Бүгін Алматыда ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қатысуымен Құранды жатқа оқудан қыздар арасындағы ІІІ республикалық байқаудың марапаттау рәсімі өтті.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өткен Құран байқауының марапаттау рәсімінде Бас мүфти жеңімпаз қариларға, олардың ұстаздары мен ата-аналарына ерекше алғысын білдірді. Сонымен қатар байқауда қазылық жасаған қари-ұстаздарға да ризашылығын жеткізіп, алғыс хатпен марапаттады.
«Құран – адамның тәні мен жанына шипа болатын жалғыз кітап. Құран – сүрінгенге сүйеу, жығылғанға демеу, турашыл адамдар үшін жолбасшы. Жұмақтағы адамның мәртебесі – оның Құраннан қанша аят жаттағанына байланысты болады. «Құранды білгенге былай айтылады: «Оқы, көтеріл де бұл өмірде жасағаныңдай сөздерді анық айт, расында, сенің орның сенің соңғы оқыған аятыңа сай болады». Өздеріңіз секілді Құранды құрметтеп, оны жаттаған қарындастарымызға Алла разы болсын! Алла Тағала Құран оқушылардың мәртебесін биіктеткей. Осы сауапты іске демеу көрсеткен, ұйымдастырған азаматтарға Жаратқанның жақсылығы болсын» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Байқау жеңімпаздары ҚМДБ Төрағасы атынан алғыс хат пен арнайы қаржылай сыйлыққа ие болды.