Асмағи – араб тілі мен әдебиетінің ғалымы. Бірде ол Һарун Рашидтің сарайына келгенде, халифа:
-Уа, Асмағи! Соңғы кездесуімізден кейінгі жағдайың жайлы айта отыр, – деді. Ғалым:
-Мені ешбір жер қабыл етпеді,-деп қысқа қайырады. Халифа езу тартып күлімсіреді де үндемеді. Сарайдағы қабылдау бітіп, жұрт тарқап жатты. Халифа ғұламамен оңаша қалғанда:
-«Мені ешбір жер қабыл етпеді» деген сөзіңнің мәнісі не? – деді.
Ғұлама:
-Өзімді қоярға жер таппадым, еш жерге сыймадым дегенім ғой, – деп халифаны онымен әңгіме-дүкен құрған кездерін сағынғанын меңзеді.
Халифа:
-Міне, мұның жөн. Алайда, дүйім жұрттың көзінше мен түсінетіндей етіп сөйлегенің дұрыс. Оңаша қалған кезде ғана мұндай сөздерді үйрет. Өйткені, ел билейтін халифаның білімсіз болғаны өзіне сын. Мұндайда мен жауап бермей үнсіз қалсам, жұрт халифаны білімсіз деп қабылдайды. Яки болмаса, дұрыс жауап бере алмасам, айналадағы адамдар мені сенің сөзіңді түсінбеген деп біледі, – деп кеңес айтты.
Бұл оқиға жайлы Асмағи:
«Сол күні халифа маған, менің ол кісіге үйреткен ілімімнен әлде қайда көп білім берді»,-деген екен.
Руслан ҚАМБАР