Қытай Халық Республикасында Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері атанып, бүкіл Қытай елі бойынша өткен ән байқауларының алтын және күміс жүлделерін алған талантты әнші Отанбек Еңсеханұлымен сұхбаттасқан едік. Ол әңгіме барысында өзінің шығармашылық өміріндегі қызықты тұстарын айтып берген болатын. Біз соны бүгін оқырман назарына ұсынып отырмыз.
-Отанбек Еңсеханұлы, сіз өнер жолын қалай бастадыңыз?
– Мен өнер жолын биші болып бастадым. 1981 жылы туып-өскен жерім Бұратала моңғол автономиялы облысының филармониясына биші болып жұмысқа қабылдандым. Ол мәдени ошақта 6 жылға жуық осы кәсіп бойынша жұмыс атқардым.
– Ал әншілік өнерге қашан бет бұрдыңыз?
– 1986 жылы Қытайдың тарихи астанасы саналатын Сиань қаласындағы консерваторияның өкілдері Шыңжаң өлкесіне оқушы қабылдауға келді. Соған сынақ тапсыруға бардым. Қытайда атақты сегіз консерватория бар. Соның бірі – осы Сиань консерваториясы болатын. Олар жылына екі-ақ студент қабылдайды екен. Сол жылғысын Шыңжаңнан алуды жоспарлаған. Сонымен 17-18 миллион халқы бар Шыңжаңнан 1 800-ге жуық үміткер бақ сынады. Солардың арасынан әртүрлі сынақтан емтихан тапсыра отырып 5 үміткер соңғы айналымға шықтық. Сол бес үміткердің денсаулығын, жалпы білімін, нотадан сауатын, қытай тіліндегі білім деңгейін саралай келіп, екі үміткер Сиань консерваториясына қабылдандық. Бұл жолғы сынақты ең шешуші емтиханы қытай тілі болғаны есімде. Сонымен қатар, дүниежүзінің және қытайдың музыка тарихы сияқты емтихандарды да тапсырдық. Бұның бәрі кәсіби жақтағы тапсырған сынақтарымыз болды. Одан кейін жалпы білімнен мектеп бітіруші оқушыларымен бірлікте тағы мемлекеттік емтихан тапсырдық. Сөйтіп, сол жолғы қиын да күрделі емтихандардан Ду Линь деген қытай қыз екеуміз вокалды мамандық бойынша оқуға түстік.
– Сол кезде сіздің бәсекелестеріңіздің деңгейі қалай болды?
– Өзім бишімін, вокалдан немесе қандайда бір музыка саласынан сабақ алған емеспін. Анда-мұнда гитара мен домбыра тартқаным болмаса нотадан да хабарым шамалы болатын. Ал сол кезде менімен бірге емтихан тапсырған үміткерлердің көбі музыкалық колледждерді бітірген, музыканы да, нотаны да жақсы білетіндер еді. Оларды көргенде басында емтиханнан өтемін деген үмітім өте аз болды. Дегенмен бағым жанып Қытайдағы аты әйгілі консерваторияға түсуге мүмкіндік алдым.
– Сіз сан түрлі сынақтардан сүрінбей өттім дедіңіз. Ол емтихандардың бәрі қазақша болмайтыны белгілі. Сіздің қытай тілін білу деңгейіңіз қандай сонда?
– Менің сондай жетістікке жетуіме қытайшаны өте жақсы білуім де себеп болды деп ойлаймын. Расында, бойымдағы бір ерекшелігім бар – тілді тез игеремін. Мысалы ұйғыршаны да жетік білемін. Әйтпесе, мектепті қазақша оқыдым. Біздің заманымызда мектепте қытай тілін шетел тілі сияқты көп сабақтың бірі ретінде ғана оқытылды ғой. Әкем мұғалім болғандықтан сол кісінің демеуімен бір жағынан көрші-қолаңдарымыз қытайлар мен моңғолдар болғандықтан ортақ тіл ретінде бәріміз мектептен тыс уақытта бір-бірімізбен қытайша сөйлесіп өстік.
