Рабиядан сұрапты бір жақсы адам:
– Артық дейді сені елдер басқадан,
Ібіліске шын мұсылман баласы
Таңнан тұрып, лағнет айтып қақсаған.
Ал сен оны жек көресің қаншалық
Жау шығар ол әсіресе тап саған?..
Рабия қыз жауап қатты сол мезет:
– Сұрағыңыз қызық екен, жақсы ағам,
Жек көрмеймін титімдей де мен оны,
Қызық екен мен туралы «әпсанаң».
Таңнан тұрып, Ғашығымның есімін
Тек қайталай бергеннен соң пәк санам –
Жүрегімді жаулап алған махаббат
Уақытым жоқ лағнет айтар тап соған.
Тағы айтайын тыңдасаңыз, жарқыным:
– Мүмкін сөзім құяр шексіз бақ саған?
Бір күн менің түсіме еніп Пайғамбар
Сұрақ қойды ұқсап мына тап саған:
«Ей, Рабия сүйесің бе сен мені,
Көремісің мені артық басқадан?»
Жауап қаттым, «Сені, әрине, Расулым,
Кім сүймесін, ғашық тіпті Хақ саған.
Бірақ менің кеудемдегі бір жүрек
Жалғыз Хақ деп күндіз-түні қақсаған,
Қалмады орын бір Жарынан өзгеге
Ренжімеші, салаллаһу-уас салам!»…
Мынаны естіп, сұрақ қойған жақсы адам
Тапты ұялыс өз ойынан ақсаған.
Жан-дүниесі төңкеріліп түсті де,
Кете барды: – Жар болсын, – деп, – Хақ саған!
Өлең түрінде жазылған бұл ғибратты оқиғаны Ләйлі Құндақбайдың парақшасынан алып, өздеріңізбен бөлісіп жатырмын. Бұл ғибрат кез келген мұсылман баласын ойландырары сөзсіз.
Айтпақшы, Хазреті Рабия (714-796 ж.ж.) (Алла одан разы болсын) табиғиндер заманында өмір сүрген, әйел кісілерден шыққан атақты әулие тақуа жан. Отбасының төртінші перзенті болғандықтан Рабия деп есімін қойған екен.
Өмірінің соңына дейін білім, ғибадат, зікірмен өткізген. Аллаға деген ғашықтығынан үйленуден бас тартқан жан. Себебі, отбасы Құдайға деген махаббатыма перде болуы мүмкін деп түсіндірген дейді тарихшылар.
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ
kazislam.kz