Қырым мүфтиі Эмирали Абылаев жергілікті Мәдениет министрлігіне Бақшасарайдағы қабырғалары жарыла бастаған Хан сарайын сақтап қалу үшін білікті мамандарды тартуға өтініш жасады.
“Хан сарайы кешені – қырым татарларының әлемдегі жалғыз сарайлық сәулет нысаны және оны сақтау біздің ортақ міндетіміз. Біз жақын арада Қырымның Мәдениет министрлігіне бүгінгі таңда қорықтың әкімшілік ғимараты ретінде пайдаланылып келе жатқан сарайдың корпусын сақтау бойынша қажетті барлық шараларды тез арада қабылдау үшін өтініш жібереміз”, – деді мүфти.
Сарайдың қабырғаларында пайда болған жарықтар бұған дейін әлеуметтік желілерде таралған еді. Суреттерге қарасақ, бұл сызаттар айналасында жерді қазу жұмыстары жүріп жатқан ғимараттың бұрышында пайда болған.
“Бұл ғимарат реставрациядан өтетіндер қатарында тұр. Қабырғасының шытынау себебі – оның астында іргетасы жоқ, сол себепті топырақ қозғалған болуы керек”, – дейді мәдени саладағы нысандарды дамыту жөніндегі республикалық дирекцияның басшысы Илья Алымчев.