалды идеология – бұл әлеуметтік жүйедегі немесе мәдениеттегі түбегейлі өзгерістердің қажеттілігін көрсететін және осы мақсаттарға жетудің түбегейлі әдістерін насихаттайтын сенімдер жиынтығы. Радикализм саясат пен діннен бастап, қоғамдық қозғалыстар мен экономикаға дейін әртүрлі салаларда көрінуі мүмкін.
Радикалды идеологияның ең қауіпті көріністерінің бірі – экстремизм мен терроризм. Радикалды топтар мен ұйымдар өз мақсаттарына жету үшін азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігіне қауіп төндіретін, сондай-ақ қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылықты бұзатын зорлық-зомбылық пен террорға баруы мүмкін. Радикалды идеологиялар қоғамның поляризациясына ықпал етіп, оны әртүрлі аймаққа бөліп, идеологиялық айырмашылықтар негізінде қақтығыстар тудыруы мүмкін. Бұл әлеуметтік ынтымақтастық пен келісімге қауіп төндіретін әлеуметтік және этникалық қайшылықтардың шиеленісуіне әкелуі мүмкін. Радикалды топтар мен режимдер диктатура немесе тоталитарлық режим орнату арқылы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қысым жасай алады, бұл заңның үстемдігі қағидаттары мен демократияның негізгі нормаларының бұзылуына алып келеді.
Радикалды идеологиялар көбінесе нәсіл, дін, этникалық немесе жыныстық бағдар сияқты әртүрлі белгілер бойынша өшпенділік пен кемсітушілікті насихаттауға негізделген. Бұл қоғамда зорлық-зомбылық пен жанжалдың күшеюіне әкелетін өшпенділік пен дұшпандық ахуалын тудырады. Радикалды идеологиялар дәстүрлі құндылықтар мен өмір салтына нұқсан келтіру арқылы қоғамның мәдени құндылықтары мен болмысына қауіп төндіреді. Бұл қоғамның ұйымдаспауына және ыдырауына, бір сөзбен айтқанда, бірегейлігінің жоғалуына алып келеді. Радикалды идеологиялар адамдардың психологиялық жағдайына әсер етіп, олардың ой-жүйесінің радикалдануына, сондай-ақ агрессивті және зорлық-зомбылық тенденцияларының күшеюіне әкеледі. Бұл қоғамда зорлық-зомбылық пен лаңкестік әрекеттердің көбеюіне септігін тигізері анық. Әлемдік саясатта радикалды идеологиялар жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікке қатер төндіретінін барлығымыз білеміз. Радикалды идеологияға негізделген қақтығыстар мен соғыстар аймақтық және жаһандық қауіпсіздік үшін жойқын зардаптарға, ал адамдардың қиналып, туған жерлерінен жыраққа көшуіне, дәстүрлердің бұрмалануы мен ассимиляциясына душар етеді.
Радикалды идеологиялар көбінесе қоғамның дәстүрлі құндылықтары мен әдет-ғұрыптарына қайшы келеді. Радикалды идеялардың әсерінен адамдар өздерінің дәстүрлі құндылықтарынан, өмір салты мен әдет-ғұрыптарынан бас тартуы мүмкін, бұл қоғамның мәдени мұрасы мен тарихи болмысының біртіндеп жойылуына алып келеді. Радикалды идеологиялар қоғамның мәдени ландшафтында, соның ішінде тілде, дінде, салт-дәстүрде, өнерде өзгерістерге алып келеді. Мысалы, радикалды идеяларды насихаттау діни әдет-ғұрыптарды тыйым салуды немесе шектеуді, мәдени ескерткіштерді жойылуын немесе ұлттық мәдениеттер мен тілдердің тұншықтырылуын насихаттайды.
Жалпы, бұл секілді дүниетаным қоғамға, мемлекетке, әлемдік тәртіпке үлкен қауіп төндіретінін әлемдік эксперттер жарыса жазуда. Радикалдануға қарсы күрес және оларға қарсы тұру әлеуметтік, саяси, экономикалық және мәдени шараларды қамтитын кешенді тәсілді қажет етеді. Бұл идеологиялық қайшылықтарды жеңуге және қоғамда бейбітшілік пен келісімді орнатуға бағытталған ағартушылық, білім беру, әлеуметтік интеграция, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық және дінаралық диалогты қамтиды.
Радикализм мен экстремизмнің қоғамға ықпалының өсуі мен күшеюі тұрғысынан Қазақстан Республикасындағы ішкі саяси жағдайдың нашарлауы айқын көрінеді. Елімізде жалған радикалды идеология географиясының кеңеюіна байланысты жағдай ерекше назар аударуды қажет етеді.
Мұндай идеологиямен күрес тек дінтанушы, исламтанушы немесе теологтардың ғана жұмысы емес, қасиетті мекенім, дәстүрлі құндылықтарым деп жүретін еліміздің әрбір азаматының иығындағы жауапкершілігі деп айтсақ қателеспейміз. Өйткені қоғамның әрбір бөлшегі аталмыш құбылыспен күресуге міндетті. Бұл өз отанының болашағына, өскелең ұрпақтың дәстүрлі құндылықтардың негізінде тәрбие алуына тікелей әсер етеді.
Бүгінгі таңда мемлекеттік органдардың діни радикалданудың күшеюіне қарсы әрекетін жалпы алғанда қанағаттанарлық деп атауға болады. Ел билігі бірнеше рет лаңкестік әрекеттер басталғаннан кейін діни радикалдану мәселесіне тиісті көңіл бөлуге тырысып, оны шешуге тек мемлекеттік институттарды ғана емес, азаматтық қоғам өкілдерін де тартуға тырысуда. Экстремистік идеяларға ұжымдық түрде қарсы тұру үшін мемлекет пен қоғам діни салада белсенді өзара іс-қимыл жасауы керек.
Алматы Орталық мешітінің наиб имамы
Бауыржан Көптілеуов