Соның әсерінен мен мектепте оқыған кезде де қытайшаны оқуда көп қиындық көрмедім. Бірақ консерваторияға оқуға түскенде сөйлеуде еш қиналмағаныммен қытай иероглифіне келгенде қиналып қалдым. Сондықтан бірінші жылы осы жағына көп күш жұмсауыма тура келді. Аталған оқу орынында тек вокалды ғана оқытпайды екен. Қытай тілі мен әдебиеті, мәдениет сабақтарының әртүрлі саласы мамандықпен қоса жүргізіледі. Өз мамандығың бойынша қанша мықты болсаң да, басқа сабақтардан үлгерімің төмен болса оқудан шығарып жібереді. Содан қытай тілін тереңдете оқуыма тура келді.
– Оқыған мамандығыңыз турасында азырақ тоқталып өтсеңіз…
– Иә, вокалист мамандығы бойынша оқыдым. Бір қызығы 1986 жылғы ән факультетіне алты-ақ студент қабылдапты. Оларды да «шекеден шертіп тұрып» алады екен. Ал сол 1986 жылғы фортепиано факультетіне бар жоғы жалғыз ғана студент қабылданған. Орталық Қытайдағы бұл атақты консерватория емтихан тапсырған неше мыңдаған үміткердің ішінен тек бір баланы ғана оқуға лайық деп шешкен…
– Өз ұстазыңыз туралы да айта кетсеңіз…
– Менің ұстазым жетпіс жастағы профессор әйел кісі еді. Өзі Бейжің консерваториясын бітірген екен. Оның ұстазы Мәскеу консерваториясын оқыпты (1950-шы жылдары). Ол кісі 1986 жылғы студенттерден тек мені ғана оқытты. Басқа жылдықтардан да солай бір-бір ғана студентті таңдапты. Мысалы консерваторияда он мұғалім болса олар бір жылдықтан тек бірден ғана таңдап алатын. Сөйтіп, 1990 жылы аталған оқу орынын қызыл дипломмен бітірдім.
–Оқу бітірген соң қайда жұмысқа тұрдыңыз?
– Бітірген соң Шыңжаң өлкелік Мәдениет басқармасына қарасты бұқаралық мәдениет бөліміне жұмысқа орналастым.
– Өз мамандығыңыз бойынша ма?
– Жоқ, әнші бола алмадым. Бүгінгі тілмен айтқанда әкімшілік қызметке тұрдым. Кәсіби әнші емес, тек сырттай ғана әнші болып жүрдім. Бірақ, арасында телевизия концерттеріне шақырылып тұрдым.
– Үлкен сахнаға шыққанда ең бірінші орындаған әніңіз туралы айтып берсеңіз…
– Ең бірінші орындағаным – өз әнім «Анажан» еді. Сөзін жазған Балапан Рабатов.
– Сіздің өзіңіздің неше авторлық әніңіз бар?
– «Анажан», «Жас ару», «Жауап», «Қара көзім» деген төрт әннің авторымын. Ол кезде мен әкімшілікте отырғандықтан бір жылда тек Наурыз мерекесінде ғана ән айтып жүрдім. Енді неге әнші бола алмай қалдың деп сұрамайсың ба? Бізде Үрімжіде Шыңжаң филармониясы бар ғой. Соған жұмыс іздеп бардым. Олар менің қазақ екенімді білген соң бұл филармонияға қазақтарды ала алмаймыз. Сен Алтайға, Ілеге иә болмаса Шәуешекке бар. Бізге Үрімжіге қазақтар керек емес деп шығарып салды. Ол кезде заман солай болды.
Сөйтіп, ол жерден жұмыс таба алмадым. Үлкен қалада таныс-білісім жоқ. Ақыры ойлана келіп, нар тәуекел деп сол кездегі қазақтан шыққан жоғары лауазымды басшы Жанәбіл Сымағұлұлына барайын деп шештім. Менің өз туған жеріме қайтқым келмеді. Себебі ҚХР құрылған (1949ж) 40 жылдан астам уақыттан бері Қытайда тұратын бір жарым миллионнан астам қазақтан бар-жоғы 3-4 адам ғана консерватория бітіріпті. Содан Жанәбіл ағаны іздеп бардым. Ол кезде Жәнекең Шыңжаңның ең жоғары лауазымды тұлғасы болған соң қабылдауында жету де қиын еді ғой. Әйтеуір, сәті түсіп кабинетіне кіру бақытына ие болдым. Жанәбіл ағамыз сол жерде отырып бар мәселемді шештіріп берді.
