Сұрақ: Кейбір діни деректерде ислам ғұламаларының Қызырмен сұқбаттасқандығы айтылады. Қызырдың қиямет қайымға дейін тірі жүретіні рас па?
Жауап: Араб тілінде «Қыдыр» немесе «Қызыр» – «жасыл адам» деген мағынаны білдіреді. Себебі Қызыр кенезесі кепкен құп-құрғақ жерді басса, ол жерден көк майса шөп өсіп, жасыл желекке айналады екен (Бұқари, «Әнбия», 29).
Сондай-ақ, Қызыр жұмақтың кәусарынан сусындаған адам болған соң, оның басқан жері көгалға айналады-мыс (Мақдиси, ІІІ, 78).
Бірақ, ислам ғұламаларының көпшілігінің көзқарасынша ол жасыл киім киіп жүргендіктен, халық оны «Қызыр» деп атаған.
Жалпы, Құран Кәрімде жиырма бес пайғамбардың аты аталады. Ал, олардан бөлек әзіреті Лұқпан, Ескендір Зұлқарнайын және Қызырдың пайғамбар болып-болмағандығы белгісіз*. Мысалы, кейбір ғұламалар Қызырды пайғамбар деп қабылдаса, келесі бір ғұламалар оны періште мен әулиеге жатқызады.
«Кәһф» сүресінің 60-82 аяттарында Мұса пайғамбардың Қызырмен кездесіп, екеуінің сапарлас болғандығы туралы қисса баяндалады. Әсілі, «Кәһф» сүресіндегі аталған қиссада Қызырдың аты аталып, түсі түстелмейді. Бірақ, бұл оқиғадағы даналық иесінің Қызыр екенін Алла Елшісі (с.ғ.с.) өзінің хадистерінде айтып өткен (Бұқари, «Илм», 16, 44, Муслим, «Фәдайл», 170-174).
Қиссада Мұса пайғамбардың серігімен бірге екі теңіздің арасына сапар шегіп, жолда ғылым әрі хикмет иесі («Кәһф» сүресі, 65-66 аяттар) Қызырмен жолығады. Әзіреті Мұса хикмет ілімін үйрену үшін Қызырдың соңынан ереді. Алайда, Мұса пайғамбар сапар барысында Қызырдың көрегенділігі мен даналағын ұқпағандықтан**, екеуінің байланысы ортадан үзіледі («Кәһф» сүресі, 71-82 аяттар). Қызыр туралы Құран Кәрімдегі қисса осылай қысқаша аяқталады.
Хадистанушылардың ішінде Ибн Хажар әл-Асқалани мен Бәдриддин әл-Айни өз еңбектерінде Қызырға қатысты мол мәліметтер айтып өткен. Ибн Хажардың пікірінше, Мұса пайғамбармен жолыққан Қызыр әлі тірі, қазір де өмір сүруде әрі қиямет қайымға дейін өмір сүреді (Фәтһул-бәри. XIII, 181-186; XVIII, 6-24. Әл-Исаба. I, 429-452).
Бәдриддин әл-Айни де осы пікірді жақтап, Қызырдың әлі тірі екенін әрі қиямет қайымға дейін өмір сүретінін алға тартады (Умдәтул-қари, XIII, 34-38; XV, 288-298).
Алайда, Ибнул-Жәузидің «әл-Мәузуат», ибн Қаям әл-Жәузидің «әл-Мәнарул-муниф», Сютидің «әл-Лә алил-маснуа», Әли Каридің «Мәузуат» атты шығармаларында Қызырға қатысты хадистердің әлсіз және ойдан құрастырылғандығы айтылады. Осы себептен де, ислам ғұламасы Ибнус-Салах: «Егер, Мұса пайғамбардан кейін де Қызыр өмір сүрген болса, Алла Елшісімен (с.ғ.с.) неге жолықпаған? Оның кезіндегі күрестерге неге қол ұшын созбаған? Оның тірі екендігі туралы Алла Елшісі (с.ғ.с.) неге ештеңе айтпаған? Алла Елшісінің (с.ғ.с.) жаназасына неге қатыспаған?» деген мәселені көтереді.
Табақат жанрындағы шығармаларда Қызыр мен ислам ғұламаларының кездескендігі туралы көптеген мағлұматтар бар. Тіпті, кейбір ислам ғұламалары өз шығармаларында Қызырмен кездескендігін баян етеді. Мысалы, Имам Раббани «Мәктубат» атты шығармасында Қызырмен кездесіп, сұқбаттасқандығын айтып өтеді (Имам Раббани. Мәктубат, 282 б).
Жалпы, классикалық сопылық әдебиеттердің көпшілігінде әулие-әнбиелердің хикмет ілімін үйрену үшін Қызырдың сұқбатында болғандығы баяндалады. Халық фольклорында Қызыр немесе Қыдыр ата тұлғасы хикмет ілімінің иесі, илаһи сырларды білуші, жақсылық жаршысы, батагөй данышпан адам, елге ізгілік тілеп, құт-береке әкелуші, әлсіздерді жебеуші кейпінде сомдалады.
Ауыз әдебиетіндегі бұл Қызыр образы жоғарыда атап өткен атақты мухаддис Ибн Хажар әл-Асқалани мен Бәдриддин әл-Айни және т.б. ғұламалардың көзқарастарына қайшы емес.
Мұхан ИСАХАН
* Негізі ислам ғұламаларының ішінде Қызырды пайғамбар деп қабылдаушылардың саны басым.
** Сапарда Қызыр кемені тескенде, баланы өлтіргенде, дуалды түзеткенде, Мұса пайғамбар сабырсызданып, Қызырға қарсы келеді. Қызырдың кемені тескен себебі ондағы адамдарды кеме тонаушы патшадан құтқармақ болады. Баланы өлтірген себебі, ол баланың кейін өскенде әке-шешесін діннен қайтаратынын біліп, оны өлтіріп, орнына қайырлы ұрпақ берсін деп істейді. Дуалды түзеткен себебі, жетім екі баланың сол дуалдың астындағы қазынасы көміліп қалмас үшін жасайды.