Сұрақ: Теріс ағымға кірген адамды қалай білуге болады?
Жауап: Біріншіден діни радикалды ағым жетекшілері өздерінің қақпандарына жаңадан намаз оқуды бастаған, діннен тек үстірт қана хабары бар адамдарды түсіріп жатады. Қармағына бір ілінген адамды о дүниеде бақытқа кенелуіне кедергі болатын бұл дүниедегі көп нәрсені тәрк ету қажет деген уағыздарымен, түрлі тыйымдармен санасын улай бастайды.
Екінші сатыда, күнделікті өмірде «анау болмайды», «мынау болмайды», «ол дұрыс емес», «мынау дұрыс» деген сынды тыйымдар мен сындардың көбеюі қоршаған ортада, яғни отбасы, туыстары, достары, таныстары арасында түсініспеушіліктерге бой алдыра бастайды.
Уақыт өте келе қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының шариғатқа мүлдем сай келмейтіндігі сөз болады. Бұл сатыда дінді ұстану мен оның шарттарын орындау барысында агрессиялық қысым басымдылық танытып, көбінесе ислам дінінің ішкі терең мазмұнынан гөрі сыртқы көріністерге (атрибутикалық), әрекетке көп көңіл бөлінеді.
Мысалы, балақ қысқарту, сақал қою, діни құқықтық мәселелерді ескерместен «сүннет» дегенді желеу етеді. Осындай жағдайлардан соң адамның немесе адамдар тобының қоғамнан оқшаулану үрдісі орын алады. Өздерінің «таза ислами» әрекетін қолдамаған ортаға, зайырлы мемлекет принципін ұстанған билік органдарына деген өшпенділік сезімін тұтатып, оларды «кәпірге» шығару түсінігі қалыптасады.
Үшінші сатыда қоғамнан оқшаулану әрекеті өзінің шырқау шегіне жетіп, өз елінен басқа шариғатпен амал етуші мемлекетке қоныс аудару, дін жолында аянбай күресу мәселесі мақсат болып алға қойылады.
Осылайша, ислам дінінің парыздарын орындауға шын ықыласымен ниетті кейбір мұсылман бауырларымыз өздерінің теріс ағым жолына қалай кетіп қалғандарын аңғара алмай жатады. Барлығымызға белгілі, осындай ағымдардың соңына ерген қаншама азаматтарымыз туған туысын, елін-жерін тастап Таяу-Шығыстағы қанды қырғынға барды. Тіпті, қатын-баласын, бесіктен белі шықпаған бүлдіршіннің болашағын бүлдірді. Айдалада, көмусіз қалып, ит-құсқа жем болды.
Радикалды діни ағымдардың басты мақсаты дәстүр мен ғұрыптарымызды, салт-жораларымызды терістеп, қоғамды өздерінің идеологиясына қарай өзгертуге бағытталған. Нәтижеде, мұның салдары діни экстремистік, террорлық ұйымдарды қалыптастыруға апарып соғады.
Бүгінгі таңда мұсылман әлемінде көптеген елдерде орын алған лаңкестік ұйымдар тарапынан жасалып жатқан қақтығыстардың негізінде діни радикализм бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан радикалды идеологияның кез келген түрі қоғам үшін аса қауіпті екенін түсіну және одан сақ болу маңызды.