Жәнекеңнің арқасында жаңағы мені жұмысқа алмай қойғандардың үстінен қарайтын әкімшілік қызметке жұмысқа кірісіп кеттім. Содан ол жерде 8-9 айдай жұмыс істеген соң Қазақстаннан бірнеше өнер қайраткері Үрімжіге оқушы қабылдауға барды. Ол кез Совет одағы әлі ыдырамаған уақыт еді. Жанәбіл ағаның бас болуымен «Үрімжіден қазақ театрын ашу керек» деген бастама көтерілді. Ол үшін бұрын өнер университеттерін бітірген 10 шақты талантты жасты Қазақстаннан оқыту жоспарланыпты. Сөйтіп, Үрімжіге оқушы қабылдауға Кәукен Кенжетаев пен Есім Сегізбаев аға екеуі барды. Тоқан Смағұл, Тілеубек Қожан, Ермұрат Зейіпхан, Серік Әубәкір, Жанар сынды оншақты жас Қазақстанға келіп оқыдық. 1991 жылы келіп, 1995 жылы оқу бітіріп қайттық.
– Қазақстанда қай оқу орнынан оқыдыңыздар және сабақ алған ұстаздарыңыз кімдер болды?
– Өнер академиясы мен қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясынан білім алдық. Өнер академиясындағы вокалдан ұстазым Кәукен Кенжетаев аға болды. Ал консерваториядан Бекен Жылысбаев ағадан сабақ алдым. Сол жылдары Шаһмардан ағадан да сабақ алып едім. Ал актерлік шеберліктен Өнер академиясынан білім алдық. Бірнеше спектакльдерде де ойнадым… Осы жақтан оқу бітіріп Шыңжаңға қайтқан соң Үрімжіде қазақ театры ашылмай қалды. Сол себепті оқу бітірген түлектер әртүрлі салаға жұмысқа кетті. Жанәбіл аға зейнеткерлікке шықты дегендей. Ал, мен бұрынғы әкімшіліктегі жұмысымда қалдым.
– Сіз сол кездерде ән байқауларына қатысып тұрдыңыз ба?
– Қытайда әртүрлі деңгейдегі ән байқаулары өтіп тұрады. Мен соларға қатысып тұрдым. Алайда істеп жатқан жұмысым филармония емес әкімшілік қызмет болған соң байқауларға әуесқойлар қатарында қатысуыма тура келді. Айта кетуім керек, Қытайдағы 1,5 миллион қазақтың ішінде екі консерватория бітірген мен ғана екенмін. Бұл да болса Құдайдың маған берген бағы болуы керек. Қазақстанда жүргенде Өнер академиясы мен қатар қазіргі Құрманғазы атындағы консерваториядан да оқыдым. Дегенмен сол кездегі талап бойынша маған тек Өнер академиясының дипломы берілді…
Сонымен Қытайға барған соң Шыңжаң өлкесі бойынша жыл сайын өтетін ән байқауында бес жыл қатарынан бірінші орынды алып тұрдым. Сөйте тұра кәсіби әнші ретінде филармонияларға жұмыс сұрап барсам штат жоқ деп ешқайсысы мені қатарларына қоспады. Ақырында 1999 жылы Шаңхайдағы бір достарымның ұсынысы бойынша қызметімді тастап сол жаққа кетпек болдым. Дәл солай деп жоспарлап жүргенде Шыңжаң көлемінде өткен бір мега-байқауға қатысып тағы да бас жүлдені жеңіп алдым. Сол сыйлықты маған тапсырып тұрған өлкелік Ұйымдастыру басқармасының бірінші басшысы менің қызметті тастап кеткелі жүргенімнен хабардар екенін айтып: «Шаңхайға кеткелі жүр екенсің, мені екі күн күте тұршы» деді.
