«Қытымыр адам» болуы мүмкін.
«Қытымыр қыс немесе аяз» болуы мүмкін.
Қытымырлануға, қытымырлық етуге де болады.
Қарап тұрсақ, тіл терминдерімен айтқанда, бұл сөз – зат есім де, сын есім де, етістік те бола алады екен. Беріп тұрған мағыналары да әнтек ерекше. Бұ не ғажап?! Қайдан шыққан гөй бұл? Өзіміздің төл – түркілік сөзіміз дей аламыз ба?
Сыртқы пошымына қарасаң, сүйекпен сүйек, етпен ет болып кеткен «туғандай» сөзжан. Айталық, М. Малбақов, Н. Оңғарбаева сынды тілші ғалымдар құрастырған Қазақ әдеби тілінің сөздігінде ол сын есім ретінде қарастырылып, «қатыгез», «қатты», «қатал» деген мәндерде анықталған. Ал қандас К. Қайыржанның «Сөз-сандық: Қазақтың көне сөздері» тізбегінде «Қатыгез, қатал; аязды, ызғарлы» мәндерінде тұжырымдалған.
Бір жағынан осылардың негізінде-ақ оған «Көне түркі жазба ескерткіштері немесе Орхон-Енисей жазбаларында көрініс берген» деп тексеріп қарамай, алдын ала батыл айтуға да болар еді. Бірақ… бір «бірақ» бар. Бұл да Ислам әлемімен астасып астарланған халқымыздың көп сөздері секілді, рухани мәдениетіміздің транцеденттілігін айшықтайтын сөз «қожасының бірі» болып шықты.
Алысқа бармай-ақ, Қазақ тілінің кірме сөздері сөздігінде «қытымырдың араб тіліндегі мағынасы «болмашы, шамалы», «Құранда айтылған иттің аты». Қазақ тілінде «қу, сұм», «тақыс, сараң» деген ауыспалы мағыналарда қолданылады» деп тұр (Құрастырғандар: Ш. Құрманбайұлы, С. Исақова, Б. Мизамхан және т.б. Алматы: «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры).
Өкінішке қарай, оны әрі қарай кеңінен тарқатпаған.
Енді мына қызыққа қараңыз.
Дінтанушы-филолог М. Төлегеннің Мұхиттың этимологиялық қойын дәптеріне де сәйкес «қытымыр» сөзі «қатал», «берік» деген мағынаны білдіреді. Онда «Жалпы, қазақ әпсаналарында, жырларында «Қытымыр деген «Қисса сүл-әнбия» кітабындағы төбеттің есімі еді» деген жолдар кезігеді» делінгенін айта кету керек. Бұл орайда ғалым ел аузында жүрген мынадай бір қызық оқиғаны мысалға келтіреді:
Ол қисынға қарағанда, Қашаған Күржіманұлы ұстазы Нұрым Шыршығұлұлымен бір жиында шарт-шұрт айтысып қалыпты. Нұрым жырау одан:
«Қашаған, саған бір сұрақ –
Екеуі жансыз, екі арам –
Пейішке кім ед баратын?» – деп діни танымына салмақ сала сұрау салыпты. Сонда Қашаған мүдірместен:
«Екі арамы дегенің
Еріп барған қасына
Қытымыр деген қызыл ит,
Жеті қазынаның бірі еді.
Екіншісін айтайын –
Әзіреті Мұса Пайғамбар,
Астына мінген есегі», – деп оның қиын сауалына дереу жауап берген көрінеді.
«Ол бойынша, Ұрымдағы залым патшадан қашып, бір Алланы іздеген ағайынды жігіттер үңгірге жасырынғанда, олардың артынан қызыл ит қалмай қойыпты. Содан олар ұйқыға кетіп, құдайды бір деп таныған дәуірде үш ғасырдан соң оянған. Онысы сол маңдағы елге тез арада мәшһүр де болған. Бұл үңгір Түркияның Тарсус қаласының оңтүстігінде орналасқан» дейді дінтанушы-тілші ғалым.
Міне, сондағы ит «Қытымыр» деп аталған-дүр. Оның сөзінше, Алла тағала оған шексіз мейірім етіп, тергеусіз-сұраусыз жәннатқа кіретін төрт мақұлықтың қатарына қосады. Бұл төбет бір қойды қасқырға алдырмаған, өзінің міндетіне берік, қатал әрі адал болыпты. Сондықтан кейіннен қазақ тілінде «қытымыр» сөзі қаттылықтың, қаталдықтың өлшемі ретінде қолданыла бастаған екен.
Синонимдері: қатал, қатаң, рақымсыз, мейірімсіз, тасбауыр.
Тағы бір айта кетерлік жайт, бұл аттың ерте кездері барынша қастерленгенін көреміз. Мысалы, кейбір исламият елдерінің ортағасырлық жылнамаларында алысқа керуендермен құнды зат, жүк жолдарда сыртына қандай да бір қол сұғушылықтан сақтау үшін «Қытымыр» деп жазып жіберетін үрдіс болғаны хабарланған.
Қысқасы, ит атымен байланысты киелі мағұлыматтың өзі тура бір тірі сақшы тәрізді ұры-қарақшылардың зәресін ұшырып, құнды жолданымдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырғанға ұқсайды. Осыдан-ақ осынау сөз бірлігінің кезінде қаншалықты сакральдық мәнге ие болғанын пайымдауға болады.
Сонымен, түркі-мұсылмандық пайым аясында тұжырсақ, оның ұзын-ырғасы былай болмақшы: Қытымыр – бұл мүшріктердің қудалауынан үңгірге тығылып, ұйықтап қалып, 300 жылдан кейін оянған алты мүміннің жанындағы иттің аты (араб тіліндегі ілкі мағынасы атап өтілгендей, «болмашы, шамалы» дегенді білдіреді).
Яғни арғы жағында Құрандағы «Әл-Кәһф» сүресіне (Үңгір) барып тірелетіні айдан анық жайт. Бұл даусыз. Ал оны Пайғамбардың (с.ғ.с.) әр жұма сайын оқуды насихаттауында үлкен сыр-хикмет болса керек.
Енді дін өрнегімен айтқанда, анығын Алла біледі. Біз болсақ, барын тізбеледік.
Мәдениеттанушы-лингвист
Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