Бұл сұраққа әртүрлі жауап бар. Біреулер тіл көзден сақтайды десе, кей адамдар жаманшылықтан қорғайды деп жатады. Қазіргі қоғамда жаңа көлік алған адамдардың арасынан да қызыл шүберекті екі айнасына және антеннасына байлап, осы қорғайды деп сеніп жүргендерді аңғарамыз. Бірақ сол көліктер мүлдем жол апатына түспейді деген кепілдік жоқ.
Міне осы жерден дінді ұстанбайтын және дінді ұстанса да көп нәрсенің байыбына бара бермейтін азаматтардың арасында түсініспеушілік бар. Ал бұл ырым қайдан шықты деген тарихына үңілетін болсақ:
Бұрынғы заманда ел арасында жұқпалы ауру «қызылша» тараған кезде, оба індеті кезінде немесе бір үйде балалар ұшпа қызылшаға ұшыраған болса, сол үйдің маңдайшасына, тұтқасына қызыл шүберек іліп, байлап қоятын. «Біз қонақ күте алмаймыз үйімізде науқас бар» деген сөз. Сырттан келе жатқан мейман да қызыл шүберекті көргенде «Бұл үйде ауырып жатқан науқас бар екен, өзге үйге барайын» деп бұрылып кететін болған. Қазіргі тілмен айтқан бағдаршамның «Тоқта» деген қызыл түсі секілді роль атқарған.
Қызыл шүберек байлаудың негізгі тегі осылай шыққан. Қорғап тұрғаны рас, бірақ тек белгі болу арқылы. Ал тіл-көзден, бәледен немесе жаманшылықтан қорғайды деп сенетін болса, бұл үлкен күнә болып есептеледі, яғни Аллаға серік қосу болып шығады. Қалай болғанда да бізді қызыл шүберек емес, Алла қорғайды.
Мақсат ҚҰДАЙБЕРГЕН,
Ақтөбе қаласы дін мәселелері және қоғаммен
байланыс жөніндегі орталығының басшысы