10 наурыз. KAZISLAM – Бұл сауал төңірегінде Атырау облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының студенттерімен кездесуі кезінде әңгіме өрбіді.
Аталған шараға ауған соғысының ардагері, облыстық ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі Шакиров Толыбай, Атырау облысы Дін істері басқармасының «Ақпараттық талдау орталығы» бөлім басшысы Мұхамбеталиев Даурен, «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» Қоғамдық қорының тарихшы маманы Абзалов Ернар және «Жусан» операциясымен Сириядан елімізге оралған отбасы мүшесі Юсупова Нұржамал қатысып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кездесуде ауған соғысының ардагері, облыстық АТТ мүшесі Т.Шакиров: «Кезінде ұлтымыздың мақтанышы батыр атамыз Бауыржан Момышұлының өзі «тәртіпке бағынған құл болмайды» деп бекер айтпаса керек. Көсегесі кемелденген заманда, саналы болу керек адам да. Қоғамдағы орын алған түрлі кемшіліктерге – ұрлық, қорлық-зорлық, бопсалау, тонау, қастандық, астамшылдық, тағы басқа да қылмыстарды көре тұра көзжұмбайлыққа салыну әдеті асқынған ауруға айналып бара жатқандай» деді.
Д.Мұхамбетқалиев Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы заңның талаптары, сондай-ақ ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 453 және 490 баптарында көзделген құқықтық жауапкершілік туралы түсінік беріп, әлеуметтік желіде қараған, бөліскен әрбір ақпаратқа мұқият болу қажеттігін ескертіп, Орталық мамандары «Оlx», «Вконтакте», «Instagram», «Telegram» cекілді желілер мен сервистерге тұрақты түрде зерделеу жұмыстарын жүргізіп отырғанын баса айтты.
«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жастар діни білім алу мақсатында шетелдік оқу орындарына көптеп барғаны белгілі екенін атап өтті. Шетелден білім алған жақсы әрине, жастардың жан-жақты шыңдалуына жақсы тәжірибе бірақ, дәл діни білім алуға келгенде қауіптенуіміз орынды. Себебі, шетелде діни білім алған жастар қауіп көзіне айналуда. Дін үйренемін деп кетіп, олардың діни танымын, діни тәжірибесін, сол елдердің ұлттық мәдени құндылықтарын алып келуде. Ең өкініштісі, сол идеологияны өздерімен бірге елге әкеліп, басқа жастардың санасын улауда. Сондықтан, діни білім ізденгенде арнайы Қазақстанда бекітілген дін мамандарынан, теологтардан кеңес алуға шақырамын» – дейді Е.Абзалов.
Ал, Н.Юсупова жалған діни ағымдардың жастайынан қалай құрбаны болғанын, Сириядағы бастан кешкен қиын тағдырын айта отырып, жастық шақтың қанша уақытын жоғалтқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар студенттерге соқыр сенімнің жетегінде кетпей, ата-ананың, бауырлардың, отанның, білім алудың, уақыттың қадірін түсіну керектігін еріксіз көзіне жас алып, жеткізді.