Осы сөзден кейін ертесінде өлкелік ең үлкен филармонияның бастығы шақыртты. Барсам бұдан бұрын мені маңына жолатпай жүрген бастығы жұмысқа қабылдау туралы шешім шығарып қойғанын айтты. Сөйтіп, ол маған бұдан бұрын алған сыйлықтарыңның бәрін алып кел деді. Өлке дәрежесінде бас жүлде алған 5-6 сыйлығымды, сосын бүкіл Қытай Халық Республикасы бойынша өткен ән байқауында алған бір алтын, бір күміс жүлделі марапаттарымды алып келдім. Бұндай жоғары марапаттарды көрген филармония басшылығы мен өлкелік Ұйымдастыру басқармасы жедел жиналыс ашып маған бір аптаның ішінде «ҚХР-на еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» деген мемлекеттік сыйлықты алып берді. Өйткені менің жеткен жетістіктерім сондай атақ алуға әбден лайықты болған еді. Өлкелік филармонияға қалай жұмысқа тұрдым, содан бастап дүниежүзінің 39 мемлекетіне гастрольдік сапармен барып қайттым.
– Сол сапарларда қандай әндер айтып жүрдіңіз?
– Әлемнің қай еліне барсамда негізінен «Сары жайлау» мен «Сары дала» деген екі әнді орындап жүрдім. Содан 2005 жылы Еуропадағы сегіз мемлекетке концерт қойып келген соң, менің ойым бұзылды. Мен не үшін Үрімжіде тұруым керек, неге мен Қытайдың астанасы Бейжіңге бармаймын. Қытай мемлекетінің ұлттық филармониясында жұмыс істесем қайтеді деген ой келді. Сол кезге дейін Қытайдың Ұлттық филармониясында қазақ әншісінен ешкім жұмысқа тұрмапты. Бишілер болған. Олар – Әнуар Нүсіпұлы ағамыз бен Шұғыла Сапарғалиқызы. Не болса да барып бағымды сынап көрейін деген шешім қабылдадым. Сол жерде он үш жасынан бері биші болып жұмыс істеген Әнуар ағамызға хабарласып, филармонияға барып емтихан тапсырғым келетінін, егер қабылдап жатса сонда жұмыс істейтін ойым барын айттым.
Қытайда мемлекеттік штатпен Бейжіңге жұмысқа орналасу үшін профессорлық дәрежең немесе мемлекеттік деңгейде алған атағың болу керек. Әйтпесе мүмкін емес. Әсіресе біздің филармонияның шарты солай. Ал менде ол талаптар дайын. Содан барып емтихан тапсырдым. Менің әндерімді тыңдаған соң он бес күнге жетпей Бейжіңдегі Ұлттық филармониядан шақырту келді. Ал Үрімжідегі филармонияның басшылығы жұмыстан кету туралы өтінішіме қол қоюдан мүлде бас тартты. Бір жылға таяу уақыт рұқсат етпей қойды. Бейжіңнен келген шақыртудың заң бойынша бір жылдық қана құны бар. Егер бір жыл ішінде келмесең ол құжат күшін жояды.
Сонымен не керек, соңында тағы да Жанәбіл ағадан көмек сұрайын деген ой келді. Ол кезде Жанекең зейнеткер. Соған қарамастан бір қайыры болатынын білдім…Үйіне бардым. Шақыртудың уақыты бітуге 2-3 күн ғана қалған. Енді «екі күннен кейін маған жіберген құжат күшін жойғалы тұр» деп Жанәбіл ағаға айттым. Ол уақытта Жанәбіл ағаның орынына Асхат Керімбай аға шыққан болатын. Менің сөзімді тыңдаған соң Жанәбіл Смағұлұлы: «Балам, сен қазір Асхатқа барып айт. Егер олар қол қоймаса маған кел мен қолымды қоямын», деді. Асхат ағама бардым. Менің бұйымтайымды естіген соң Асекең: «Олар неге жібермейді, бір қазақтың баласы Бейжіңде тұрып ән шырқаса болмай ма екен?! Әкел қағазыңды», деп қол қойып берді. Сонымен алып ұшып Шыңжаңның мәдениет басқарма басшысына бардым. Ол кісі ренжи отырып қол қойып берді.
