Күндердің күнінде Дәуіт пайғамбарға (а.с.) бір әйел келіп:
– Сенің Раббың залым ба, әлде әділ ме?-деп сұрақ қояды. Пайғамбар орнынан атып тұрып:
– Сен не айтып тұрсың? Раббым – теңдесі жоқ әділ, әрине. Неге бұлай айтып тұрсың? – деп түсі сұрланып кетеді. Әйел:
– Мен үш балалы жесір әйелмін. Жағдайым болса тым нашар. Күнделікті нанымызды әрең тауып жейміз. Өзім жіп иіріп базарға сатумен айналысамын. Содан тапқан ақшаға күнделікті асымызды аламыз. Күні кеше есіктің алдында жіп иіріп отырғанымда жаныма құс келіп тоқыған бір орам жібімді алып ұшып кетті. Мен енді үш балама асты қайдан тауып беремін? Қайта тоқитын жібім де қалмады, – деп мұңын айта бергенде6 есікті қағып пайғамбардың алдына бір топ адамдар кіреді. Олардың қолдарында іші тола дорба ақша болады. Пайғамбарға қарап:
– Ей, Алланың елшісі! Мына дорбадағы ақшаны мұқтаж болған адамға садақа ретінде бер! – дейді. Дәуіт пайғамбар:
– Бұны не үшін садақа етіп жатырсыңдар? – дейді таңдана. Сонда олар:
– Біз балық аулаушы адамдармыз. Күні кеше кезекті несібемізді іздеп теңізге шығып едік. Кенет қатты жел тұрып, теңіз толқыны қайығымыздың бір шетін ұрып, тесіп жіберді. Содан қайыққа су кіріп, біз батып кетуге шақ қалдық. Сол уақытта аяқ астынан аузында тоқылған матасы бар бір құс келді. Сол матаны алып әлгі тесікті жамап, аман-есен жағаға оралдық. Раббымыздың бізді құтқарғаны үшін ортақ ақша жинап, садақа етуге бел буып отырмыз, -дейді. Мұны естіген пайғамбар әйелге қарап:
– Раббым құрлықтар мен суда жүрген әрбір пендесіне ризық беріп, апаттан аман алып қалып жатыр. Ал сен оны залым деп енді айта аласың ба? Расында, Раббымыз біреуден бір нәрсесін алса оны жақсылық етіп қайтаратынын естен шығарма. Ал мына дорбаны, барып балаларыңның несібесін бер, – деген екен.
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы