Сұрақ: Мен биылғы талапкермін. Құжат тапсыруға барғанымда қалада көп қыздардың қатты қысқа шортымен жүргенін көрдім. Бізде елді мекенде үлкендер бұлай жүруге рұқсат бермейді. Шариғат бұған қалай қарайды?
Жауап: Кімнің қандай киім киемін деп шешім қабылдауы өз еркі, қыздың да түрлі киім киюде еркі мен құқы бар, Қазақстан зайырлы мемлекет.
Алайда әр халықтың ұлттық салты мен дәстүрі, рухани құндылықтары бар. Ұлтқа ұлттық бейне беріп, басқалардан ерекшелеп тұратын да осы категориялар. Жаһандану заманында ғаламтордың арғы жағынан жалт-жұлт етіп көрінгеннің барлығы мәдениет емес екенін естен шығармау қажет. Қазақ «Әр елдің салты басқа, иті қара қасқа» деп бекер айтпаса керек.
Бір халық үшін «мәдениет» саналған нәрсе басқа халық үшін «моральға қайшы» болуы әбден мүмкін. Мысалы, батыста немесе Ресейде жастардың әкесіндей адамға құрдасы сияқты «сен» деп сенкілдеп сөйлеуі немесе жап-жас қыздың ауызда темекі, қолында сыра ұстап көшеде отыруы сияқты т.б.
Қазақ қыздарын бұлай елестету қиын, өйткені қазақ халқының руханияты мүлдем басқа. Қазақ қызының образы көркем мінезді, парасаты асқан ибалы, инабатты, ұяң, кербез және т.б. Қазақ уақытша шулы, мезетті рахат өмірге қарағанда келешек, тұрақты отбасылық құндылықтарға басымдық берген халық.
Халқымыз қыз баласын еркелетіп өсірген. Ол үйде, ата-анасының алдында, бауыры мен ерінің алдында қалай жүрсе де жарасады. Ал енді қоғам ішінде (көпшілік алдына шыққанда қысқа шорты мен майканың орнына) қыз баласына жарасымды етегі мен жеңі бар немесе ұзындау киімге көңіл бөлгені мақұл. Көшеге шыққанда қыз баласына ер баламен жарысып киінудің қажеті шамалы.
Егер жаһандану заманында қазақ ұлтын ұлт ретінде сақтаймыз десек, онда тіл мен қатар әдет пен дәстүрге де көңіл бөлуге тиіспіз. Жастарға әдеп нормалары мен адамшылық құндылықтары жиі насихатталуы керек. Байқасаңыз тіпті, спортсмендер алаңға шыққанда қысқа дамбалдың ішінен арнайы киім киеді. Бұл көрермендерге деген құрмет әрі әдептілік.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