Дереу Бейжіңге тарттым. Барған соң мемлекеттік филармонияның кадр бөліміндегілер менің 43 жаста Шыңжаңнан Бейжіңге ауысып келгеніме таң қалды. Өйткені бұндай жастағы адамдардың өлке, аймақтардан Бейжіңге келуі өте сирек кездесетін жағдай немесе болмаған екен. Ол жерге барған соң Бейжіңдік нопасқа (қалалық тұрақты тіркеу) тұрдым. Бірақ, мемлекеттік штатқа кіру деген үлкен проблема болып шықты. Өйткені менің алдымда басқа өңірден келіп, тек еңбек келісімшартымен жұмыс істеп, штат ала алмай жүрген 21 адам бар екен. 22-шы болып мен тұрдым. Содан бір ай көлеміндегі уақытта филармония басшысы мені кеңсесіне шақырды. Ол: «Сенің алдыңда алды 30 жыл, арты 5 жыл болған, штаттың кезегін күтіп жүрген кәсби әнші, бишілер бар. Солардың бәріне қарамастан үкімет саған қол қойды» деп тұр. Бір ай болмай жатып ең соңында келген маған мемлекеттік штатты бере салды. Шынымды айтсам, өзімде таң-тамаша болдым.
– 30 жыл күткендерге қарамай, келгеніне 30 күнге толмаған сізге сондай көңіл бөлуі неден болды?
– Үкімет нәтижеге қарап отыр ғой. Менің бір жарым миллиард халқы бар елдегі ең үлкен ән байқауында алған бір алтын мен бір күміс медаль және мемлекеттің дәрежедегі «Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» деген атақтарымның пайдасы тиіп кеткен екен. Ал менің алдымдағыларда оның біреуі де жоқ.
– Жалпы өнер жолыңызда өзіңізді «жолы ашық» әншімін деп айта аласыз бе?
– Жоқ, мен жолы ашық әнші бола алмадым. Сіз ойлаңызшы он жыл аз уақыт па? Әрине аз емес. Мен консерваторияны бітіріп келе салып, кәсіби әншілер жұмыс істейтін филармонияның есігінен қарай алмадым. Соншама жылдар бойы бекерден бекер әкімшілікте отырып қалдым. Бірақ соған қарамастан, арасында ебін тауып үнтаспаларымды шығарып, телевизия концерттеріне, фестивальдарға қатысып тұрдым. Өнер адамы үшін өз кәсібіне еш қатысы жоқ жерде жұмыс істеудің азабын басынан өткен адам ғана түсінеді. Ал Үрімжідегі филармонияға барсам, жоғарыда айтқанымдай жоқты сылтау етіп жұмысқа алмады…
– Сонымен Бейжіңде қанша уақыт жұмыс істедіңіз?
– 2006 жылы 1 қаңтарда Бейжіңге жұмысқа бардым. 2008 жылы қаңтарда Хайнан өлкесінде Елбасымен кездестім. Ол кісі сол жаққа барғанда қоятын концертке шақыртты. Концерттің соңында Нұрсұлтан Әбішұлы менің Қазақстанға келуіме ұсыныс жасады. Елбасы айтқан соң бірден келісім бердім.
– Елбасымен бірінші кездесуіңіз бе?
– Жоқ, екінші рет. Оның алдында Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласында өткен концертте бірінші рет Елбасын көріп, амандасқан едік. Ол кезде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ағамыз мені Бейжіңнен арнайы шақыртып, бір-екі ән айтып беруімді өтінген еді. Қырымбек ағамыз мен орындап жүрген әндерімді тыңдап көріп, жақында Елбасы Ақтауға келгенде «Отанбек бірнеше ән орындап» берсе деп ұсыныс тастапты. Маған бұл ұсынысты орынбасарлары хабарласып айтқан соң Бейжіңнен Ақтауға ұшып келдім…
– Сонымен Қазақстанға қашан келдіңіз?
– 2008 жылы келдім, Елбасы Хайнаннан қайтар кезде қасында бірге жүрген көмекшілері маған бірнеше телефон нөмерді беріп, елге барған соң осыларға хабарлас деді. Қазақстанға келе салып хабарластым. Ертесінде Астана жаққа келуім керек екенін айтып, барған соң Астананың сол кездегі әкімі Асқар Маминның қабылдауына барасың деді. Сөйтіп, Асқар Ұзақбайұлының қабылдауында болып, өз өтінішіммен және ол кісінің қолдауы бойынша Астана қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясына жұмысқа орналастым.
– Астана қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясында қанша уақыт жұмыс істедіңіз?
– Үш жыл қызмет істедім. Қытайда туысшылап жүргенде сол жақтағы Шыңжаң қазақ телевизиясынан маған арнайы өтініш келіп түсті. «Наурыз мерекесіне орай әйгілі опера әншісі Майра Мұхамедқызы екеуің бірлесіп шығармашылық концерт берсеңдер» деді. Қазақтың ұлттық мейрамына орай болған соң мен бірден келістім. Сөйтіп, Майра екеуміз бірлесіп телевизаия концертін қойдық. Сол концертті өткізуім Қазақстандағы жұмыстан шығуыма себеп болды. «Сен біздің заң ережеге бағынбай өзің жеке концерт өткізіп ақша тауып жүр екенсің, сондықтан жұмыстан босаттық» деді филармония басшысы. Айта кетуім керек, негізінде телевизия концертінен ақша түспейді. Мен солай жұмыстан кеттім…
– Одан кейін не істедіңіз?
– Жұмыстан шығып Қазақстанда жүргенде, тағы да Үрімжідегі қазақ телевизиясы менімен ақылдасатын жұмыстары барын айтып шақырды. Олар: «қытай және қазақ телевизия тарихында болмаған «Күміс көмей» деген ән байқауын өткізейік деп отырмыз, соған сен жауапты болып істеп бере аласың ба» деп сұрады. Мен ойлана келе олардың ұсынған жобасын жүргізуге келістім. Бірақ бұл телевизиялық жобаның бүкіл қаржысын өзіміз табуымыз керек болды.
Шыңжаң телеарнасы тек түсіріп, таратып беру ғана қолдарынан келетінін айтты. Сол «Күміс көмей» ән байқауын аптасына бір реттен өткізіп отырдық. Аталған жобаға қажетті қаржыны ақшасы бар барлық таныс-білістерге айтып жүріп, сегіз айдан соң 2 жылда бір өтетін мәдени тележоба жасадық. Оған өз қалтамнан да ақша шығарып отырдым. Бірақ сол «Күміс көмей» ән байқауы бастала салысымен, отыз жылдан бері халық саны аз болған соң көрілім жағынан артты қалып келе жатқан қазақ телеарнасы бүкіл Шыңжаң бойынша рейтингіде бірінші орынға бір-ақ шықты.
Бұл негізінен қазақша ән байқауы ғой, арасында аздаған қытайша, итальян әндер айтылғаны болмаса. Ең қызығы, сол ән байқауы өткенде бұны тек қазақтар ғана емес, қытай, ұйғыр, дүңген секілді басқа ұлттарда жабылып қарайды екен. Бұл шындық. Жобамыз Қытайдың телевизия тарихындағы рекорд жаңартты. Кейіннен қытайлар мен ұйғырлар тура осы жобаның үлгісі бойынша ән байқауын өткізе бастады…
– Сонымен Қазақстанға екінші рет қашан қайтып келдіңіз?
– Сол жобада төрт жылға келісімшартқа отырғанбыз. Келісімшарт аяқталған күннің ертесінде Қазақстанға ұшып кеттім. 2016 жылдың соңғы айлары болатын. Келген соң бірден азаматтыққа тапсырып, Қазақстан Республикасының азаматы деген мәртебелі атаққа ие болдым…
– Сіздің көптеген тыңдармандарыңызбен кездескенімде «Отанбек Еңсеханұлы неге үлкен сахнаға шықпай жүр» деп жатады. Осы сұраққа жауап берсеңіз…
– Мен бір мысал айтайын, баяғыда Астана қаласы (қазіргі Нұр-Сұлтан) әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясында жұмыс істеп жүрген үш жыл уақыттың ішінде екі-ақ рет ғана сахнаға шығып ән айтыппын. Бірі ауылда, енді бірі елордадағы Дәулет спорт сарайында. Ал соңғы келгеннен бері әртүрлі себептермен үлкен сахнаға шықпадым.
Көптеген концерттерге шақырды. Барсам жоқты сылтау етіп сахнаға шығармай қойды. Бұл бір емес төрт, бес рет қайталанды. Тіпті, Елбасының алдында ән айтасың деп те шақырып алып, сахнаның арт жағында 3-4 сағат отырғызып, шығармай қойды… Сосын жас болса алпысқа таяп қалғанда өз қазағыммен жағаласып қайтемін деп сахнаға шықпай кеттім. Қазір өнер орталығын ашып, балалар тәрбиелейін деген жоспарлармен жүріп жатқан жайым бар. Ол орталығымыз жақын күндері ашылады деп жоспарлап отырмыз.
– Сұхбатыңызға рақмет!